ШҚО-дағы Глубочанка өзені тағы да елдімекенге қауіп төндірді

2035

Жыл сайын көктемде ашуға мінетін Глубочанка өзенінің биыл жазда мінез көрсетуін төтенше жағдай қызметі соңғы күндері толассыз жауған жаңбырдан көріп отыр. 

ШҚО-дағы Глубочанка өзені тағы да елдімекенге қауіп төндірді

Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданында атышулы Глубочанка өзені арнасынан асып, 10 аула мен 4 үйге кірген. Еске салсақ, аталмыш өзен 2018 жылдың көктемінде бірнеше елді мекенді басып қалған болатын. 

Жыл сайын көктемде ашуға мінетін Глубочанка өзенінің биыл жазда мінез көрсетуін төтенше жағдай қызметі соңғы күндері толассыз жауған жаңбырдан көріп отыр. Синоптиктердің айтуынша, кешегі бір күннің өзінде Шығыс Қазақстанға бір айлық жауын-шашынның 23%-ы түскен. Жылдың бұл мезгілінде айлық мөлшер 43 мм. екенін ескерсек, кей жерлерде бір күн ішіне жауын көлемі 10 мм-ге жеткен. Толассыз жаңбырдан Глубочанка өзені арнасына сыймай, салдарынан жағалауға жақын 10 аула мен 4 үйге су кірген.

"Өзен арнасы жылдар бойы аршылмаған. Су жолы ағаш пен бұтаға толып, арнаның табаны таяздап кеткен. Төтенше жағдай қызметі жергілікті әкімдікке өзен арнасын аршу керектігі туралы талай рет ескерткен болатын. Сол ескертуге құлақ асқанда бүгінгідей жағдай болмас еді", - делінген  төтенше жағдай департаментінің баспасөз ақпаратында.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, қазір су арнасына түскен. Ал жергілікті әкімдік өкілдері мен төтенше жағдай қызметі су алған аула мен үйлерді сорғытып жатыр.

Синоптиктер өңірде жауын-шашын әлі де сақталатынын ескертіп отыр. Мұның соңы өзге де өзендердің арнасынан шығуына себеп болып, таулы жерлерде сел жүруі мүмкін.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу