ШҚО тұрғыны сібір жарасы күдігімен ауруханаға түсті

60 жастағы науқасқа білезіктегі жұқпалы жара диагнозы қойылған.

ШҚО тұрғыны сібір жарасы күдігімен ауруханаға түсті

Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданына қарасты Кіші Нарын ауылының тұрғыны сібір жарасын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға түскен. Былтыр дәл осы ауылда бір адам аталмыш індеттен көз жұмған болатын.

"Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады" деп бекер айтпаса керек. Былтыр ғана аталмыш ауылда қарасанмен ауырған тайыншадан вирус жұқтырған бір тұрғын көз жұмған болатын. Ол кезде кешенді тексеру жүргізіліп, індет ошағы 1972 жылы көмілген қорымнан шықты деген ресми ақпарат берілген. Аталмыш ошақ түгел залалсыздандырылғаны да мәлім етілген болатын. Бүгінгі жағдай сонда айтылған ақпараттардың растығына күмән тудырып отыр. Сол күдікті сейілту үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қоғамдық денсаулық сақтау департаменті аталмыш оқиға туралы тағы да ресми ақпарат берді.

"60 жастағы тұрғын қазір Катонқарағай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде жатыр. Қазіргі диагнозы – білезіктегі жұқпалы жара. Науқас малмен қатынаста болғандықтан, сібір жарасын анықтау үшін сынамалар алынып, аса қауіпті аурулар зертханасына жіберілді. Науқасты емдеудің жолдарын пысықтау үшін облыс орталығынан инфекция және эпидемиология мамандары жіберілді. Дәрігерлердің консилиумы бойынша "Сібір жарасының терідегі формасы" деген алдын ала диагноз қойылып отыр.  Дегенмен, тереңдетілген зерттеулер жүріп жатыр. Соның нәтижесі бойынша толық ақпарат белгілі болады", – делінген департаменттің ресми ақпаратында.

Науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған 3 адамның денсаулығы әзірге қалыпты. Олар да медициналық бақылауға алынған. Ауыл ішінде жүргізген сауалнама ешбір үйде малдың ауырып өлу фактісін анықтамаған.

Қазір оқиға орнына тиісті мамандар жетіп, сібір жарасының алдын алу бойынша  халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу