ШОБ-тың 70%-ында отағасы – президент, әйелі мен баласы – премьер, я қаржы министрі.

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2580

Қазақтардың "қаржы сыртқа кетпесін" деген менталитеті ШОБ-тың тұралап қалуына "үлес" қосып жатыр.  

ШОБ-тың 70%-ында отағасы – президент, әйелі мен баласы – премьер, я қаржы министрі.

Кәсіпкер Қарлығаш Исамединова "Даму" қорының кепілдігін алу үшін біраз есіктің есігін тоздырғанын айтады. Әрекетінен түк шықпаған соң, қолын бір-ақ сілтеп, Алматыдағы базарлардың біріне саудаға кетіпті.

"Банктер мен "Даму" қоры үкімет бөліп отырған арзан несиенің өзіне жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде сұрайды. Екі институт та бизнесті қаржыландыруды емес, алдымен өздерінің мүдделерін көздейді. Алматы мен Астананың базарларындағы саудагерлер жетіскеннен жүрген жоқ. Уақыт өткен сайын сауданың мәні кетіп барады. Жұрт интернет-саудаға ойысуда. Бәрі жеке кәсібін ашқысы келеді. Бірақ "Даму" қорының ұсынған шарттары екінің біріне қолжетімді емес. Олар ең алдымен кепілзат талап етеді. Алматы тәрізді ірі мегаполиске жаңадан келіп, кәсібін бастағасы келетіндерде ондай кепілзат жоқ", – дейді Алматыда "Кәсіпкерлікті қаржыландыру: ШОБ өсу үшін қаржыны қайдан алады?" деген тақырыппен өткен жиынға қатысқан кәсіпкер.

Кәсіпкердің пайымдауынша, Алматы мен Астанадағы нарық көзі өзге аймақтармен салыстырғанда кең. Мұнда ақша айналымы да, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да өзге аймақтармен салыстырғанда жоғары.

"Сондықтан, ірі қалаларда басталған кәсіп тез аяқтан тұрып кетеді деп ойлайды", – дейді кәсіпкер.

"Даму" қорының өкілі Дәулет Әбілқайыров соңғы бес жылда қаржы институттары несие беру барысын оңтайландырудың барлық тетіктерін іске қосқанын, күні бүгінге дейін 4500 кәсіпкердің несие алуына кепілдік бергенін айтып, несие алуға үміткердің ең алдымен бизнес-жоспарының стратегиялық жағына көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

Одан кейін сөз алған "Нұрбанктің" өкілі Ельдар Сәрсенов Қазақстан шағын бизнесті қаржыландыру жағынан ТМД елдері арасында көш басында тұрғанын айтып қалу үшін сөз сұрады. Оның пайымдауынша, мемлекеттің бизнесті қолдауы экономиканы дамыту үшін керек. Банк өкілінің айтуынша, соңғы 5 жылда несие берудің талаптарына тек бір-ақ өзгеріс енгізіпті. Себебі бизнеске арналған несиені үй құрылысына жұмсап немесе қымбат көлік сатып алу үшін пайдаланған жәйттер көбейіп кеткен. Сондықтан, оның мақсатқа сай жұмсалғанын банк бақылауы керек. Айтуынша, еліміз бизнесті қолдау жағынан Скандинав елдері, АҚШ, Сингапур және Еуропаның батыс және шығыс елдері деңгейінде тұр. Ал бизнестің мұны пайдалануы үшін бизнес менеджментінің деңгейін көтеру керек.

2021 жылдан бастап Қазақстанда тіркелген ШОБ та, ірі бизнес те ДСҰ жағдайында өмір сүреді. Бірақ ШОБ-тың бәрі бірдей ДСҰ заңымен дербес өмір сүруге дайын емес. "Мемлекет қарасады" деген масылдық пиғыл әлі басым.

"Бизнес, ШОБ және қаржы институттары арасындағы байланысты жетілдіру керек. Заң жағынан шектеу жоқ. Бизнес менежментінің деңгейі туралы айтар әңгіме жетерлік. Бизнесті алыпсатарлық немесе пайда көзі деп қарайтын көзқарастің дәуірі өткелі қашан. Бұл біздің елде бизнес-элитаны ШОБ өкілдері қатарынан толықтыруға тежеу болып жатыр", – деп атап өтті Ельдар Сәрсенов.

Ельдар Сәрсенов мемлекет бизнесті қолдамайынша экономика алға баспайтынын да тілге тиек етті. Экономикадағы бизнес алыптарының үлесі соншалықты көп емес. Және ірі компаниялардың мемлекеттік сипаты да кемшін. Басым көпшілігі трансұлттық сипатқа ауысып, инвестициялық ахуалы бізден гөрі тәуірлеу аймақтарға қаржы салуға ықылас танытып жүр.

"Сол себепті Қазақстанда бизнесін бастап, бизнестің алпауыттарына айналған бизнес-элитаның бәрі бірдей экономиканың көшін бастайды деп үміттене алмаймыз. Қазір ішкі жалпы өнімнің үлесінде салық төлеп, жұмыс орындарын ашып, өзін де, өзгелерді де асырап жүрген ШОБ-тың үлесі басым әзірге. Қазір ірі бизнес мемлекеттің қолдауына аса зәру емес. ДСҰ алдында алапат дауылдың жолында тұрған –шағын және орта бизнес. Біз ШОБ-тың көмегімен экономикалық реформаларды жүзеге асырамыз. Мемлекеттің ШОБ-ты қолдауы арқылы бұл процесті жылдамдатуға болады", – деп сөзін түйіндеді Ельдар Сәрсенов.

Ельдар Сәрсенов реті келіп тұрғанда "банктер кепіл болмаса, несие бермейді" деген пікірдің шындыққа сәйкес емес екенін айтты. Банктердің бизнес-жоспарға сеніп, кепілсіз 100 млн теңгеге дейін несие берген кездері болған. Бірақ, кәсіпкер несиені төлеу мерзімін кешіктірсе немесе мүлдем төлемей қойса, қаржыландыру қоры немес ҰБ банкті қыспаққа алып, "айыппұл төле" деп қыспаққа алады екен.

"Төленбей-өтелмей қалған несиені банк төлейді. Бұдан бөлек айыппұлға төленетін қаржы банктің табысы есебінен қайтарылады. "Даму" қоры немесе ҰБ несиенің тәуекелін банкпен бірге бөлісуі керек. ҰБ немесе бизнесті қаржыландыратын институттар туралы заңға өзгерістер енгізіп, төленбей қалған несиенің тәуекелін ҰБ, "Даму" қоры және банк бірлесіп көтеруді заңдастыратын кез келді", – дейді Ельдар Сәрсенов

Осы ретте Дәулет Әбілқайыров кәсіпкерлердің несиесін мақсатқа сай қолданбауы банктің абыройына нұқсан келтіретінін нақты деректермен келтіріп, заң талаптарына назар аудару қажеттігін айтты.

"Даму" қоры тәрізді қаржылық институттардың алдында өз міндеті бар. Банктер мен "Даму" қоры арасындағы келісімшартта банк міндеттемесін орындамаса, несиенің 15% мөлшерінде айыппұл төлейді. Кәсіпкер несие алған күннен бастап 9 айдың ішінде несиені игермесе, мұның зардабы банктің жауапкершілігіне жүктеледі. Банк 9 айдың ішінде "Даму" қорына қайтарып бермесе, блэк тізім, қара тізімге түсіп қалады", – дейді Дәулет Әбілқайыров.

"Қазақстан ТМД елдері арасында ШОБ-ты қаржыландырудың көш басында тұрса, ШОБ-тың жабылуы неге жиілеп кетті?" деген сауалымызды "Даму" қоры мен банк өкілдері жауапсыз қалды.

Қазақстанның стататистика агенттігі келтірген деректер 2017-2018 жылдары ШОБ-тың белсенділігінің төмендеп кеткенін айтады. Себебі бизнес кемесінің капитаны болып танылып қалған ірі компаниялардың құрылтайшылары, басқарушы-арт директоры және өте сауатты менеджменті бар. Ал ШОБ-та бар болғаны 3-4 адам жұмыс атқарады. Қазақтардың "қаржы сыртқа кетпесін" деген менталитеті ШОБ-тың тұралап қалуына "зор үлес қосып жатыр". ШОБ-тың 70 пайызында отағасы – президент, әйелі немесе баласы премьер немесе қаржы министрі. Сауатты менеджменттің біліктілігі немесе білімі – екінші кезекте. Бұл фактор, қаржыгер Алмас Байтасовтың пікірінше, ШОБ өкілдерінің мемлекет тарапынан беріліп жатқан арзан несие жүйесінен өз үлесін алуға кедіргісін келтіреді. Кәсіпкер несие алу туралы өтініш бергенде, оның қаржылық есебі, бизнес-жоспары немесе маркетингтік жоспары шала-шарпы құрастырылады. Тіпті кейде оның бағыты стратегиялық-маркетингтік мақсат емес, қазақтың құрақ көрпесіне көбірек ұқсап кетеді екен. Ал банктер үшін бизнес жоспардың сауаттылығы мен айқындылығы бірінші кезекте.

"ШОБ-қа "Даму" қоры банктер арқылы бір-ақ рет қолдау көрсетеді. Егер бизнесі алға жүріп, қосымша қаржыландыруды талап етсе, ШОБ-тың рейтингіне немесе табыстылығына қарап, қосымша қаржыландыру қарастырылуы мүмкін. Бірақ бірінші кезеңдегі бизнес-жоспардың нәтижесіне назарға алынады", – дейді қаржыгер Алмас Байтасов.

Дәл қазір Алматыда тіркеуде тұрған 100 мың ШОБ-тың 23 мыңына жабылып қалу қаупі төніп тұр. 2015 жылдан бері ШОБ-тың жабылуы, жұмысын тоқтатуы 2,5 есеге өсіп кетіпті. Алматы қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Виктор Ямбаев "қазір елдегі ШОБ-тардың бәрі іріленіп кетті" деп қуануға әлі ерте екенін айтады. Оның пайымдауынша біздің елде бизнес капитандары тағайындалады немесе солай болып дүниеге келеді.

"Үкімет қабырғасында ШОБ-тың мобильділігі туралы пікірлер тек есеп беру үшін айтылады. ШОБ-тың жабылуы немесе банкротқа ұшырау тәуекелі ірі бизнес өкілдеріне қарағанда жоғары. Тіпті заңға дұрыс енгізілмеген өзгерістердің кері әсері алдымен ШОБ-қа тиеді. Ірі бизнестің менеджменті – оның қалқаны. Ал ШОБ-та ондай мүмкіндік жоқ, ШОБ-тың еңсесін көтермей тұрған, қаржы институттарының есігін ашқызбай тұрған фактор осы", – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Виктор Ямбаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу