Шөлдеген қазақ жерін қалай суарамыз?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3198

Үкіметтен романтика емес, практика талап етіледі.

Шөлдеген қазақ жерін қалай суарамыз?

Үкіметтегілер "Елбасы тапсырмасын қалай іске асырамыз?" деп бас қатырып отыр. Биыл 1 шілдеде өткен индустрияландырудың 2016 жылдың І жартысындағы қорытындысына арналған кеңесте Мемлекет басшысы кем дегенде 600 мың га суармалы жерді айналымға қосу туралы міндет жүктеген. Алайда, 8 желтоқсан күні, орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бұған бюджетте қаржы жоқтығын мәлімдеді.

Кеңес заманында, тіпті, суармалы жерлерді игерудің өзі романтикаға айналдырылғаны белгілі. Басқаны айтпағанда, қазақ кинематографиясының алтын қорына енген, Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Кененбай Қожабеков секілді қазақ өнерінің хас шеберлері әрін келтірген, режиссер Шәріп Бейсембаевтың "Гауһартас" киносын (1975 ж.) алсақ та жеткілікті. Танымалдылығы жөнінен жұртшылық арасында "Қыз Жібек" фильмінен кейінгі екінші тұғырды иеленген бұл туындыда шалғайдағы жайлауда құдықтан суарып, мал өсіретін шопан Тастан секілді шаруа адамының өмірі бейнеленеді.

Бір қарағанда, қарабайыр сюжет болғанымен, режиссер мен атақты актерлердің керемет дарын-шеберлігі, сондай-ақ, әнші Сажида Ахметованың көрермен қауымның құлағынан кетпей қойған кербез даусымен орындалған "Гауһартас" және "Салтанаттың әнімен" музыкалық безендіру көрерменге көл-көсір әсер береді.

Бұл да керек, әрине, бірақ, дәл қазір Сағынтаев Үкіметінен романтикалық емес, тәжірибелік-практикалық нақты жұмыс күтіледі.

"Ауыл шаруашылығында ирригацияның кешенді жүйесін және жерлерімізді суландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуіміз керек, біз оған әлі күнге жете алмай келеміз. Алдағы бес жыл ішінде 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға енгізе аламыз. Кеңес уақытында бізде мыңдаған құдық тұратын. Әр құдықтың қасында мыңдаған мал жайылатын. Біздің жайылымдар таза экологиялық өнім өндіріп, әлемге ет пен сүт жеткізуге мүмкіндік береді", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал осыған жауапты шенеуніктер не дейді? Бұл президенттің тапсырмасы жаңа жыл мерекесінен кейін өмірге жолдама алады деп күтіліп отырған, әзірге тек жоба күйінде талқыға тартылып жатқан "Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында" бекітілмек.

"Алдағы 5 жылда 610 мың га аумақтағы тұрақты суарылатын жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, бұл көлем өңірлер арасында былайша бөлінеді: Алматы облысында – 127 мың, ОҚО-да – 99 мың, ШҚО-да – 92 мың, Жамбыл облысында – 86 мың, БҚО-да – 40 мың, Павлодар облысында – 30 мың, Ақтөбе облысында – 29 мың, Қызылорда облысында – 29 мың, Қарағанды облысында – 28 мың, СҚО-да – 28 мың, ал Атырау облысында – 22 мың га", – деп мәлімдеді журналистерге ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы аумағы 368 мың га "көлдетіп суарылатын жерді" қалпына келтіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 163 мың га – Батыс Қазақстан облысына, 56 мың га – Шығыс Қазақстан облысына, 44 мың га – Ақмола облысына, 41 мың га – Ақтөбе облысына, 36 мың га – Атырау облысына, 24 мың га – Павлодар облысына және 4 мың гектары Қарағанды облысына тиесілі.

Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ескірген коллекторлы-дренажды желілерді қалпына келтіру жоспарда бар. Олардың жалпы ұзындығы 13,2 мың шақырым. Мұның сыртында вертикалды-дренажды 955 ұңғыма да қалпына келтірілуі тиіс.

Әрине, мұның бәрі жоспар ғана. Ал ол қағаз жүзінде ғана қалып қоймауы үшін не керек? Оны журналистер біледі: "Ақшаны қайдан аласыздар?".

"Біздің есебіміз бойынша, 610 мың га бұрынғы суармалы жерді қайта суландыра бастау үшін 277 млрд 709 млн теңге керек. Сондай-ақ кеңес кезінен бері істен шыққан коллекторлы-дренажды жүйелерді қалпына келтіру үшін, жалпы алғанда, 39 млрд теңге жұмсалуы тиіс", – дейді Ислам Әбішев.

"Ақшаны қайдан аласыздар?" деп шүйліге түсті ақпарат құралдарының өкілдері. Ислам Әбішев әлгі 39 млрд теңгенің 32 миллиардын Ислам даму банкі қарызға бергелі отырғанын жеткізді.

"Қалған керекті қаржыны Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі қарызға береді. ИДБ мен ЕҚДБ-дан қаражат – екі траншпен, АДБ-дан бір траншпен бөлінеді", – дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, кейін бұл халықаралық банктердің қарызы сол қалпына келтірілген суландыру жүйесінен шығатын судың тарифі есебінен қайтарылады.

Ислам Әбішев тағы бір жаңалығын жеткізді: Қазақстанда жаңа суқоймалары, басқаша айтқанда, жаңа көлдер пайда болады.

"Бұл – алғашқы бастамалар. Бірақ, суармалы жердегі каналдарды қалпына келтірумен шектелмейміз. Өйткені, сол арналармен су ағуы үшін суқоймасы болуы қажет. Бізде көктемде қар ериді де, су мол болады. Біз оларды сақтап қалып, жаз айларында пайдалануға тиіспіз. Біздің "Қазсушар" РМК балансында 78 суқоймасы бар. Оның 52-сі стратегиялық маңызды объект саналады. Біз болашақта сумен қамтамасыз ету мақсатында 22 жаңа суқоймасын салмақшымыз. Олардың жобалық жалпы құны 57 млрд теңге болмақ. Осы суқоймаларының арқасында 1,9 млрд текше метр суға қол жеткіземіз", – дейді су ресурстары комитетінің басшысы.

Бұдан бөлек, 42 суқоймасында күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарланды. Бұл жұмыстар биыл басталып кетіпті. Ислам Әбішев дәл осы екі шара – жаңа суқоймаларын салу және қолданыстағысын жөндеу ел бюджетінен қаржыландырылатынын айтты. "Өйткені, олардың шығыстарын тариф арқылы қайтару мүмкін емес", – дейді ол.

Расында, егер онсыз да бүйірі қабысқан бюджеттің қаржысына қарап отырса, іс өнбеуі ықтимал. Осы орайда БҰҰ даму бағдарламасы мен Еуропалық одақ қазақ еліне көмек қолын созғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Еуроодақ, БҰҰ даму бағдарламасы және БҰҰ еуропалық экономикалық комиссиясының бірлескен жобасының гранттық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында әлемдегі "жасыл" технологиялар мен тәжірибелерді жергілікті деңгейде қолдана отырып, су көздерін қалпына келтіретін жобаларға қаражат бөлінеді. Жобаның гранттық бағдарламасы 750 000 доллар. Іске асыру мерзімдері – 2015-2017 жылдар.

"Бағдарламаның мақсаты – жергілікті жұртшылықты өз жерін гүлдендіруге бағытталған осы ізгілікті процеске тарту, су қорларын тұрақты қолдану жөніндегі тиімді тәсілдерді, әдістемелерді және технологияларды енгізуге бағытталған жергілікті көрнекті жобалардың портфелін қалыптастыру және іске асыру. Гранттық бағдарлама конкурсының нәтижелері бойынша Қазақстанның 8 облысында 14 жоба жүзеге асырылып жатыр", – дейді ABCTV порталына берген сұхбатында Гүлжамал Исаева.

Осындай жобалардың бірінің авторы, Қарағанды облысы Шет ауданының шаруа қожалықтары қауымдастығының президенті Тілеуқабыл Есембекұлы өз өлкесіндегі бұлақтарды қалпына келтіріп, бұл табиғи байлықты қамқорлыққа алыпты. Айтқандай, ол өңірдегі он бұлақты қалпына келтіру жобасын ұсынып, Еуропалық Одақ грантына қол жеткізген екен.

Тілеуқабыл Есембекұлы Қарағанды облысының Шет ауданы шөлейт аймақтарға жататынын айтады:

"Бұл – ауыл шаруашылығын дамытуда қолбайлау. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарысты кезең бұл салаға да қолтаңбасын салмай кетпеді ғой, көздерін шөп-шалам басып, мал таптауы кесірінен өңірдегі бұлақтардың көбі не шалшыққа айналды, не мүлдем бітеліп қалды. Менің балалық шағымда ауданымызда "Жанқұтты би бұлағы" болатын. Ол бірнеше елді мекенді басып өтіп, Шерубай-Нұра өзеніне құятын. Кейін ол лайлы көлшікке айналып, адам тұтынуға жарамай қалды", – дейді ол.

ЕО гранты бөлінген соң, Тілеуқабыл тіршілік нәрін әрі қарай төрт түлік тапап, лайлап тастамас үшін алғашқы үш ірі бұлақтың айналасын темір шарбақпен қоршап шығады. Содан кейін бұлақтарды тазалап, қайнар көздерін ашады. Үстін бетон плитамен жабады, Жерасты кәусарына жаңбыр суы араласпауы үшін "сәукелелі" шатыр тұрғызыпты.

Тек жазда ғана емес, тұрғындар қыста да су алуы үшін тиісті орындар да жасалған. Ал мал суаруға жеке қанаты жасақталыпты: бұлақтың екі жағы жырылып, арық қазылған. Мал содан ішеді, бұлақ басына баспайды. Қосымша, "Жанқұтты би" бұлағына апарар 150 метр ескі жолды қайта жөндеген.

"Бұрын бұл бұлақтар ауыз су үшін пайдаланылмайтын еді: лайлы, әрі күлімсі иісі де бар-тын. Бүгінде айналадағы барлық ауылдан адамдар ағылып, жол бойынан көліктер қайырылып, су алып жатады, қашан көрсең, адамдар кезекте тұрады. Бұлақтардың ағу қарқыны жақсы, секундына 8 литрден су ағады. Ол су өте тұщы, пайдалы, сапалы. Ал бұлақтардан әрі қарай аққан суды жануарлар ішеді", – дейді Тілеуқабыл Есембекұлы.

Ол енді қалған 7 бұлақты тазартуға, қалпына келтіруге және тиісті қорғаныш құрылыстарын тұрғызуға кіріспек. Бұл жобаға жалпы 40 мың долларға дейін грант бөлінген.

БҰҰ мен Еуроодақ осындай жергілікті жобаларды үкіметтің қолдауымен бүкіл Қазақстанға таратпақ ниетте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу