Шолпан Қадырова оқу жылының қорытындысын мәлім етті

6512

Білім алуға құжаттар қабылдау eGov арқылы жүзеге асады. 

Шолпан Қадырова оқу жылының қорытындысын мәлім етті

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова биыл балаларды 1 сыныпқа қабылдау ережелерімен таныстыра отырып, оқу жылы аяқталғаннан кейін мектеп бітіруге қатысты қандай іс-шаралар өтетіні, ҰБТ мерзімі, колледжге оқуға түсу ерекшелігі, жаңадан педагог мәртебесін алған мамандарды аттестациялау туралы және басқа мәліметтерді жариялады.

"25 мамыр күні сағат 11:00-де барлық мектепте мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің және мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді телеарналар арқылы құттықтайды. 3 маусым күні 11 сынып түлектері үшін аттестаттар және "Алтын белгі" тапсыру рәсімі өтеді. Бұл іс-шара мектеп аумағында ашық аспан аясында ұйымдастырылады. Іс-шараға мектеп формасымен келу қатаң түрде талап етіледі. Салтанатты рәсімнен кейін түлектер алеясында ағаш отырғызу жоспарлануда. Мектеп бітіру шараларын өткізу кезінде мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылыққа, мейрамханалар мен кафелерде кештер өткізуге жол бермеу жүктелді", – деп атап айтты елордалық білім басқармасының басшысы.

Шолпан Қадырова биыл түлектердің басым көпшілігі ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргенін мәлім етті.

"Елорда мектептерін 6515 оқушы бітіргелі отыр. Оның ішінде 6199 білім алушы, яғни түлектердің 95%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге өтініш берді. ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілетін болады. Екі блоктан тұратын тестілеу 3 сағат 50 минутқа созылады. Сынақ үш негізгі және екі бейіндік пәннен болады. Түлектер тапсыратын ҰБТ сұрақтарында 11 сыныптың 4 тоқсанындағы бағдарлама кірмейді. Осы орайда түлектер мен ата-аналарды мазалайтын бір сұраққа жауап бере кеткім келеді: ҰБТ сұрақтарында 5-11 сыныпқа дейінгі және 11 сыныптың 1 және 2 тоқсанында өткен тақырыптар ғана қамтылады", – деп түсіндірді білім басқармасының басшысы.

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы балаларды 1 сыныпқа қабылдау және оқушыларды мектептен-мектепке, сыныптан сыныпқа ауысу eGov.kz порталы арқылы жүргізілетінін айтып өтті. Ол үшін электронды үкімет порталына 4 құжат қана жүктеу керек.

"Балаларды 1 сыныпқа қабылдау, мектептен-мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыру қызметі eGov.kz электронды үкіметі порталы арқылы автоматтандырылған. Ата-аналар порталдың білім беру бөлімінде "Орта білім беру" бөлімшесіне кіріп өтініш береді әрі қажетті құжаттарды тіркейді. Құжаттарды тапсыру мерзімі 15 минут. Ата-ананың жеке кабинетіне баланың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы себептері жазылған хабарлама келеді. Бұл қызметті пайдалану үшін ата-ана тек төрт құжат қана тапсырады. Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін, "Бала денсаулығының паспортының" 026/у-3 формасын, 063у денсаулық жағдайы туралы құжатын және 2 дана 3х4 көлеміндегі фотосурет жүктеу керек. Оқуға өтініш берген кезде мектептің қабылдау комиссиясы басқа қосымша құжаттар талап етпеуі тиіс. Ал ерекше қажеттілігі бар балалар үшін порталға қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысының скан көшірмесі заңды өкілдерінің келісімімен электронды түрде ұсынылады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталады", – деген Шолпан Қадырова ата-аналардың өтініші бойынша 17 тамыздан бастап жаңа оқу жылына дайындық мақсатында мектептерде ақысыз негізде жазғы мектеп жұмысын өткізу жоспарланып жатқанын айтты.

Ал елорда колледждері мемлекеттік тапсырыспен 3 602 білім алушыны қабылдамақ. Талапкерлер әлеуметтік мәртебесіне сай жатақханадан орын мен тегін тамақтануға мүмкіндік алады.

"Техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекет жергілікті бюджет есебінен 21 колледжде 3 602 орынға, оның ішінде 9 сынып базасында 2892 орынға, 11 сынып базасында 710 орынға тапсырыс берді. Биылғы жылы мемлекеттік қызметтер реестріне сәйкес колледждерге құжаттар қабылдау автоматтандырылып, eGov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда талапкерлер, ата-аналар немесе заңды өкілдері білімі туралы құжаттың электрондық көшірмесін және фотосуреттерін тіркей отырып, электрондық нысанда өтініш бере алады. Ал ауылдық елді мекендерден басқа қажетті медициналық анықтамалар денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен алынатын болады. Сондай-ақ, құжаттарды портал арқылы тапсыру кезінде талапкердің жатақханадан орын алуға және тегін тамақтануға мүмкіндігі бар, себебі талапкердің ЖСН бойынша әлеуметтік мәртебесі анықталады", – деді басқарма басшысы. 

Шолпан Қадырова жаңадан педагог мәртебесін алған мектепке дейінгі, қосымша білім беру мен техникалық және кәсіптік ұйымдардың ұстаздары биыл аттестатцияның жаңа формасы бойынша алғаш рет тестілеуден өтетінін айтты.

"Мектепке дейінгі, қосымша білім беру мен техникалық және кәсіптік ұйымдардың педагогтары тестілеуден өтеді. Сынақ тапсыру үшін педагог электронды түрде тіркеліп, өту күні мен уақытын таңдайды. Тестілеу сәтті аяқталғаннан кейін қызмет нәтижелері кешенді талдамалық жинақтауға беріледі. Е-портфолио бағдарламасы бойынша сарапшылар тобы қашықтықтан басқару режимінде аттестаттау кезеңіндегі педагогтың жұмыс нәтижелерін бағалай алады. Тестілеуге өтініш беру шамамен 23 мамырынан басталады", – деп сөзін түйіндеді елорданың білім беру саласының басшысы.

Еске сала кетсек, аттестация комиссиясының оң қорытындысы шыққаннан кейін педагогтердің жалақысына 30-50% үстемеақы қосылады.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу