Шонжыдағы құны 1 млрд теңгеден асатын спорттық кешеннің қирауына кім кінәлі?

Алматы облысының әкімі Нұр-Сұлтандағы брифингте бұл мәселеге арнайы тоқталды.

Шонжыдағы құны 1 млрд теңгеден асатын спорттық кешеннің қирауына кім кінәлі?

Сөзін әр аудан орталығында спорттық кешендер салынады деп бастаған Амандық Баталов Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында шатыры жартылай опырылып кеткен спорттық кешенге тоқталды. Өңір басшысы көп созбай бірден құзырлы орган берген қорытынды баяндады. 

"Ол жерде мердігер кінәлі. Біз онда комиссия жібердік. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты мамандары өз қорытындысын шығарды. Яғни мердігер жобалық шешім қабылдау кезінде қателік жіберген. Олар метал құрылымын төмен орнатқан. Соның нәтижесінде кешеннің бір блогында шатыр опырылып кеткен. Оның құрылыс сатысында құлағаны дұрыс болған", – деді өңір басшысы. 

Республика бойынша су, газ, құрылыс қарқыны бойынша алдыңғы қатарда дамып келе жатқан облыс атына мұндай жағдайлар сын келтірері анық. Сондықтан әкім мердігерге барлық шығынды мойнына алып, уақытында нысанды тапсыру туралы тапсырма жүктеген. 

"Нысан белгіленген уақытында тапсырылмаған жағдайда айыппұл салынады. Кейін бұдан былай осындай мердігерлердің мүлдем жұмыс істемеуі жөнінде мәселе көтереміз. Мұндай жағдай орын алмауы, авторлық бақылау болуы керек", – деді Амандық Ғаббасұлы. 

Шонжы ауылындағы нысанның құрылысы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында басталған. Спорттық кешенді салу құқығын мемлекеттік сатып алу бойынша Түркістан облысының Сарыағаш ауылындағы "Лидер НК" атты мердігер ұтып алған. Ал жобалаушы Жезқазған қаласынан келген.

Қирап қалған шатыр үшін жүктелген шығын көлемі шамамен 70-75 млн теңге. Жоспар бойынша спорттық кешен 2021 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 171 млн теңге болатын. 

Еске сала кетсек, бюджет қаражатына бой көтеруі тиіс ғимараттың шатыры бітпей жатып қирап қалғаны туралы ақпарат 22 қыркүйекте тараған. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу