Шри-Ланка туризмді өркендету үшін әлемнің 35 елінің азаматтарына визаны тегін бермек

807

Сол мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шри-Ланка туризмді өркендету үшін әлемнің 35 елінің азаматтарына визаны тегін бермек Фото: АР

Шри-Ланка министрлер кабинеті 35 елден, соның ішінде Қазақстаннан, Қытайдан, Үндістаннан және Ресейден келушілерге тегін туристік визалар беру мәселесін мақұлдады. Мұны оңтүстіказиялық мемлекеттің жоғары лауазымды шенеунігі бейсенбіде хабарлады. Айтуынша, визалық жеңілдіктер режимін кеңейту туризмді дамытуға және дағдарыстан зардап шеккен экономиканы қалпына келтіруге көмектесу үшін қажет болып отыр.

Министрлер кабинетінің өкілі және Көлік министрі Бандула Гунавардананың мәлімдеуінше, 1 қазаннан басталатын 6-айлық пилоттық бағдарлама бойынша туристерге 30 күндік визалар ақысыз беріледі.

"Үкіметтің мақсаты - тез дамып келе жатқан туризм индустриясының артықшылықтарын пайдалану үшін Шри-Ланканы Сингапур, Таиланд және Вьетнам сияқты еркін визалық елге айналдыру", - дейді Гунавардана министрлер кабинетінің апта сайынғы брифингінде журналистерге берген түсініктемесінде.

Жаңа тізімге Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Нидерланды, Бельгия, Испания, Австралия, Дания, Польша, Қазақстан, Сауд Арабиясы, БАӘ, Непал, Индонезия, Ресей, Таиланд, Малайзия, Жапония және Франция кірген.

Жағажайларымен, ежелгі храмдарымен және хош иісті шайымен танымал 22 миллион халқы бар Шри-Ланканың туризм индустриясы алдымен COVID-19 пандемиясынан, содан кейін 2022 жылы жаппай наразылықтар мен жанармай тәрізді ең қажетті заттар тапшылығына алып келген ауыр қаржылық дағдарыстан қатты зардап шекті. 
Бірақ Шри-Ланканың туризм индустриясы өткен жылы ес жиып, 2019 жылдан бері алғаш рет 2 миллионға жуық келушіні қабылдап, өзгерістердің пайдасын көре бастаған.

Аралдық мемлекет биылғы жылды 2,3 миллион келушімен аяқтауға үміттеніп отыр.

Шри-Ланка Даму Агенттігінің соңғы мәліметтері бойынша, Үндістан 246 922 турисімен саяхатшылық саласы үшін ең үлкен табыс көзі саналады, ал одан кейінгі орында Ұлыбритания 123 992 адаммен тұр.

Елдің орталық банкінің дерегіне сүйенсек, Шри-Ланка 2024 жылдың алғашқы алты айында туризмнен 1,5 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл - өткен жылдың осы кезеңіндегі кірістен 875 миллион долларға жоғары көрсеткіш.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу