Штаттан тыс жұмыс істейтіндер "7-20-25" бағдарламасына қатыса алады

13693

Бағдарламаға ықтимал қатысушылардың ресми табысы мен тұрақты зейнетақы аударымы болу керек.

Штаттан тыс жұмыс істейтіндер "7-20-25" бағдарламасына қатыса алады

Шататтан тыс азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істеп, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген қазақстандықтардың "7-20-25" ипотекалық бағдарламасына қатысуына шектеу қойылмайды. Аbctv.kz нақтылағандай, "Баспана" ипотекалық ұйымының сыртқы коммуникациялар басшысының орынбасары Айбар Олжаев аталған категорияның өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендері төлемқабілеттілігі критерийлеріне сәйкес келіп, зейнетақы қорына үнемі аударым жасау керектігін, сондай-ақ несие тарихы жақсы болуға тиіс екенін айтты.

"Жалпы бағдарлама ештеңеге шектеу қоймайды. "7-20-25" бағдарламасында ресми табыстың болуы керектігі туралы міндетті талап бар. Егер бағдарламаға қатысқысы келетін адамның зейнетақы аударымдарымен нақтыланатын ресми табысы болса, онда ол бағдарламаға қатыса алады", – деп түсіндірді Айбар Олжаев.

Бұл ретте "7-20-25" бағдарламасына қатысушы-банктер төлемқабілетті өздігінен анықтайды. Әр қаржы мекемесі өзінің тәуекелді басқару саясатын басшылыққа алады.

"Бірақ олардың ықтимал қарыз алушының төлемқабілетін тексеретін базалық тәсілі бірдей. Яғни олар (қатысушы-банктер) ай сайынғы зейнетақы аударымдарына қарайды. Егер қарыз алушыда зейнетақы аударымдары бар болса, онда оның қандай сипатта жұмыс істеп жүргені маңызды емес", – деп толықтырды "Баспана" ИҰ өкілі.

Бұған дейін abctv.kz "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлер тұрғын үй ала алатынын хабарлаған болатын.

"Бағдарламада жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін шектеу қарастырылмаған, бағдарлама халықтың тұрмысы нашар тобын қоса алғанда олардың әлеуметтік дәрежесіне қарамай, барлық азаматқа қолжетімді болады", – деп Ұлттық банк мәлім етті.

Еске салсақ, Қазақстан президентінің әлеуметтік бастамалардың бірі бойынша берілген тапсырмасы негізінде Ұлттық банктің әзірлеген "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы 2018 жылдың шілдесінде іске қосылған болатын.

Жобада ипотекалық қарызды бастапқы 20 пайыз жарна төлей отырып 25 жылға 7% сыйақы мөлшерімен беру қарастырылған.

Аталған бағдарлама бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға несие рәсімдеуге болады. Ипотекаға алынатын үйдің бағасы Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 25 млн теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 млн теңге.

Бағдарламаның операторы ретінде Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ болып белгіленді.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу