Шуда шу басылмай тұр

11008

Жамбыл облысынан шалғайда орналасқан ауданда соңғы бір аптада үш бірдей қылмыс тіркелді.  

Шуда шу басылмай тұр

Шу қаласының Батыс мөлтек ауданындағы Д.Қонаев көшесінің бойында бірнеше қала тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзып, заңға қайшы әрекеттерге бой алдырған.  

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде қылмыскерлерге қатысты сотқа дейін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. "2020 жылғы 9 қазан күні сағат 00.40-те Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкері кешкі саптық жиыннан кейін қызметтік автокөлігімен үйіне қайтып келе жатқан кезде жолдың жүріс бөлігінде тұрған автокөлікті көрген. Полиция қызметкері көлік жолының жүріс бөлігінде тұрған, жүріс-тұрыстары назар аударарлықтай масаң күйде болған және бір-біріне қатысты агрессивті әрекет еткен үш белгісіз адамды байқаған. Жанжалды реттеуге және заңсыз әрекеттерді, соның ішінде жол-көлік оқиғасының алдын алуға тырысқан полиция қызметкері тоқтап, белгісіз адамдардан бұзақылық әрекеттерін тоқтатуларын және жолдың жүріс бөлігінен ары тұруларын талап еткен. Алайда айтылған ескертуге құлақ аспаған құқық бұзушылардың екеуі өз наразылықтарын білдіріп, қарсы жауап ретінде полиция қызметкерін балағаттап, артынша оған қатысты күш қолдануға тырысқан. Бұзақы адамдардың құқыққа сыйымсыз іс-әрекеттеріне қатысты полиция қызметкері күш қолданып, бұзақылардың бірін ұстады. Екіншісі қызметкердің қызметтік автокөлігімен қашып кетуге тырысты, алайда 10 метр аспай ол көлікті сол маңдағы аялдамаға соққан. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды" – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Шуда аталған оқиғадан кейін арада 3-4 күн өтпей, соңы адам өлімімен аяқталған оқиға орын алды. Қала тұрғындары жасы 24-25 шамасындағы Қосқұдық мөлтекауданының тұрғыны өкпе тұсынан оқ жарақатын алып, түнгі сағат 01.00 шамасында қалалық ауруханаға жеткізілгенін айтады. Өкінішке қарай, жас жігіт ауруханаға жеткенше, көп қан жоғалтып қайтыс болған. Жергілікті тұрғындардың дерегіне сүйенсек, екі азаматтың арасындағы жанжал вокзал маңында басталып, кейін қала сыртында жалғасқан. Екеуара жанжал соңы адам өлімімен аяқталған.   

Ал өткен жексенбі күні Шу ауданына қарасты Тасөткел ауылының маңында Көліктегі полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері арнайы операция өткізіп, заңсыз есірткімен айналысқаны үшін аудандағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлерін құрықтаған. Күдіктілерді қолға түсіру кезінде олар берілуден түбегейлі бас тартып, із суытпақ болған. Басқарма қызметкерлері "Тойота Лэнд Крузер" автокөлігін тоқтатпақ болғанда, ол 32 жасар полиция қызметкерін қағып кеткен. Нәтижесінде, полицейдің екі аяғы мен мойын сүйегі сынып, өзге де жарақаттар алыпты. Күдіктілерді қолға түсіру кезінде құқық қорғау қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болып, ақыры күдіктілердің біреуі жантәсілім етсе, екінші күдікті оқ жарақатын алған. Дегенмен оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Арнайы операция кезінде ізін суытпақ болған автокөліктен 55 келі кептірілген марихуана табылған. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын сату, жөнелту немесе сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, алу, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Қылмыстық іс аяқталып, күдіктілердің кінәсі расталатын болса, олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар 345-баптың 2-бөлігі бойынша (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, денсаулығына зиян келтіруі) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді қаруды қолдану арқылы асыра пайдалану) бойынша тағы бір іс тергелуде.

Шу ауданында бір аптаның ішінде елді елең еткізер үш бірдей қылмыс орын алған. Полицейді соққыға жыққан алғашқы оқиғадан кейін Шу ауданында "Учаске" жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу аясында екі күндік тексеру жүргізілген болатын. Полиция департаментінің мәлімдеуінше, осы аралықта полиция қызметкерлері 900-ге тарта құқық бұзушылықтарды анықтап, әкімшілік хаттамалар толтырылыпты.

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу