Шүменов Астана төрінде әлем чемпионы атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3087

Қазақтан шыққан екі салмақ дәрежесіндегі жалғыз әлем чемпионы WBA тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін қайтарып алды.

Шүменов Астана төрінде әлем чемпионы атанды

"Барыс-Арена" спорт кешенінде бокс кеші аяқталды. Бұл кештегі негізгі жекпе-жекте Бейбіт Шүменов (17-2, 11 KO) түрік тарланы Хизни Алтункайаны (30-1, 17 КО) бауырынан ұрып, "бүктеп" тастады. Сөйтіп, WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл Бейбіттің – кәсіпқой бокс рингіндегі 18-інші жеңісі. Ал тәжірибесі мол Алтункайа екінші рет ұтылып отыр.

Жекпе-жектің бірінші раундында-ақ Бейбіт сол қолымен түрік боксшысының бауырынан ұрып, көзіне көк шыбын үймелетті. Хизни де қайсар екен, есін жиып алып, жекпе-жекті одан әрі жалғастырды. Бірақ Шүменовке лайықты деңгейде қарсылық көрсете алмады. Негізінен, бас сауғалап, ауыр соққы өткізіп алмауды ойлады. Қарсы шабуылдары мен соққылары пәрменді болмады.

Ал Бейбіт асықпады. Жанкүйерлер қиқу салып, қамшылап отырса да, түрік боксшысын қуалай жөнелген жоқ. Тактикалық тұрғыда сауаттылық танытты. Соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отыруға тырысты. Қарсыласын тықсыра түсті. Рингті шыр айнала қашқан Хизниді қара терге түсірді.

Тоғызыншы раундта Хизниді тағы да бұрышқа тығып, соққының астына алған. Шойын жұдырығы тағы да түрік боксшысының бауырына тиген сияқты. Алтункайа табандылық танытып, бұл раундта да шыдағанымен, 10-раундқа шықпады...

Жеңіс! Бейбіт Шүменов отандастарымыздың көз алдында әлем чемпионы атағын қайтарып алды. Ол кәсіпқой бокс рингіндегі соңғы жекпе-жегін осыдан екі жыл бұрын, 2016 жылы 21 мамырда өткізген. Одан кейін көзін жарақаттап алып, чемпиондық атағын қорғай алмай, белбеуінен айырылып қалған. Енді міне, шаршы алаңға қайта оралып, өзінің нағыз чемпион екендігін дәлелдеп отыр.

Бұған дейін жазғанымыздай, Бейбіт – екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған алғашқы отандасымыз. Ол жартылай ауыр салмақта WBA және IBA тұжырымдары бойынша, сондай-ақ WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы атанған болатын. Әрі ешкімнен де қаймықпай, ылғи да өте қарымды боксшылармен кездеседі.

Жалпы, бұл кеште шаршы алаңға бірніше қазақ жігіті шықты. Олардың бәрі де жеңіске жетіп, көрермендерді риза қылды. Бұл жекпе-жектердің бәріне тоқталып өткіміз келмейді. Себебі барлығы дерлік бірінші раунда қарсыластарын тәлтіректетіп, үстемдік танытты. Тек Айдын Елжанов қана ұпай санымен басым түсті. Ал Бобыржан Момыновтың қарсыласы бесінші раундқа дейін ғана төтеп бере алды.

Ибрагим Ескендір (4-0, 4 КО) – Серік Әжібаев (Ресей, 0-2) – 1 TKO

Еділ Қожамбердиев (4-2, 4 КО) – Сергей Белошапкин (Ресей, 11-28-1, 3 КО) – 2 TKO

Міржан Рақымжанов (1-0, 1 КО) – Александр Салтыков (Ресей, 11-49-3, 6 КО) – 1 TKO

Уәлихан Бисенқұлов (6-0, 6 КО) – Анар Абдуллаев (Әзербайжан, 2-3, 2 КО) – 2 TKO

Айдын Елжанов (5-1, 3 КО) – Асқар Рагимов (Әзербайжан, 2-2, 1 КО) – 3:0

Диас Тастеміров (3-0, 3 КО) – Эльвин Ахунзада (Әзербайжан, 4-1, 2 КО) – 2 KO

Бобыржан Момынов (7-0, 6 КО) – Гиорги Блиадзе (Грузия, 7-7, 2 КО) – 5 TKO

Айдос Ербосынұлы (8-0, 7 КО) – Исмат Эйнуллаев (Әзербайжан, 13-2, 9 КО) – 1 TKO

Арман Рысбек (4-0, 3 КО) – Сандро Терашвили (Грузия, 4-2, 2 КО) – 1 TKO

Али Балоев (5-0, 4 КО) – Казим Умудов (Әзербайжан, 2-1, 1 КО) – 1 TKO

Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО) – Хизни Алтункайа (Түркия, 30-2, 17 КО) – 9 TKO

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу