Шведова "Үлкен дулыға" турнирінде өнер көрсетеді

1331

Қазақстанның экс-бірінші ракеткасы соңғы үш жылда алғаш рет Аустралияның ашық чемпионатына қатысады.

Шведова "Үлкен дулыға" турнирінде өнер көрсетеді

Төрт қазақстандық теннисші Australian Open-2021 жарысына қатысады. Бұл жаңа жылда алғашқы "Үлкен дулыға" турниріне өтінімдер тізімі жарияланғаннан кейін белгілі болды.

Australian Open - 2021 жарысы 8-21 ақпан аралығында өтеді. Бірақ жаңа жылдың басталуы теннис әлемі үшін бұрынғыдан айтарлықтай өзгеше болады. 5-қаңтарда теннисшілер БАӘ-нің Абу-Даби қаласында WTA 500 сериялы турнирімен маусымды ашады. Сондай-ақ, 10-13 қаңтар аралығында Australian Open турниріне іріктеу Дубайда өтеді. Сондықтан Аустралияда іріктеу туры болмайды.
Бұл белгілі бір себептерге байланысты. 15-қаңтарда барлық теннисшілер үшін Мельбурнде (Аустралия) міндетті екі апталық карантин басталады. Тек 31- қаңтардан бастап дәл сол корттарда ойыншылар "Үлкен дулыға" сериялы жарыстарының басты дайындығына айналатын турнирде ойнай алады. 31- қаңтардан 7-ақпанға дейін теннисшілер Мельбурндегі WTA 500 жарысына қатыса алады. Содан кейін ғана Australian Open турнирі басталады.

Жарысқа қатысушылардың тізімінде Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Ярослава Шведовалар бар. Алғашқы үш теннисші жоғары рейтингті ескере отырып жарыстың негізгі жеребесіне енсе, көптен бері тұрақты және жоғары деңгейде ойнамаған Шведова бұл тізімге арнайы рейтингтің арқасында ие болды.

Екі рет "Үлкен дулыға" турнирлерінде жеңіске жеткен Шведова соңғы үш жарым жылда өнер көрсеткен жоқ. Бұл уақыт аралығында Ярослава жарақаттарынан айығып, декреттік демалыста болды.

Биылғы жылдың ақпан айында Шведова 2017-жылдың жазынан бергі алғашқы кездесуін өткізіп, Дохадағы (Катар) турнирдің бірінші айналымында германиялық Лаура Зигемундтан 3: 6, 2: 6 есебімен жеңіліп қалды. Ал оған дейін Шведова теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының жаңа капитаны болып тағайындалған еді.

2017-жылы Ярослава "Үлкен дулыға" турниріндегі соңғы кездесуін өткізді. "Ролан Гаррос-2017" жарысының алғашқы айналымында ол украиналық Элина Свитолинадан 4: 6, 3: 6 есебімен жеңіліп қалды. Шведова Үлкен дулығада 2016 жылдың қыркүйек айынан кейін жеңіске жеткен емес. Ол кезде US Open-де 1/8 финалға шыққан. Ал одан кейін Серена Уильямстан 2: 6, 3: 6 есебімен жеңілді.

Сондай-ақ Шведова қаңтар айында Абу-Дабиде өтетін турнирге де қатысады. Онымен бірге Рыбакина мен Путинцева тізімге ілігіп үлгерді. Зарина Дияс қосымша тізімде. Егер ешкім жарыстан шығып қалмаса, онда ол іріктеуде ойнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу