"Швейцарияда қызмет атқарғандығы сайлауға түсуге кедергі емес"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3233

Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңдағы талаптарға сай екенін анықтады.

"Швейцарияда қызмет атқарғандығы сайлауға түсуге кедергі емес"

Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияда және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулыны қабылдады.

"Nur Otan" партиясы" Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тиісті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына ұсынды. Атап айтқанда, "Nur Otan" партиясы отырысының Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттың, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері, мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, оның президенттікке кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтініші түсті", – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина.

Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияда және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салып, тиісті мәліметтерді алған.

"Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде тумысынан Республика азаматы болып табылатындығын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысының негізінде соңғы он бес жыл ішінде Қазақстанда тұратынын анықтады", – деді Сәбила Мұстафина.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Сәбила Мұстафина нақтылағандай, оның Швейцарияда қызмет атқарғаны сайлауға түсуге кедергі емес.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы кандидаттың жоғары білімі бар екенін, сотталғандығы жоқтығын, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылмағанын, белсенді сайлау құқығына ие екендігін, мемлекеттік қызметте, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл  жұмыс тәжірибесі бар екендігін анықтады.

Осылайша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан астанасының сайлау комиссияларына кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру тапсырылды.

"Қол жинауды президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асырады", – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу