Шыбын-шіркей жұртты тоқтаусыз талап жатыр

Қансорғыштар төрт түлік пен үй жануарларына да маза бермей тұр.

Шыбын-шіркей жұртты тоқтаусыз талап жатыр

Павлодар облысында көктем-жаз кезінде жыл сайын туындайтын өзекті мәселе – шыбын-шіркеймен күрес. Биыл жергілікті билік өткен жылдардан сабақ алып, жұмысты бір жүйеге келтіргенмен, екі ауданда дезинсекциялық шаралардың нәтижесі мүлде байқалмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ақтоғай мен Тереңкөл ауданының тұрғындары үйден шыға алмайтын жағдайға жетті. Таза ауада серуендемек түгілі бау-бақшаны суарып, малды қамаудың өзі мұң болып отыр. Шіркейлер мен масалар қой-ешкі, сиыр-жылқы, ит пен мысықтың да "құтын қашырды". Әттең, қансорғыштарға әбден таланған төрт түліктің шағымын тілі жоқ.

Ал жұрт үндемей отыра алмайды. Себебі бір айдан бері масалар әбден мазаны алды. Бұған дейін аудандық бюджет оларды улау шарасына ары кеткенде бір миллион теңге ғана бөлсе, биыл 10 млн теңгеге дейін сома қарастырылды. Мердігер компания анықталып, биологиялық және химиялық препараттар жеткізілді. Әуеден өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғаш рет әкімдіктер ғылыми топтармен де келісімшарт жасап, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түруге көшті. Бірақ бұл жұмыстардың нәтижесі қарапайым халыққа сезілмей отыр.

"Шыны керек, өңдеуді препараттармен емес, құр сумен жүргізіп жатқан сияқты әсер қалдырады. Себебі тиімділігі мүлде жоқ. Керісінше, әуеден өңдеуден соң маса қаптап кетті. Далаға шыға алмайтын жағдайға жеттік. Балалар аулаға бес минутқа шықса болғаны, таланып келеді. Малдарға тіпті обал", – дейді ақтоғайлық Алма Сәбитова.

Бұл екі аудандағы жағдайды ғалымдар да, әкімдіктегілер де жақсы біледі. Алайда олардың қолынан келер қайран болмай тұр.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтің сөзінше, осы уақытқа дейін әкімдіктің жедел желісіне масаға қатысты 420 шағым түсті. Олардың 60%-ы – жоғарыда аталған екі аудан тұрғындарының базынасы.

"Облыстың оңтүстік бөлігінде шіркейлердің "шабуылы" аяқталып, Ақтоғай мен Тереңкөлде "қызып" тұр. Жақын күндері Ертіс пен Железин аудандарында көбеюі мүмкін. Сондықтан дезинсекциялық шараларды күшейтіп, келесі жылы Ақтоғай мен Тереңкөлде бюджетті көбейтеміз", – дейді Мейрам Өтешов.

Ал ғылыми сүйемелдеу бойынша мердігер "TEK.A.TEK" компаниясының өкілі Ермек Ғабдуллин проблемалық аудандардағы маса тек маусым айының соңына ғана азаюы мүмкін.

"Қазір инеліктер айтарлықтай көбейді. Сондықтан шыбын-шіркей де азаяды деген жоспар бар. Бірақ қазіргі уақытта масалардың табиғи "жауына" өздері шыққан аумақта азық қоры жеткілікті. Олар жаппай ұшқан кезде жайылым маңын өңдеу де тоқтайды", – дейді ғылыми топ мүшесі.

Демек ауылдағы ағайынға шенеуніктер мен мердігерлерге емес, инеліктерге ғана иек артуға тура келеді. Олай болатын болса, миллиондаған қаржыны бөлудің қандай қажеттілігі бар еді?!

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу