Шыдамның да шегі бар

7289

Қарағанды облысының шахтерлары наразылық танытып жатыр.

 Шыдамның да шегі бар

"Қазақмыс" корпорациясының кен орындарында жұмыс істейтін 300 шахтер наразылық акциясын ұйымдастырып, түнгі ауысымнан кейін жердің үстіне шықпай қойды. Олар басшыларға тоғыз талап қойды. Соның  ішінде ең негізгісі жалақыларын 70%-ға көтеру болды. Кешеден бері тараптар келіссөз жүргізіп жатыр. Әзірше нақты нәтиже жоқ.

"Кеншілердің ешқайсысы басбұзарлыққа барып жатқан жоқ. Олар барлығын сабырмен, ақылмен шешуге тырысып бағуда. Кеншілердің айлық жалақыларын қысқартып тастаған және олардың еңбек ету жағдайы нашарлап кеткен. Қымбатшылық қысып тұрған заманда жалақыларының қысқаруы кеншілердің жанына қатты батып тұр", – деді наразы топтың өкілі Берік Жағыпаров.

Оның сөзінше, таңғы 4 шамасында оқиға орнына "Қазақмыс"  корпорациясы  басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев келген. Ол мәселені мәмілегерлікпен шешуге тырысқан.

Айтпақшы, біз мәселенің мән-жайын анықтау үшін корпорацияның баспасөз хатшысына хабарластық, ол қандайда бір пікір беруден бас тартты.

Кеншілер жалақыларын 70%-ға көтерумен қоса 20 жылдық еңбек өтілі бар кеншінің зейнетақысын орташа жалақыдан 30%-ға өсіруді сұрады. Бұған қоса олар курорттық сауықтыру жағдайын тегін қылуды талап етті.

Наразылық акциясына қатысып жатқан кеншінің жұбайы, Жезқазған  қаласының тұрғыны Назерке Жекебаева abctv.kz-ке берген сұхбатында өзін қоярға жер таппай отырғанын айтты.

"Үйде отыра алмай, кен орнына келдік. Шынымды айтсам, қатты қорқамын. Бұл жақсылықтың нышаны емес қой, арты не болады екен? Мысалы, менің күйеуімнің жалақысы 140 мың теңге. Оған ауыр жұмыс істеп жүргені үшін ешқандай жеңілдік жасалмайды. Үйде шиеттей бала-шаға бар. Ақшамызды қайда жеткізетінімізді білмейміз. Біздің асыраушыларымыз еріккеннен, желіккеннен осындайға барып отырған жоқ. Былайғы жұрт кеншілер көп жалақы алады деген әңгімені жиі айтады. Бұл жалған сөз. Жолдасымның жалақысын жоғарыда айттым ғой, – деді ол.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу