Шығыс ауылында 800-ге жуық оқушы онлайн оқуға мәжбүр

1605

Үш қабатты ғимараттың қабырғасы жарылып, едендері ойылып кеткен

Шығыс ауылында 800-ге жуық оқушы онлайн оқуға мәжбүр

Өскемендегі Шығыс ауылында 800-ге жуық оқушы тағы онлайн оқуға мәжбүр. Бұл жолы карантиндік шектеулер емес, білім ошағының апатты жағдайда екені себеп болып отыр. Білім басқармасы нысанды осы жылдың қыркүйегіне дейін сақадай сай етіп қоямыз деп уәде бергенімен, жөндеу жұмыстарын әлі басталмаған.

Абай атындағы орта мектепте 826 оқушы бар. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасынан шыққан. Мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген. Десе де, салынғанына енді ғана 10 жыл толған нысанның сапасынан ақау шығып, қыста қабырғалары қақ айырылған.

Белгілі болғандай үш қабатты ғимараттың сол жақ қанатының қабырғасы жарылып, едендері ойылып кеткен. Оқушылар шарасыз оқу маусымын өзге мектептерден аяқтаған. 

– Мамыр айында соңғы қоңырауда үйіп-төгіп уәдені бердіңіздер. Қыркүйекте ашылады деп. Қыркүйек болды. Енді екенші тоқсанда ашылады, деп уәде бересіздер ме? Балаларымыздың үлгерімі нашарлап кетті, – дейді ауыл тұрғыны Меруерт Қабдырасылқызы.

Айта кетейік, өткен оқу маусымын ауыл балаларының жартысы қашықтан оқыса, қалған бөлігі көрші екі ауылға барып білім алған. Онлайн оқыған балалардың ата-аналары интернеттің нашар екенін, салдары балалардың біліміне әсер етіп жатқанын айтуда.

– Мәселен, бір үйде сабақ оқитын бес-алты бала бар. Оларды бірнеше ай бойы онлайн оқыту – қыруар ақша, жүйкең де тозып кетеді. Олардың білім алуына тиісті жағдай жасалмаса, білім сапасы төмендеп кететіні айтпаса да түсінікті. Ауылымыз облыс орталығының іргесінде тұр, бірақ интернет сапасы нашар, – дейді ата-аналар.

Мектептің бұрынғы директоры еденнің ойылуына су құбырының жарылуымен байланыстырып отыр.

– Желтоқсан айының басында су құбырлары жарылды. Сол кезде төтенше қызмет өкілдерін шақырдық. Кейінірек инженерлер де келіп тексерді. Құбырлар дәліздің және асхана еденінің астымен тартылған. Су жайылғандықтан ғимараттың іргесі босап кетті, – дейді мектептің бұрынғы директоры Есімхан Акитбаев.

Қалалық білім бөлімінің басшысы қыркүйектің бірінде мектеп ашылады деп уәде бере алмады. Сондықтан жоғарғы сыныптарды жөнделіп жатқан мектептің 2 және 3-қабатында оқыта беруге шешім қабылданған. Бірақ ата-аналар баласының қауіпсіздігіне алаңдаулы.

– Асхананың ішін өздеріңіз көрдіңіздер. Мынадай жарық. Сондай жағдайда қалай балаларды 2-3 қабатқа оқытам деп отырсыздар? Жарайды сіздер беріңіздер. Сонда ата-аналар көзімізді жұмып қойып баламызды мектепке бере аламыз ба? Бере алмаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Айнұр Жәңгірханова.

Осылайша, тұрғындар балаларын қауіпті білім ошағына жібергісі жоқ. Ата-аналар жауапты басшылардың жөндеу жұмыстарын кеш бастайтындығына наразы.

Ал Білім басқармасының басшылары мектепті жөндеу жөніндегі құжаттарды дайындаудың ұзаққа созылғанын айтады. Тендер де кеш өткізілген. Мердігер мекеме де енді ғана анықталды дейді олар.

– Жалпы келісім-шартта жазылатын болады. Енді күрделі жөндеу жұмысы болғандықтан үш айға дейін баруы мүмкін. Егерде біз бұл ғимаратқа рұқсат алатын болсақ, қауіпсіздік мәселесіне ғимараттың ішінде де, сыртында да кезекшілік ұйымдастырылады, – дейді Өскемен қалалық Білім бөлімінің меңгерушісі Сәуле Алагөзова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу