Шығыс футболы шырылдап қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2912

Шығыс Қазақстан облысының "Алтай" футбол клубының басынан дау кетпей-ақ қойды. Премьер-лигада ойнау құқығын жасыл алаңда заңды түрде жеңіп алса да, биыл қайтадан бірінші лигаға жөнелтіліп отыр...

Шығыс футболы шырылдап қалды

Бәрі де жақсы басталған

"Алтай" былтыр құрылған. 2016 жылы қаңтар айында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің шешімімен "шаңырақ" көтерген. Осы өңірдегі "Восток" (Өскемен) және "Спартак" (Семей) клубтары банкротқа ұшырап, осылай су жаңа команда "отау" тіккен болатын.

"Алтай" футбол клубы құрыла сала, бірден өзінің мақсаты асқақ екендігін қымсынбай жайып салды. Бір жылдың ішінде премьер-лигаға шығуды көздейтінін білдірді. Сөйтіп құрамына тәжірибелі футболшыларды тарта бастады.

2004-2010 жылдары Ресей құрамасының сапында ойнаған Денис Колодиннің "Алтай" сапына келіп, Қазақстан бірінші лигасында ойнауының өзі біраз жыр болды. Иә, 2008 жылы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері болған – Колодин!

Болгария қорғаушысы Пламен Димовтың да жаңа құрылған ұжым сапында ойнауы команданың мәртебесін көтере түсті. Бұған 2000-2014 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған, біздің елдегі беделді футболшылардың бірі Андрей Карповичті қосыңыз.

Алексей Шакин, Константин Заречный, Евгений Коструб, Вячеслав Котляр сынды елімізге танымал тәжірибелі ойыншылар да "Алтайдың" айбынын асқақтатты. Ал бас бапкер тізгіні Сергей Тимофеевке сеніп тапсырылды.

Ескі клубтан жік шықты, "екі құлағы" тік шықты

Сонымен не керек, "Алтай" Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында доп додасының көрігін қыздырып, алғашқы ойындарын өткізе бастады. Бірақ әу баста Өскемен мен Семейдің жанкүйерлері бұл команданы өзара бөлісе алмай, таласып та қалды.

Себебі "Алтай" алғашқы ойындарын Өскеменде өткізе бастады. Ал бұған қазақ футболының отаны саналатын Семей жанкүйерлері томсыраймай қайтсін?! Содан клуб басшылары көрермендерді бір қаладан екіншісіне автобуспен тасу мәселесін қолға ала бастады.

Қызық болғанда, құрамы тәжірибелі футболшылармен жасақталған "Алтай" қазақтың бірінші лигасындағы жағдайлары жұпыны командаларды "сыпыра" соға алмады. Бір ұтылып, бір ұтып, бірте-бірте екпін ала бастады. Тіпті мақтаулы Денис Колодиннің өзі "Алтайдың" қақпасына автогол соғып алып, ұятқа қалды...

Әлқисса, осылай Қазақстан чемпионаты басталып, "Алтай" еншісіне алғашқы үш ұпайын жазған бетте шу шықты. "Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры" демекші, шудың басы "Восток" клубының қайсыбір футболшылар алдындағы қарызынан басталды.

Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының мәлімдеуінше, "Восток" ФИФА Тәртіптік комитетінің шешімін орындамаған. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылы Джордже Мрджанин және Саша Добрич сынды сербиялық ойыншыларға берешек болып, соны өтемеген. Ал ФИФА-мен "қылжақтауға" болмайды. Сол үшін "Алтайдың" 9 ұпайын шегеру туралы шешім қабылданды.

Былтыр, сәуір айының екінші жартысы басталғанда еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы Қазақстан футбол федерациясының өтінішін жүзеге асырып, "Алтай" футбол клубының бақандай тоғыз ұпайын осылай шегеріп тастады. Өйткені Шығыс Қазақстан облысының жаңа командасы – "Восток" клубының заңды мұрагері.

"Алтай" халықаралық төрелік сот арқылы ұпайын қайтарып алды

Бірақ "Алтай" Кәсіпқой футбол лигасының бұл шешімімен келіспеді. Маусым бойы тоғыз ұпайын қайтарып алудың жолын іздеді. Күресті, ізденді, қайтпады. Қазақстан футбол федерациясының басшысынан да сауға сұрады...

Ақыры Лозаннадағы Халықаралық спорт төрелігі сотына барып шағымданды. "Алтай" футбол клубы өзінің жаңадан құрылған клуб екендігін, яғни ешбір команданың құқықтық мұрагері емес екенін көлденең тартты. Дәлелдеді.

Сонымен не керек, қазан айының соңына қарай Халықаралық спорт төрелігі сотының (ағылшынша – Court of Arbitration for Sport, CAS, французша – Tribunal Arbitral du Sport, TAS) "Алтайдың" тоғыз ұпайын қайтарып беру туралы шешім қабылдағаны мәлім болды. ШҚО клубы сүйінші сұрап, қуанышқа кенелді.

Премьер-лига жолдамасын жеңіп алды

Көп ұзамай, маусым да аяқталды. "Алтай" бірінші лигада 28 ойыннан 58 ұпай еншілеп, екінші орынға ие болды. Ел чемпионатының регламенті бойынша премьер-лигада 11-орынға табан тіреген "Таразбен" кездесетін болды. Қай жеңгені 2017 жылы премьер-лигада ойнауы керек.

Осы матчтың алдында "Алтай" тағы бір өзекті мәселені көтеріп, көпшілікті елең еткізді. Өтпелі матчта қос клуб екі лиганың талаптарымен ойнайды екен. Дәлірек айтқанда, "Тараз" негізгі құрамда жасыл алаңға алты легионерін шығарса, "Алтай" үш-ақ легионеріне сенім арта алады.

Екі есе аз! Әділеттілік қайда?! Әрине, бұған "Тараз" кінәлі емес. Маусым бойы ойнаған құрамын, қалыптасқан ойын үлгісін "Алтай" үшін құрбандыққа шалмайды ғой. "Тараздың" да келесі жылы премьер-лигада ойнағысы келеді.

Қойшы, әйтеуір тағы да дау. Әйтсе де, "Алтай" іс жүзінде өзінің дайындығы жоғары екенін көрсетіп, "Таразды" тізе бүктірді. Легионерлері екі есе артық болса да, премьер-лига клубының қақпасына үш гол соқты. Есеп – 3:0! Шығысқазақстандықтар – премьер-лигада!

"Алтай" бәрібір арманына жете алар емес

Бірақ "Алтай" бәрібір арманына жете алмайтын сияқты. Қоңыр күз бен қақаған қыс бойы премьер-лигаға дайындалғанын қайтейік, жақында Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы клубты бірінші лигаға жөнелтті. Иә, иә, премьер-лигада ойнау құқығынан айырды. Себеп?

Ақпан айының басында, ҚР Кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің Жалпы жиналысы (немесе Лига кеңесі) өтіп, онда сертификаттау мәселесі талқыланды. Сөйтсе, "Алтай" футбол клубының қазіргі жағдайы сертификаттау ережелеріне мүлде сәйкес келмейді екен.

Сертификаттау талабына сәйкес, премьер-лигаға ойнайтын команданың құрылымында балалар мен жасөспірімдер футболы да қоса дамытылуы керек. Ал Шығыс Қазақстан облысы клубында балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығы жоқ; клубтың қосалқы құрамы да жоқ; аймақтық федерация сапында үш жылдық мүшелігі де жоқ.

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратқан ақпаратқа сенсек, "Алтай" футбол клубына сертификаттау талаптарын орындау жөнінде бірнеше рет ескерту жасалған. Ақыры ҚФФ Атқару комитеті "Алтай" футбол клубын біріншіліктен (премьер-лигадан) ресми түрде аластатты. Ал "Алтайдың" орнын "Тараз" клубы басатын болды.

Әкім де араша түспеді

"Алтай" тағы да жанталасты. Клуб басшылары команданың әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы жанкүйерлерін сабырға шықырып, шара қолданып жатқанын мәлімдеді. Ендігі бар үміт облыс әкімінде еді...

"Тілегенге – сұраған" дегендей, жақында Семей қаласының әкімі халыққа есеп беру кездесуін өткізген болатын. Сол басқосуға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те қатысыпты. Тұрғындардың арасында "Алтай" футбол клубының қазіргі жағдайын сұрап, әкімнен командаға болысуын өтінгендер де болды.

Алайда Даниал Кенжетайұлы футбол клубын "маңдайынан" сипай қоймайтындай сыңай танытты:

"Өткен жылы біз екі клубты біріктіріп, әжептәуір қаржымен қамтамасыз еттік. Деңгейі жоғары, білікті бапкер шақырдық. Бірақ кейіннен қаржысы мен есеп-қисабын тексергенімізде, түсініксіз жайға тап болдық. Біз мемлекеттік қаржының қайда кеткенін білмейміз. Төлем жүргізу жүйесі де түсініксіз. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік ресурсты қалай болса, солай жұмсаған. Бұл бізге мүлде ұнамайды, мұны аяқсыз қалдырмаймыз. Қазір команданы кім басқаратыны да белгісіз. Спорт басқармасымен келіспей, команданы жеңіске жеткізген жаттықтырушы алмастырылған. Жалпы сұрақ көп. Құрметті жанкүйерлер, алдымен футбол клубымен, оның басшылығымен өздеріңіз айналысыңыздар. Ал егер мен кіріссем, істің бәрі басқаша аяқталады. Бәріміз де білеміз, Қазақстандағы кей клубтың басшылары қазір басқа жерлерде отыр. Дәл осындай жағдайдың "Алтай" клубында қайталанғанын қаламаймын", – деп кесіп айтты әкім.

Міне, осыдан кейін "Алтайдың" жағдайы тығырыққа тірелгені мәлім болды. Бұл команданы енді премьер-лигада алып қалу мүмкін емес сияқты. Әйтсе де, "суға кеткен тал қармайды" дегендей, клуб жаттығу жиындарын жалғастырып, ресми түрде ешқандай мәлімдеме жасамай отыр. Бірақ ойыншылары тарыдай бытырап кете бастады. Ал бұған әлі толығырақ тоқталамыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу