Шығыс Қазақстан – халуаның отаны

4626

Жері шұрайлы Шығыс Қазақстан облысы халуа өндірісін ашуға ең қолайлы аймақ.

Шығыс Қазақстан – халуаның отаны

Себебі, елімізде өсіріліп, жиналатын күнбағыстың жартысынан көбі осы өңірдің үлесінде. Дәмді халуа шығаруға қажетті шикізат жеткілікті болғанымен, Шығыс Қазақстан әлі халуаның отаны емес. Ертеден бұл тәтті өнім Алматы, Павлодар және Жамбыл өңірінде ғана өндірілгендіктен, дайын халуа әлі күнге дейін сол аймақтардан тасымалданады. Одан қалса, көршілес Ресейден де келеді.

"Импортты алмастырып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін халуа өндірісін ашу – таптырмайтын бизнес жоспар" десек жаңылмаспыз. Оның үстіне Шырайлы Шығыс қос елдің шекарасына жақын, Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарымен іргелес орналасуы қолайлы экономикалық жағдайдың туындауына септігін тигізіп отыр. Осы мүмкіндіктерді дер кезінде ескерген Бородулиха ауданының кәсіпкерлері өткен жылы халуа өндірісін бастап кетті.

"Қазақстанда қандай кәсіппен айналысу тиімді екенін көп ойлана келе, елімізде Шығыс Қазақстанның күнбағыс өсіру жөнінен көш басында екенін ескердік. Ал халуа өндірісі бізде жақсы дамымаған, яғни, күнбағыс бар, бірақ, оны өңдеуші кәсіпорындар жоқ. Осы ойды сараптай келе, бағасы да аса қымбат болмайтын, сұранысқа ие, дәмді халуаны шығаруды жоспарладық.

Өндіріске қажетті қондырғыларды жеткізіп беретін компанияны, бізге алғашқыда қолдау көрсететін адамдарды тауып бастап кеттік. Болашақта күнбағыстың өзінен түрлі тәтті өнім шығаруға болатынын білеміз. Сондықтан, шикізатқа бай Бородулиха ауданында өңдеуші кәсіпорын құруды жөн көрдік", – дейді "Агропромгрупп" ЖШС директоры Игорь Захаров.

Бородулиха ауданының Новопокровка ауылында орналасқан бірегей кәсіпорында өндірілетін халуаның 60 пайызы күнбағыстан тұрады. Ол жергілікті шаруашылықтардан алынады, ал қант пен сірне Алматыдан жеткізіледі. Сыртқы қаптамасын Семей қаласында шығарады. Сондықтан, бұл 100 пайыз "Қазақстанда жасалған" дәмді халуа деуге болады.

"Бірақ, нарықта бәсекелестік жоғары. Сол себепті, біз баға саясатын айтпағанның өзінде бірінші кезекте сапаға көп көңіл бөліп, кез-келген өніммен бәсекелес бола аламыз. Себебі, адамдар арасында қазір табиғи өнімге сұраныс артып келеді. Біз болсақ осы ұстаныммен ұлт саулығы үшін табиғи таза өнім шығаруды мақсат еттік", – дейді кәсіпорын басшысы Игорь Захаров.

Ауылдағы шағын цехта тәтті өнімнің өндірісі күнбағыс дәндерін қуырудан басталады. Бұл жұмысқа жауапты Марат Тәшімов: "Өнімнің сапалы болуы үшін өндірісті алғашқы сатысынан бастап, қадағалау маңызды. Мен мұнда шемішке қуырамын және тазалаймын. Қуыру апаратына бір ретте 80 келі, яғни, 2,5 қап шемішке саламыз. Ол 1,5 сағатта қуырылады. Күнбағыс дәнінің біргелкі қуырылғанын тексеріп аламыз. Сонда дәмді халуа жасауға болады. Бұл жұмысым өзіме ұнайды. Жалақыны да уақытында алып отырмыз", – дейді.

Қуырылып болған соң күнбағыс дәндері салқындату қондырғысына салынады. Одан кейін электрлі диірменде тартылады. Сонда ақуызды қоспа дайын болады. Оған қанттан жасалған қою шәрбәт қосылған соң, қоймалжың қоспа арнайы қалыптарға салынып, толық суытылады. Тәтті шырыны бойына сіңгеннен кейін, қаптамаға оралады.

"Халуа жасаудың негізгі процесін қолмен жүргіземіз, сондықтан, ол дәмді болады. Әрі біз шығарған өнімнің сапалы, дәмді болуы үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, бар ықыласымызбен жұмыс істейміз", – дейді бас технолог Ғалия Фахатова.

Бородулиха ауданындағы халуа зауыты қазір айына 30 тонна өнім шығарып жатыр. Тәулігіне "Классикалық күнбағыс халуасы", "Жүзім қосылған күнбағыс халуасы" және "Жержаңғақ қосылған күнбағыс халуасы" деген атаулармен салмағы 250, 350 грамдық және 6 келілік монолитті блок түріндегі түрлі өнімнің 1 тоннасын өндіреді. Тәтті азық Астанадан бастап, еліміздің бірнеше қаласында сатылып келеді.

"Қазір біз ел нарығымен шектелмей, шығарған өнімді экспортқа да жөнелтіп жатырмыз. Ресей Федерациясымен жұмыс істейміз. Барнауылдан Мәскеу қаласына дейін жеткіздік. Үлкен нарыққа шығу керек қой, сондықтан, осылай біртіндеп жұмыс жүргізіп бастадық. Сапалы, табиғи өнім шығарсаң, сертификат алып, оны саудаға жөнелтуге еш кедергі жоқ. Ең бастысы кәсібіңді ашып, өзіңе, отбасыңа, еліңе еңбек ету керек", – дейді кәсіпорын басшысы Игорь Захаров.

Халуа өндірісі басталғалы Новопокровка ауылының 10-нан астам тұрғыны жұмыспен қамтылды. Шығарылған тәтті өнімге сұраныс артса, өндірісті ұлғайтып, екі ауысымды жұмыс кестесіне көшу арқылы тағы бірнеше адамды жұмысқа алу жоспарда бар.

"Біздің елдің кәсіпкерлеріне жақсы жағдай жасалып отыр. Қаржы қажет болса, шағын несие алуға болады. Бизнес жоспар құрастыру жағынан да көмек көрсетіледі. Елбасы да кәсіпкерлерді қолдауға зор көңіл бөліп отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығын, өңдеуші кәсіпорындарды дамыту тиімді. Отандастарымыз қазір осы мүмкіндікті пайдаланып отыр. Елімізді дамытып, қолда бар күнбағыстың өзін өңдеп, неге сатпасқа. "Қазақстанда жасалған" өнімге нарықта сұраныс та жақсы. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Неғұрлым көп адам кәсіпкерлікпен айналысса, кіріс көбейіп, мемлекетіміз көркейе түседі", – дейді кәсіпкер.

Бүгінде бүкіл аймаққа "Қазақстанда жасалған" халуа шығарып жатқан бірегей кәсіпорынның алдағы уақытқа жоспары көп. Өндірісті кеңейтіп, жақын арада тұтынушыларға өнімнің жаңа түрлерін ұсынуды көздеп отыр. Бір ғана Шығыс Қазақстанда тұрғындар тәулігіне 10 тоннадай халуа тұтынатынын ескерсек, өңірдегі бірегей кәсіпорын табысқа кенелері сөзсіз. Әрі облыстың басқа аудандарында өз кәсібін ашуды көздеген азаматтардың тәтті өнімнің өндірісін бастауына үлгі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу