Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан Бүркіт төбе алаңында дәстүрлі халықаралық "Шығыс Салбұрыны" бүркітшілер фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Екі күнге созылған фестивальде әлемнің бірнеше елінен келген құсбегілер сайысқа түсті.
Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Мажарстаннан қатысушылар шақырылған.
Туризм және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – қазақ халқының бай мәдени мұрасын жандандырып, ұлттық спорт пен құндылықтарды дәріптеу арқылы саламатты өмір салтын насихаттау.
Ауқымды шараға "Құсбегілік" федерациясының Президенті Берік Уәли қатысты.
"Облыс әкімі Ермек Көшербаевпен бірге сайыстың финалдық бәсекесін тамашалап, жеңімпаздарды марапаттадық. Екі күнге созылған турнирге 30 шақты киіз үй тігіліп, 5 мыңнан астам көрермен келді, 90-нан астам құсбегі қатысты", – дейді ол.
"Шығыс Салбұрыны-2024" халықаралық турнирінің жеңімпаздары:
Бүркіт құсы бойынша:
1 орын – Ерғазыұлы Сәлімхан (Жетісу облысы)
2 орын – Күнтуган Серікбек (Астана қаласы)
3 орын – Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
3 орын – Бердымурат Олжас (Алматы облысы)
Қаршыға құсы бойынша:
1 орын – Серікбекұлы Ерасыл (Астана қаласы)
2 орын – Бәйетбай Ермұхан (Алматы облысы)
3 орын – Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы)
3 орын – Жанбырбек Бердияр (Жамбыл облысы)
Ителгі құсы бойынша:
1 орын – Оспанқұлов Танат (Қарағанды облысы)
2 орын – Оспанқұлов Танат (Қарағанды облысы)
3 орын – Төлегенұлы Темірлі
3 орын – Иманзайып Ермек (Павлодар облысы)
Бұл жарыс алды уақытта да жалғасын таба бермек.
– Тағы бір керемет жаңалық, қазақтың құсбегілік өнерін әлемге танытып жүрген Айшолпан Нұрғайып қарындасымызға шығыс қазақстандықтардың атынан, Өңір басшысы Ермек Көшербаев Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Айта кетейік, бұл турнирдің өтуіне "Құсбегілік" Федерациясы" РҚБ-нің Бас серіктесі – "Самұрық Қазына" ҰӘҚ" АҚ, сондай-ақ, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және "Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры" КҚ атсалысуда, – деді Берік Уәли.