Шығыс Қазақстанда қараусыз малдар көбейген

1699

600 ірі қара арнайы айыппұл қорасына қамалды. 

Шығыс Қазақстанда қараусыз малдар көбейген

Шығыс Қазақстанда қараусыз малдар көбейіп, осының салдарынан жол көлік оқиғасы да азаймай тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ресми ақпарат бойынша өткен айдың өзінде соғылған малдың кесірінен 10-нан аса жол апаты болған.

Қараусыз жүрген жылқы мен сиырды, әсіресе, Өскемендегі Ұлан, Самар, Зайсан, Күршім және Катонқарағай бағытындағы жолдардан жиі көресіз. Көбісі түнде жол жиегіне жайылатындықтан, жол апаты да жиілей түскен. 

– Өскемен-Күршім бағытына жолаушы тасымалдаймын. Жолда қараусыз жүрген жылқы мен сиыр өте көп. Әсіресе, түнде қауіпті. Жүйіткіп келе жатсаң, бұрылмалардан мал шыға келеді. Тізгінге ие бола алмай қаласың кейде. Осы бағытта үнемі жүретіндіктен сақтанып отырамыз. Білмейтіндер жол көлік оқиғасына ұшырап жатады. Тіпті талайы жан тапсырды. Сонда кім кінәлі? Жүргізуші ме, мал иесі ме? Меніңше, малды баққаннан кейін, оны қараусыз жібере салмауы керек. Полиция бақташыларға қатаң ескерту жасаса дейміз, – дейді жүргізуші Азамат Тоқтасынұлы. 

Ал тағы бір жүргізуші қараусыз жүрген мал иелеріне салынатын айыппұл көлемін арттыру керектігін айтады.

– Өткенде ғана Ұлан ауданына қарасты Сағыр ауылына таяған түста сиырды қағып кете жаздадым. Тежегішті басып әрең тоқтадым. Түн болғандықтан, малдың сырға нөмірін суретке түсіре алмадым. Меніңше, бақташысы жоқ жол жиегінде жүрген малдың иелеріне салынатын айыппұл көлемін арттыру керек, дейді көлік жүргізушісі Жұмақан Нәбиев. 

Облыстық Полиция департаменті тек өткен айда көлікке соғылған малдың кесірінен 10-нан аса жол апаты болғанын айтады. Сондықтан полицейлер бағусыз малды айыппұл тұрағына айдап әкетіп жатыр. Айналасы бір аптада 600 ірі қара арнайы айыппұл қорасына қамалды. Қараусыз малдың көптігінен қазір қора да толы. 

Жол бойында қараусыз жүретін мал өте көп. Осының кесірінен малға соқтығысқан көлік апаттары бірнеше рет тіркелді. Сондықтан ауыл табынды кезекпен бақса деген ұсыныс айтып жатырмыз. Сонда ғана қайғылы жағдай азаяды, дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Татьяна Карпова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу