Шығыс Қазақстандағы туристік орындарға қашан көңіл бөлінеді?

677

Жағалауда қоқыс шашылып жатыр. 

Шығыс Қазақстандағы туристік орындарға қашан көңіл бөлінеді?

Шығыс Қазақстандағы туристік орындардың жағдайы әлі де мәз емес. Арнайы қоқыс жәшігі болмағандықтан, демалушылар жағалауға қалдық заттарды тастауға мәжбүр. Тіпті қарапайым әжетхана да жоқ. Жергілікті әкімдік мәселелен хабардар бола тұра үнсіз отыр. 

Соңғы бірнеше жылда Самар ауданына келетін демалушылардың саны күрт артқан. Екі облыс бөлінбегенге дейін Шығыс Қазақстанның негізгі туристік демалыс базасы Алакөл жағалауы болатын. Алайда облыстар бөлінгеннен кейін, Шығыс Қазақстандағы негізгі туристік нысандардың бірі ретінде Сарыбел жағалауы жиі айтылып жүр. Суы тұнық, құмды, жанға жайлы. Десе де мұнда келушілерге жағдай жасалмаған. 

Фото: inbusiness.kz

Жуықта Сарыбел ауылдық округіне қарасты Новостройка ауылына барған болатынбыз. Жағалауда шомылуға келген туристер айтарлықтай көп. Бірі келіп жатса, бірі кетіп жатыр. Осы орайда демалушылардың бірі мұнда туалет пен қоқыс төгетін жәшіктің жоқ екендігін айтты. Сонымен бірге  интернет пен телефон байланысы мүлдем жоқ. 

– Осы жағалауға отбасымызбен келдік. Су жылы, тамаша. Әсіресе, балаларға қауіпсіз. Өкініштісі, телефон байланысы жоқ екен. Әжетхана мен қоқыс төгетін орын да жоқ. Адамдардың бәрі қайда барып жатқанын білмедік. Әнеу төбешіктің артында бір туалет тұр, есігі жабық. Түсініксіз. Жағалауда  қоқыс шашылып жатыр. Төгетін жер болмаған соң, тастап кеткен ғой. Әйнектің сынықтары жатыр. Жергілікті әкімдік бір сәт көңіл аударса дейміз. Өйткені мұнда демалушылар көп келеді. Жағдай жасалса жақсы болар еді, – дейді Мұхтар есімді туристердің бірі. 

Фото: inbusiness.kz

Шынымен де, жағалауда қалдық заттар шашылып жатыр. Әжетхананың есігінде қара құлып тұр. Туристердің сөзінше әжетханаға кіру үшін жанындағы дүңгіршектен сауда жасауың керек екен. 

Ауданда туризмді дамыту үшін қарапайым  дүниелердің болғаны азбал. Сонда су да, жағалау да ластанбайды. 

Басқа ақпарат көздерінде 2023-2024 жылдары Самар ауданының әкімдігі Бұқтырма жағалауындағы Сарыбел мен Новостройка ауылдарында муниципалды жағажай салуды жоспарлап отырғаны туралы жазған. Сонымен қатар ауылдардағы жағалау бойына санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылып, Самар-Васильевка өткелі бағытындағы облыстық жолдан Новостройка ауылына дейінгі үш шақырымдық жолға орта жөндеу жүргізілмек болыпты. 

Өкінішке қарай, жоғарыда айтқан Новостройка ауылдарына бұрылған үш шақырымның жолы әлі шұрқ тесік. 
Ал аудан әкімдігі аталған мәселелер келесі жылы шешім табатынын айтуда. 

– Самар ауданы Шығыс Қазақстандағы жағажай туризмінің негізгі аймақтарының бірі болып табылады. 70 мың туристі қабылдауға мүмкіндік бар. Сарыбел ауылының Бұқтырма су қоймасының жағалауында туризмді дамыту жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес "Самар-Васильев" өткелі облыстық маңызы бар автомобиль жолынан Сарыбел ауылына кірмежол жөнделді. Бүгінгі таңда туризмді дамыту жоспарына түзетулер енгізу жоспарлануда, – дейді Самар ауданының әкімдігі. 

Әкімдіктің мәліметінше, жағалауда 1032 үй орналасқан. Оның ішінде 2289 төсек-орынға арналған 395 үй бар, 51 демалыс базасы бар. Олардың ішінде 42 демалыс базасының жеке кәсіпкерлері басқа қалалар мен аудандарда тіркелген. 9 демалыс базасының жеке кәсіпкерлері Самар ауданында тіркелген. Айта кетейік, келер жылы аумаққа үш әжетхана салынбақшы. 

Қазір жағалауларда көзге көрінердей оңды өзгерістер байқалмайды. Тек үйлердің саны ғана артып жатыр. 

– Өткенде осы Новостройкаға келгенмін. Аяқ астынан көлігім сынып, көмек сұрайын десем, байланыс жоқ. Шарасыз үлкен жолға шығып әрең хабарластым. Ертең басқалай жағдай болса, адамдар қалай көмек сұрайды? Жедел жәрдем көлігін қалай шақырады? Негізі, бұл жер аудан орталығынан қатты алыс емес. Байланыс орнатып қоюға болады ғой, – дейді туристердің бірі. 

Сарыбел ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі мал шаруашылығы, балық пен туризмге тіке байланысты. Жағалауға келген демалушылардың саны артқан сайын, тұрғындардың да несібесі еселенетіні айтпаса да белгілі. Десе де туристерге қажетті сапалы қызметтің болуы маңызды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу