Шығыс Қазақстанның малшылары 5 млрд теңгенің субсидиясын ала алмай жүр

Оның басым бөлігі "Сыбаға" бағдарламасына тиесілі. 

Шығыс Қазақстанның малшылары 5 млрд теңгенің субсидиясын ала алмай жүр

Шығысқазақстандық шаруалардың мәселесін сенатор Дүйсенғазы Мусин үкімет басшысына депутаттық сауал ретінде жолдаған болатын. Ақыры ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы шешім шығарыпты.

Өткен жылы облысқа 5264 бас ірі қара сырттан әкелінген екен. Жалпы мал шаруашылығында елеулі сілкініс бар деуге болады. Субсидияның қызығын егіншілермен қатар малшылар да көре бастады. Тұқым түрлендіру, мал басын асылдандыру, ет экспортын ұлғайту, сүт өндірісін дамыту сияқты түрлі бағытқа арналған бағдарламалар осы салаға бөлінетін субсидия көлемін арттырды. Оны соңғы үш жылдың дерегінен-ақ байқауға болады.

2016 жылы мал шаруашылығына 7 миллиард теңгенің субсидиясы бөлінген болатын. Ал 2017 жылы бұл сома 8,8 млрд теңгеге ұлғайды. 2018 жылы  сұраныс тіпті өсті. Өйткені, ауылдағы ағайынның көзі ашық қазір.  Қай бағдарламаның тиімді, қай субсидияның қолжетімді екенін таразылап, талдау жасап отырады. "Сыбағаға" төленетін субсидияның тиімді тұстарын да ауыл халқы дер кезінде аңғарып, кәсіп ашқысы келетіндердің саны күрт артқан. Сәйкесінше, былтыр 13,2 млрд теңгеге субсидия тапсырысы түскен. Яғни "Сыбағаға" сұраныс екі жылда екі есе өсті деген сөз. 

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мұндай қызығушылық түсіндіру жұмыстарының арқасында туындап отыр деп ойлайды. Өздері түсіндіру жұмыстары бұлайша тез жеміс береді деп күтпесе керек.

"Мал шаруашылығына бөлінетін субсидия түрлерін халыққа кеңінен насихаттаған болатынбыз. Соның арқасында мал ұстап отырған халықтың белсенділігі артты. Соны байқап, ай сайын министрлікке қосымша субсидия бөлу туралы ұсыныс жолдап отырдық. Алайда ол ұсыныстар құпталмады. 2019 жылдың бірінші қаңтарында 6,2 млрд теңге субсидия қарызы пайда болды. Оның 850 млн теңгесін облыс бюджетінен төленді. Қалғанын министрліктен сұрап отырмыз", – дейді мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаев.

Расымен де, Өскеменнен ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары арнайы келіп, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға үндеген соң ауылдағы ағайын бұл іске құлшына кіріскен. Жыл ауысса да, уәде етілген субсидия әлі қайтпай отыр. Тіпті шаруалардың алды банк алдындағы несиені жаңа қарызбен жамап, тығырыққа тіреле бастаған. Түйінді тарқатуға облыстың шамасы жетпейтінін көрген соң шаруалар астанаға хатты қарша боратып жатыр. Жергілікті билік те қоларға үн қосып, облыс әкімінің атынан үкімет пен парламентке хат жолдаған. Қос палатаның депутаттары облысты аралаған кезде де ең көп қойылған сұрақ осы субсидия мәселесі болыпты. Оның кейбіріне журналист ретінде өзіміз де куә болғанбыз.

Сол сапардан оралған соң сенат дапутаты Дүйсенғазы Мусин үкіметке сауал жолдады. Жерлестерінің 5 млрд теңгенің субсидиясын ала алмай отырғанын биік мінберден айтқан депутат бұл қаржыны 2018 жылдың бюджетіне енгізуді сұрады.

"Ауыл шаруашылығы  тауар өндрушілерінің іскерлік белсенділігі артып, 2018 жылы олардың алдында мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бойынша бес миллиард теңге сомасында қарыз қалыптасты. Бұл жағдай шаруашылық нысандарға қаржылық қиындықтар әкеліп, олардың басшылары мемлекеттік органдарға жаппай жүгініп жатыр. Облыс әкімдігі мәселені шешу үшін бюджеттік бағдарламаларға бағытталған қаржыны қайта бөліп, ішкі резервтерді барынша пайдаланды. Одан артық бөлуге мүмкіндік жоқ. Осыған орай 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында Шығыс Қазақстанға бес миллиард теңге қосымша бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын", – деген премьер-министр Асқар Маминге қарата.

Сенатор сол жолы субсидия төлеу тәртібінің жиі өзгеретінін де атап, ережелердің тұрақтылығына көңіл бөлу керек деген ой айтты. Субсидия қарызының қордалануына бұл фактордың да әсері бар. Дәл осындай жағдай бізден басқа бірнеше облыста қалыптасып отыр. Соның кесірінен малшылардың алдындағы субсидия қарызы республика бойынша 20 млрд теңгеден асып кеткен.

Үкімет депутат сауалына әлі жауап бермепті. Сенатордың көмекшілері бізге осындай мәлімет берді. Заң бойынша бір айдың көлемінде  сауалға жазбаша жауап берілуі керек. Сенатор қазір сол 30 күннің толуын күтіп отыр.

Ал шаруалардың күтуге уақыты жоқ. Несие берген банк жағдайға қарап, бастарынан сипамасы анық. "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен" демекші, бір жақтан банк қысса, бір жақтан мемлекеттік кіріс департаменті қоқаңдап жатқан көрінеді.

"Былтыр мал басын көбейту үшін несие алдым. Оның алдында бірнеше басты бордақыға өткізгенмін. Мемлекет тірі салмақтың келісіне 200 теңге субсидия төлеуге тиіс болған. Соның бәрін қосқанда 11 млн теңге субсидия алуым керек. Банктен бұрын мемлекеттік кіріс өкілдері қатты қысып жатыр. Былтыр 25 млн теңгенің субсидиясына өтінім бергенмін. Оның 10 пайызын қосымша құн салығы ретінде мемлекетке аударуым қажет. Субсидия толық төленбегендіктен, оған мүмкіндік болмады. Қазірдің өзінде 72 мың теңге өсім пайда болды. 15 сәуірге дейін төленбесе қаржылық шоттарым бұғатталады. Біздің қожалық 2013 жылы құрылған, қор бар. Сондықтан амалдап жатырмыз. Ал жаңадан мал алып, істі нөлден бастағандарды бұл жағдай ауыр тиюде. 40-50 млн теңгеге дейін субсидиясын ала алмай жүргендерді білем. Бәрінен бұрын соларға қиын", – дейді Жарма ауданындағы "Санияз" шаруа қожалығының иесі Ерболат Саниязов.

Ауылдағы елдің жанайқайы астанаға жеткен сияқты.  Бүгін басқарма өкілі Ертай Қуанбаев хабарласып, министрлік арнайы шешім шығарғанын айтты.

"26 наурыз күні ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы шешім қабылдады. Былтырғы жылдан қалған субсидия қарызын биылғы бюджет есебінен төлейтін болдық. 2019 жылға 8,5 млрд теңге бөлінген. Енді оның 5 млрд теңгесін қарыз жабуға жұмсаймыз. Министрліктің шешімі негізінде облыс әкімінің қаулысы шығу керек. Ақша дайын, сәуір-мамыр айларында құжаттарын дайындап, шаруаларға аудара бастаймыз. Ал биылға 3,5 млрд теңге ғана қалады. Яғни, келесі жылы да қарыз қордалануы мүмкін. Оны болдырмас үшін бюджетке өзгеріс енгізу қажет. Тамыз-қыркүйек айларында республикалық бюджет  қайта қаралады. Сол кезде бес миллиард теңгені енгізе алсақ, қарыз мәселесі біржола шешіледі", – дейді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу