Шығыста көпбалалы аналарға берілген үйдің төбесінен су сорғалап тұр

2318

Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданында "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасымен салынған үйлер сапасыз болып шықты. Төбесінен су сорғалап, қабырғалары жарылып кеткен, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Шығыста көпбалалы аналарға берілген үйдің төбесінен су сорғалап тұр

Зайсан ауданының орталығында салынған үйлердің кілттері былтыр қыстың басында көпбалалы аналарға табысталған болатын. Сол үшін ай сайын 17 мың теңге пәтер ақысын төлеп келген. Өкінішке қарай, баспаналы болған жандардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көпбалалы аналардың базынасын қоғам белсендісі, журналист Еркебұлан Зағыппаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көтерді.

"Былтыр пайдалануға берілген "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясындағы көпбалалы аналарға берілген үйдің төбесінен сорғалап жаңбыр суы ағып тұр. Сапа қайда?! Арық атқа қамшы жау, жыртық үйге тамшы жау! Шырылдаған көпбалалы аналар "жауапты мердігерлерден қайыр жоқ" деп мұңын артып, жанайқайын жеткізуде. Осыны қозғасаңыз деп тағы да көпбалалы аналар ұсыныс жасап, шағым артты. Алғаш берілгендегі сапасыздық ол бір төбе еді. Уақыт өткен сайын сапасыз құрылыс сыр бере бастағандай ма?! Қыстың көзі қырауда, жұқа әрі тесік төбеден қаңтардың аязы қысқанда не болар екен?! Жаңа Қазақстанды құрамыз деп жатқанда, ескі Қазақстанның қоқыстары қопсып жатқаны-ай!!! Жауапкершіліктен жалтарып кеткен шенділерге әзір сот та, отта жоқ екен!!!",– деп ашына жазды Еркебұлан Зағыппаров.

Видеода электр тоғы тартылған тұстан жаңбыр суының сорғалап тұрғаны анық көрініп тұр. Үй иелері шелектеп, су тасып жүр.

Мәселенің мән-жайын білу үшін пәтер иелерімен сөйлесіп көрдік. 

"Көпбалалы анамын. Бұл үйлерді былтыр алдық. Алғашында баспаналы болып, қатты қуанғанымыз, рас. Бірақ кейін үйдің кем-кетігі шыға бастады. Ұсақ-түйек болса, жарар еді. Үйдің қабырғалары жарылып, төбеден су сорғалап тұр. Жаңбыр жауса, көктемде қар ерігенде, шелектеп су шығарамыз. Былтырдан бері осындай күн кешіп келеміз. Ең қорқыныштысы жаңбыр суы электр тоғының түбінен ағады. Қазір ол жердің тоғы істемейді. Үйде бабаларым бар. Қорқасың. Су аққанда тоқ жарқылдап кетеді, - дейді Зайсан ауданының тұрғыны Сағыныш Солтанбеқызы.

Көпбалалы ана мердігердің жауапкершіліктен қашып жүргенін айтты. "Әне-міне" деп екінші қысқа да жеткізген. 

"Төбе мен жерден жел соғып тұрады. Денсаулығымызға зиян ғой. Мердігер  кем-кетіктерді басқа бір жұмысшыларды шақыртып істетсеңіздер, ақшасын беретінін айтқан. Ол құр уәде ғана болып қалды. Ақшасын да төлеген жоқ. "Қаржы бөлінбей жатыр" деумен әлі келеді. Осы кезде телефонымызды да көтермйді. Сапасыз құрылыстың кесірінен әлі күнге дейін кей жерлерін өзіміз жөндеп келеміз. Бюджеттен ақша бөлінгенде құырлысты толық аяқтауға жетуі керек емес пе?",– дейді көпбалалы ана Сағыныш Солтанбеқызы. 

Тұрғындардың айтуынша, мұндағы үйлер жауынға да, қар суына да шыдас бермеген.

"Бізді осы үйге кіргізгенде құрылысы дұрыс аяқталмаған. Сол кезде мердігер көктемде істеп беретінін айтқан. Үйіміздің төбесі өте жұқа. Іші дымқылданып кетеді. Жаңадан жиһаздар алдым, көгеріп кетті. Баспанамыздың қабырғалары да көк. Іргетасы қопсып, үгіліп жатыр. Көктемде бүкіл қардың суы үйімнің ішіне дейін кіріп кетті", – дейді ауыл тұрғыны Әсем Кудеринова.

Көпбалалы аналар үдің есік-терезелері де дұрыс жабылмайтындығын айтады. Есік ашылса, жабылмайды. Жабылса, ашылмайды. 

Көпбалалы аналардың мәселесін әкімдік пен мердігер бір-біріне сілтей берген. 
Мәселенің мән-жайын білу үшін аудан әкімдігіне де хабарластық. 

"Тұрғын үйлер "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы арқылы салынып, 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. 31 екі пәтерлі жер үйлер (62 пәтер) салынған. Құрылысты салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Мердігер ЖК Келгенбаев Тимур және Ажықанов Айдын. Бұл үйлер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға берілген. Бір үйдің негізгі құны – 14 млн теңге. Қазірге таңда сотқа талап арыздар жолданды", – деп мәлімдеме жасады Зайсан ауданының әкімдігі.

Тұрғындар құзырлы органдардан мердігерді жауапқа тартуды талап етуде. "Қыстың көзі қырауда" дегендейін ауданда жауынның соңы ақ қарға ұласып, жауапты мердігердің жауапсыздығы көпбалалы аналарды тағы әбігерге салайын деп тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу