Шым-шытырық нәтижелер біздің футболға да жетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2492

Қазақстан премьер-лигасының 10-туры кездейсоқ нәтижелерге толы болды.

Шым-шытырық нәтижелер біздің футболға да жетті

Қазақстан премьер-лигасындағы клубтар Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы керемет камбэктерді көріп, жігерленіп алған ба, 10-турда тосын нәтижелер аз болған жоқ. Негізінен, көш басындағы клубтар ұтылып, турнир кестесінде командалардың арасы жинақталып, ұпай айырмалары қысқара түсті.

Екі ойын сенбі күні өткен. "Астана" Таразға барып, екінші рет қатарынан ұтылды. Бұл жолы "Тараз" клубынан 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Өткен турда "Ертістен" 0:1 есебімен ұтылғандығын ескерсек, екі тур болды, елордалықтар жеңіске жетпек түгілі, гол соға алмай, пұшайман болып жүр.

"Ертіс" болса, өткен турдағы ерлігін қайталай алмады. Өз алаңында Шымкенттен келген "Ордабасы" клубынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Керекуліктер бар күш-жігерлерін өткен турда сарқ етіп алғандай. Бұл ойындағы Тоқтар Жаңғылышбайдың голы керемет әдемі соғылғандығын, ерекше атап өткіміз келеді.

"Шахтер" мен "Жетісу" бейтарап алаңда, яғни "Астана-Арена" стадионында ойнаған. Көшбасшылардың өкшесін басып келе жатқан талдықорғандықтар жеңіске жетсе, жоғары көтерілер еді. Алайда Огайдың шәкірттері де 0:2 есебімен жеңілістің кермек дәмін татты. Кеншілер клубы ауадай қажет үш ұпайды қоржынына салды.

"Тобыл" "Астананың" сүрінгенін пайдаланып, ұпай айырмасын қысқарта алмады. Керісінше, қостанайлықтар Қызылордада "Қайсардан" ойсырай ұтылды. Негізгі қақпашысы Эмиль Балаевты шығармай, өз қақпасынан бес рет доп "қармады". Сөйтіп, осыдан төрт күн бұрын "Қайратты" 5:1 есебімен жүндей түтсе, бүгін "Қайсардан" 1:5 есебімен оңбай жеңілді.    

Алматының "Қайраты" тағы ұтылды. Бұл жолы ойын өрнегі үйлеспей, көш соңында жүрген "Атырауға" есе жіберіп алды. Жас бапкері Тұңғышбаевты қосалқы құрам орындығында ұстап, Исламханды ойынға тек екінші таймда қосты. Атыраулықтардың тағы бір голын төреші заңды түрде есепке алған жоқ.

"Ақтөбенің" де ойыны қожырап, кежегесі кейін тартып барады. Бүгін олар өз алаңында "Оқжетпестен" ұтылып қалды. Екінші таймның ортасында бір ойыншысы алаңнан қуылып, жүйкелері сыр берді. Ал Көкше клубының ойыншылары жанкештілік танытты.

"Тараз" – "Астана" – 2:0

Голдар: Ньюадзи, 48-пенальтиден. Лобжанидзе, 76.

"Ертіс" – "Ордабасы" – 0:2

Голдар: Жаңғылышбай, 42. Пауло Жоао, 58.

"Шахтер" – "Жетісу" – 2:0

Голдар: Пайруз, 2.Пешич, 86.

59-минутта Керімжанов ("Ж") алаңнан қуылды /екінші ескерту/.

"Қайсар" – "Тобыл" – 5:1

Голдар: Барсегян, 8 (1:0). Мбомбо, 38 (2:0). Тағыберген, 44 (3:0). Квеквескири, 47 (3:1). Барсегян, 85 (4:1). Абзалов, 90+4 (5:1).

"Атырау" – "Қайрат" – 2:1

Голдар: Жунич, 34-пенальтиден (1:0). Эсеола, 36 (1:1). Аблитаров, 69 (2:1).

"Ақтөбе" – "Оқжетпес" – 0:2

Голдар: Көкеев, 32-өз қақпасына. Дмитриев, 54.

77-минутта Таңжарықов ("А") алаңнан қуылды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу