Жарыстың бірінші күні қолайсыз ауа райымен есте қалды. Осыған байланысты қатысушылар өздерінің ең үздік нәтижелерін көрсете алмады. Әйелдер арасындағы алғашқы финал қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы Анастасия Городко үздік алтылыққа кірді. Алайда ол жүлде үшін күресе алмады. Себебі жарыстар тоқтатылып, нәтижелер сол кезеңдегі көрсеткіштерге сәйкес анықталды.
Осылайша, әйелдер арасындағы жарыстың нәтижелері алғашқы финалдың қорытындысы бойынша анықталды: Анастасия Городко алтыншы, ал Юлия Галышева жетінші орын алды. Алтын америкалық спортшы Тесс Джонсон және күміс медаль оның жерлесі Джелин Кауфқа бұйырса, қола жүлдені жапониялық Рино Янагимото иеленді.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Оған жарысты ұйымдастырушылар мен Қазақстанның фристайл-могулдан ұлттық құрамасының бас бапкерлері қатысып, спортшылардың өнеріне қатысты пікір білдірді.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина бүгінгі финалдың нәтижесі іріктеу кезеңінің көрсеткіштері бойынша анықталғанын және бұл команданың толыққанды дайындық деңгейін көрсетуге мүмкіндік бермегенін атап өтті.
"Қандай да бір қорытынды жасау қиын. Бұл – спорт, мұнда бәрі әрқашан спортшыларға байланысты бола бермейді. Бүгін сәттілік үлкен рөл атқарды. Ал біздің аздап жолымыз болмады", – деп мәлімдеді Круглыхина.
Ерлер арасындағы алғашқы финал да соңына дейін өткізілмеді. Бұл кезеңде қазақстандық Павел Колмаков бесінші орынға тұрақтады. Канадалық Микаэль Кингсбери жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені оңтүстіккореялық Дайеоон Унг, ал қоланы жапониялық Икума Хорисима жеңіп алды.
Турнир 2-наурызға дейін жалғасады.