Шымкент шаршы алаңындағы шиеленісті шайқастар

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3777

Бокстан ерлер арасындағы тоғыз күнге созылған ХХV Қазақстан чемпионаты аяқталды.

Шымкент шаршы алаңындағы шиеленісті шайқастар Фото: kfb.kz

Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы ел чемпионатына еліміздің барлық аймағынан 190-нан астам боксшы қатысыпты. Өкінішке қарай, AIBA-дан жоғары дәрежелі екі шетелдік қазы шақыртылса да, 2017 жылғы төл біріншілігіміздің қайсыбір жекпе-жектерінде төрешілер деңгейі, нақтырақ айтқанда, шешімдері күмәнді болғандай...
Мәселен, екі жекпе-жектің нәтижесі қайта қаралып, төрешілер шешімі өзгертілді. Екеуі де жай ғана жекпе-жектер емес, біреуі жартылай финалдағы, екіншісі тіпті финалдағы маңызды айқастар болатын. Атап айтқанда, жартылай финалда Антон Пинчукке (91 келі), ал финалда Олжас Байниязовқа (52 келі) жеңіс қайта қаралған соң берілді. Негізі, шаршы алаңда олардың қарсыластарының қолдары көтерілген болатын. Сондықтан болар, әлеуметттік желілерде де төрешілер шешіміне наразылық білдіруші жанкүйерлер аз емес. 
Десек те, бұл чемпионаттың берері мол болғандай. Себебі, ел боксының дәл қазіргі жағдайын бағамдап, саралауға мүмкіндік туды. Бірқатар салмақ дәрежесінде жас таланттар бой көрсетіп келе жатқанына көз жеткіздік. Сондай-ақ Рио Олимпиадасынан кейін көрінбей кеткен саңлақтарымыздың біразы шаршы алаңға шығып, өз шеберліктерін паш етті.
Бұл тұрғыда, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, 81 келідегі Әділбек Ниязымбетовті бөле-жара атап өтуге болады. Ол көрермендер мен мамандарды техникалық шеберлігімен тәнті етті. Ал осы салмақтағы әлем чемпионы, Жәнібек Әлімханұлы керісінше, ширек финалда 19 жастағы Михаил Коханчиктен ұтылып қалып, жанкүйерлерін жасытты. Неге екені белгісіз, жеңіске деген жігер танытпады...
Шымкент шаршы алаңындағы ерекше көзге түскен жастар да аз болған жоқ. Осы ретте, мамандарға да, жанкүйерлерге де Бек Нұрмағанбет, Бекзат Нұрдәулетов (екеуі де – 81 келі), Санатәлі Төлтаев (64 келі), Абай Төлеш, Тұрсынбай Құлахмет (екеуі де – 75 келі), Ертуған Зейноллинов, Сұлтан Заурбек (екеуі де – 60 келі), Бекболат Құрамысов (69 келі), Нұрболат Сермаханов, Айболды Дәуренұлы (екеуі де – ең ауыр салмақ) сынды жігіттердің ұнағандарын атап өткен жөн болар.
Ал 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асланбек Шымбергенов Қазақстан бокс федерациясының шешімімен ХХV ел чемпионатының ең үздік боксшысы болып танылды. "Астана Арландары" клубының сапында шеберлігін шыңдай түскен Шымбергеновтің Шымкент шаршы алаңындағы өнері көпшілік көңілінен шықты.

ХХV Қазақстан чемпионаты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
49 келі
1. Теміртас Жүсіпов (Ақмола обл)
2. Шалқар Айқынбай (ОҚО)
3. Сабыр Жолаушиев (Павлодар обл), Жандос Несіпжан (Алматы обл)
52 келі
1. Олжас Байниязов (ОҚО)
2. Азамат Исақұлов (Маңғыстау)
3. Әнуар Мұзапаров (Алматы обл), Абай Қуандықов (Ақтөбе обл)
56 келі
1. Ілияс Сүлейменов (Астана)
2. Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл обл)
3. Нұрсұлтан Көшеғұлов (Ақмола обл), Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау)
60 келі
1. Берік Әбдірахманов (Маңғыстау)
2. Закир Сафиуллин (ОҚО)
3. Ертуған Зейноллинов (Алматы обл), Әділет Құрметов (ШҚО)
64 келі
1. Бекдәулет Ибрагимов (ОҚО)
2. Сабыржан Бекбергенов (Ақмола обл)
3. Қуан Қуатов (Павлодар обл), Санатәлі Төлтаев (Алматы)
69 келі
1. Асланбек Шымбергенов (Жамбыл обл)
2. Қанағат Маралов (Астана)
3. Бекболат Құрамысов (Алматы обл), Рустам Шаймерденов (Қарағанды обл)
75 келі
1. Абай Төлеш (ОҚО)
2. Ерік Әлжанов (Маңғыстау)
3. Сапарбай Айдаров (Алматы), Владислав Столбовский (Қарағанды обл)
81 келі
1. Әділбек Ниязымбетов (Маңғыстау)
2. Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау)
3. Бек Нұрмағанбет (ОҚО), Михаил Коханчик (Қостанай обл)
91 келі
1. Антон Пинчук (Қостанай обл)
2. Нұрбол Алтаев (Атырау обл)
3. Абзал Құттыбеков (ОҚО), Еркін Мұхамеджан (ОҚО)
+91 келі
1. Нұрсұлтан Аманжолов (Жамбыл обл)
2. Олжас Бұқаев (Павлодар обл)
3. Нұрболат Сермаханов (Астана), Айболды Дәуренұлы (Маңғыстау)
Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу