Шымкент: Жалға алған үй жарылды

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4142

Сәбидің өмірін бесік сақтап қалды, ал анасы қаза болды.

Шымкент: Жалға алған үй жарылды Фото: Ақжол Қараспан

Шымкентте 8 қаңтар күні 2 қабатты жеке тұрғын үй опырылып құлап, 1 адам қаза тапты. Құтқару жұмыстары кезінде үйіндінің астынан 4 адам шығарылып, олардың 3-еуі ауруханаға жеткізілді. 1 адам ауруханаға барудан бас тартты.

Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, оқиға Халықтар достығы №47 үйде түнгі сағат 03:35- те орын алған. Газ баллонының жарылуы салдарынан барак тәріздес 2 қабатты тұрғын үй опырылып құлаған.

"Облыстық Төтенше жағдай департаментіне дабыл 8 қаңтар күні түнгі сағат 03:55-те келіп түсті. Оқиға орнына сағат 04:07-де бірінші болып жеке құрамында 11 адам және 2 техникасы бар жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі жетті. Жарылыс үйдің 64 шаршы метрін қиратты", –  дейді облыстық Төтенше жағдай департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов.

Құтқару жұмыстарына облыстық Төтенше жағдай департаментінен 23 адам, 3 техника, жедел құтқару жасағынан 44 қызметкер мен 6 техника, өрт сөндіру және апатты-құтқару қызметінен 17 маман мен 4 техника сонымен қатар құрамында 16 адам мен 4 техникасы бар жедел медициналық жәрдем қызметі жұмылдырылды. Іс барысында ОҚО Ішкі істер департаментінің 30 қызметкері оқиға орнын қоршаса, энергетика және газ шаруашылығы қызметінің 4 өкілі электр қуаты мен газды ажыратты.

Жарылыс болған үйге бірінші болып жақын маңда тұратын ҚР Ұлттық Ұланының қызметшісі, старшина Руслан Бахрамов жетіпті. Ол дереу іске кірісіп, үйінді астынан бесікте жатқан нәрестені аман алып шығыпты.

Бір жасар Аружан есімді қыз баланы қиранды астында қалып қоюдан бесік құтқарып қалыпты. Алдын ала жасалған болжамға сүйенсек, жарылыс кезінде бесіктің үстіне шаңырақты ұстап тұрған үлкен ағаш түсіпті. Нақтырақ айтсақ, бесіктің жоғары бөлігі баланы ауыр жарақаттан сақтап қалған. Өкінішке орай, Аружанның анасын құтқару мүмкін болмапты. Оқыс оқиғадан 1988 жылы туған Сабина Орынбаева қайтыс болды.

"Сағат 04:25-те үйіндінің астынан бірінші болып 2015 жылы туған сәби шығарылды. Ал сағат 04:28-де сәбидің әкесі, 4 минуттан кейін анасының өлі денесі шығарылды", –  дейді облыстық Төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрболат Бекболатұлы.

Үйінді астынан шығарылған 1996 жылы туған Қарлығаш Аханова 2- дәрежелі күйік жарақатымен Күйік орталығына жеткізіліпті. Ал дене жарақатын алған 1957 жылы туылған Әсия Орынбаева мен 1985 жылы туған Дәурен Жұмалиев Шымкенттегі жедел медициналық ауруханасына орналастырылды.

"Зардап шеккендердің жағдайы жақсы. Оларға барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – дейді дәрігерлер.

Бүгін оқыс оқиға орнына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы келіп, зардап шекендерге тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

"Зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылды. Зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқыс оқиғадан жапа шеккен отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш яғни 226900 теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Сонымен қатар оларға уақытша тұруға баспана беріледі. Ал отбасы мүшелері қайтыс болған адамдарға материалды көмек көрсетіледі", –  дейді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.

Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газды дұрыс қолданбағаннан болған.

"ҚазТрансГаз" АҚ ОҚО филиалының мамандары жарылыс газ шлангаларының камин пешіне рұқсатсыз жалғануынан болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Себебі жалға берілген үйдегі жылу жүйесі нашар болғандықтан газ шлангалары ирандық камин пешіне тікелей жалғанған.

Ал жарылыс болған үйдің иесі Амангелді Сәуірбаев тозығы жеткен үйін 2 отбасыға жалға беріп келгенін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу