Шымкентте 628 емделушіні сан соқтырған алаяқтарға үкім шықты

Алаяқтардың басты фигуранты 10 жылға, ал оның сыбайластары 6,5 және 5,5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.  

Шымкентте 628 емделушіні сан соқтырған алаяқтарға үкім шықты

Көпті дүрліктірген оқиға туралы осыдан шамамен 1,5 жарым жыл бұрын белгілі болды. Алаяқтарға алданып қалдық деген бір топ тұрғын құзырлы органдарға шағым түсіріп, әділдік іздеп шарқ ұрған болатын. Айтуларынша, қалада жеке клиникалардың бірінен әлдекімдер хабарласып, сенімдеріне кіріп алған. Кейінірек қайта-қайта телефон шалып, клиникаға шақыртқан. Массаж бен косметикалық  қызметтерді көрсетеміз дегендер келушілерді диагностикадан өткізіп, сырқатыңнан айықтырамыз деп уәдені үйіп-төгіпті. Ал ақшасы жоқтарға екінші деңгейлі банктер арқылы несие рәсімдеп беріп отырған. Жәбірленушілердің алды 250 мың теңгеден жарты млн теңгеге дейін несие алған.

"Беліңізде грыжа бар екен, соны емдеу керек" деп қоймай шақырған соң бардым. Несие рәсімдеп берді, алғашында апта сайын келіп жүріп, кейін клиниканы мүлдем таппай қалдым. Есесіне 1,5 жыл болды, несиені төлеп отырмын.... Клиника жоқ, біз ақшаны текке төлеп отырмыз. Ал төлемесек, банк жанымызды қоймай жатыр. Күн-түн демей хабарласады. Осы үшін үйімізден де береке қашты", – деді сот отырысына келген жәбірленушілердің бір тобы.

Көпті шулатқан іске қатысты сот отырысы Әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Жәбірленушілер саны 600-ден астам болғандықтан, олардың барлығы бір сот залына сыймады, сондықтан бірнеше залға отырғызылды.

Қылмыстық істің басты фигуранты қамауда отырған ресейлік азамат үкімді онлайн тыңдады. Сотта айтылған деректерге сенсек, сотталушылар  басқа сыбайластарымен алдын ала сөз байласуы арқылы  2017-2019 жылдары алаяқтық пиғылын іске асырған. 

Жалған медициналық клиникалар ашқан олар келісімшарт арқылы 125 млн теңгеден астам пайда тапқан соң қызметтерін тоқтатқан. Істің басты фигуранты Ресей азаматы Алексей Гончарев Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағымен айыпты деп танылды.

Судья Болат Қарабаев оған 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын тағайындап, медициналық қызмет көрсетуге байланысты кәсіпкерлікпен айналысуына  өмір бойына  шектеу қойды. Ал олардың сыбайластары, клиникада өзге де қызмет атқарған үш келіншектің біреуі 6 жыл 6 айға, қалған екеуі 5 жыл 6 айға сотталды. Сонымен қатар сотталушылар жәбірленушілердің шығынын өтейтін болды.

Сотталғандар арасында кәмелет жасына толмаған кішкентай балалы жалғызбасты аналар да бар. Сотта аналары жазасын өтеп шыққанша, балалар  мемлекет қамқорлығына берілетіні айтылды. 

Айта кетейік, бас бостандығынан айырылғандар қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде жазаларын өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Жансая Тәуекелқызы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу