Шымкентте АӘК алатындар қайта тексеруден өтеді

3484

Еліміздің үшінші мегаполисінде атаулы әлеуметтік көмекті алуға 74 520 отбасы өтініш бергенімен, оның тек 52 874 ғана тиісті қаржыға қол жеткізген.  

Шымкентте АӘК алатындар қайта тексеруден өтеді

Бұл жөнінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев хабарлады.

Балтаевтың сөзіне сенсек, республикалық бюджеттен 52 мыңнан астам отбасыға 44,6 млрд теңге тағайындалған.

"Жыл басынана бері атаулы әлеуметтік көмек алуға 74 520 отбасынан өтініш түсті. Бүгінде оның 62 731 арнайы комиссиямен қаралып, 52 874 отбасыға 44, 6 млрд теңге тағайындалған. Табысы асып кеткен 9 801 өтініш (15,6%) кері қайтарылды. Өтініштерді кері қайтару бойынша республикада алтыншы орындамыз. Биыл қабылданған өтініштердің саны 2018 жылмен салыстырғанда (10,8 мың отбасы) 6,9 %-ға өскен", – дейді ол.

Табысын жасырып күні бүгінге дейін атаулы әлеуметтік көмек алған 3 отбасы мемлекетке 828,4 мың теңге көлеміндегі қаржыны кері қайтарған. Сондай-ақ тексеру жұмыстары тағы да жүргізілетін болады.

"Мысалы, есігінің алдынан дүкен ашып алған адамдар бар. Бірақ олар "жұмыс істемеймін, ресми кірісім жоқ" дейді.  Алайда есік алдында дүкені, "ТҚО-сы", автожуу орталығы немесе жалға берген жері бар. Олардың кірістері базадан көрінбейді. Бізге келгенде, "ештеңем жоқ, еш жерде жұмыс істемеймін" дейді. Сондай кісілерді анықтау үшін әкімдік тарапынан комиссия құрылады. Тұрғындардың шағымына байланысты қайта тексеру жүріп жатыр. Мәселен, кейбір адамдар "мен мұқтаж болсам да көмек ала алмай отырмын. Бірақ көршім жағдайы жақсы бола тұра көмек алып жатыр" деп шағымдануда. Осындай наразылықтар көп болғандықтан, қайта тексеруге жұмысшы топ құрылған. Халықтың шағымы көбейгендіктен, оны қайта тексеру керек болып отыр", – дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Дархан Беласаров.

Десе де, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жұмысына жергілікті тұрғындар тарапынан арыз көп. Бұл жөнінде жергілікті халық ҚР мемлекеттік қызмет істері Шымкент қаласы бойынша департаментіне шағымды қарша боратқан. Сол себепті департамент мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, 21 мың теңгені тағайындау барысында бірқатар олқылық орын алғанын анықтады. Бұған дейінде әдеп жөніндегі кеңес тарапынан Ғалымжан  Талғатұлына заң бұзушылықтарға жол бермей, қоғаммен тығыз байланыс орнату жөнінде ескертулер айтылған. Бірақ лауазым иесі оңды қорытынды  шығармапты. Сондықтан әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысымен Ғалымжан Балтаевқа сөгіс жарияланған. Егер басқарма басшысы алдағы уақытта өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарамаса, оның мәселесі әдеп жөніндегі кеңесте қатаң түрде қаралмақ.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу