Шымкентте бейбіт шеруге шыққандар билікке қандай талап қойды?

4418

Қала полициясы шерушілердің қозғалысына шектеу жасап, күш көрсеткен жоқ.

Шымкентте бейбіт шеруге шыққандар билікке қандай талап қойды?

24 маусым күні Түркістан облысының Арыс қаласында болған жойқын жарылыстардан кейін, қала тұрғындарының 80 пайызға жуығы Шымкент шаһарына орналастырылған. Шымқаладағы "Ақмешіт" мешітін паналап жүрген арыстықтар бүгін бейбіт шеруге шықты. 

Нақтырақ айтқанда, арыстықтар қаладағы Темірлан тас жолындағы көлік қозғалысын тоқтатып, Шымкенттің орталығын бетке алды.

Бейбіт шеруге шыққан арыстықтар Шымкенттен немесе басқа жақтан үй салып беруді талап етіп отыр. Өйткені қалаға қайта барғылары келмейді және ондағы ауаның таза екеніне де сенбейді.

"Арыс қаласына қайтып бармаймыз. Қайдан барасың? Бомба төртінші рет жарылып жатыр. Бұл қалай тоқтайды? Бәрін сатып жатыр. Халық мал құрлы болмады ғой. Халықтан мал қымбат болды ғой. Үйлерді қашанғы жөндемек, қашанғы біз қырыла береміз? Бомбалар жойылған жоқ. Бомбалар жойылса, Шымкентің де жоқ болады. Жарылыс болған кезде бізге мемлекеттен көмек келген жоқ. Бәріміз шыққаннан кейін барып таси бастады. Арысқа кіргендер қышыма болып жатыр. Ауада радиация жоқ деген өтірік.  Құр уәдеге тойдық. Үш-ақ адам өлді дейді. Қандай үш адам? Газельмен бірге жанып кеткен балалар бар. Өз көзіммен көрдім. Тым болмаса, құдайдан қорықса қайтеді? Мына жерде бір-ақ адамның жаназасын шығарып үлгерді", - дейді шерушілердің бірі Арман Байбөгенов.

Ал, қала полициясы шерушілердің қозғалысына шектеу жасап, күш көрсеткен жоқ. Тек бақылап, бейбіт шеруге қатысушылармен бірге жаяу жүріп отырды. 

Арыстықтар орналасқан мектепті  бетке алған шерушілер күннің ыстығында шөлдеп, дүкендерді тонамаққа бекінген. Бірақ өз-өздерін сабырға шақырып, бұзақылық әрекетке бармады. Есесіне, оларды шымкенттіктер жолда ауыз сумен қамтамасыз етіп отырды.

 

Шерудің келе жатқанын ерте аңғарған кей кәсіпкерлер дүкендер мен әсемдік салондарының есіктерін жауып үлгерген.

Шеруге шыққандар кенет бағыттарын бұрып, Бейбітшілік көшесіндегі "Нұр Отан" партиясының Шымкент қалалық ғимаратын бетке алды. 

Көше бойында шеруді тамашалауға шыққан шымкенттіктерді арыстықтар шеруге шақырды.

Билік партиясының ғимаратына келген шерушілер бастапқыда  "Нұр отан" партиясының терезелерін сындыруға оқталған. Осы жерде полиция араласып, екі тарап арасында кішігірім қақтығыс орын алды. Дегенмен полицейлер оларды ғимарат алдынан тықсырып шығарды.

Бұдан кейін, шеруге қатысушылар Әл Фараби алаңын бетке алды.  

Әл Фараби алаңында оларды Түркістан облысы мәслихатының депутаты, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, имамдар сабырға шақырды. Алайда олар әкімдердің келуін талап етіп тұрып алды.  

Арада шамамен бір сағат өткенде, шерушілердің бір бөлігі "Ақмешітке" қайтуға оқталған. Мақсаттары мешіт маңындағы Алматы трассасын жабу болатын. Дегенмен бұл бастаманы шеруге қатысушылардың дені қолдамай, өзара біраз келісе алмай сөзге келіп қалды. Осы кезде, әлеуметтік желілер арқылы есімі елге танылған діндар Әбдіғаппар Сманов келіп, оларға сабырлық жайлы уағыз оқып, тынышталуға, шүкіршілік етуге шақырған. Алайда шерушілер әкім келмей  алаңнан жылжымайтындарын айтып тұрып алды.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу