Спорт кешені еліміздегі ең үлкен стадион болмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Болашақ стадионның іргетасын қалауға арналған іс-шараға дизайнерлер, құрылысшылар, спортшылар және қала тұрғындары қатысты.
Қала әкімі құттықтау сөзінде жобаның Шымкент үшін маңыздылығын атап өтті.
"Біз тарихи сәттің куәсі болу үшін жиналдық. Қаламызда кең көлемді футбол стадионының қажеттілігі туралы мәселе әлдеқашан көтерілген. Бүгін іргетасын қаладық. Баршамызды шын жүректен құттықтаймын", – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Жаңа стадионның аумағы 21 гектарды құрайды. Бұл матчтарға арналған кең ойын алаңы мен жаттығуға арналған ауқымды инфрақұрылымдарды салуға мүмкіндік береді.
Стадион халықаралық стандарттарға және УЕФА-ның барлық талаптарына сай салынбақ.
Шымкентте қазір 18 мың адам сыятын бір ғана үлкен стадион бар. Оның өзі бұдан 55 жыл бұрын салынған. Жаңа спорт нысанының құрылысы екі жылда аяқталады деп жоспарланған.