Шымкентте көз жұмған жігітті өз досы атқан

Ресми емес ақпаратқа сенсек, атыс криминалды авторитетпен байланысы бар ер азаматтар арасында орын алған болуы мүмкін.  

Шымкентте көз жұмған жігітті өз досы атқан

Оқиға болған жерге қалалық Полиция департаментінің бастығының өзі барған.  Шымкентте 10 тамыз, кешкі уақытта мейрамханалардың бірінде атыс болды. Оқиға орнында бір ер азамат қайтыс болды. Ал екіншісі бірнеше оқ жарақатын алған. 

Шымкент қалалық №1 аурухананың бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан Естемесовтің айтуынша, атыс салдарынан зардап шеккен 1985 жылы дүниеге келген науқас оқиға орнынан жедел жәрдем көлігімен ауруханаға ауыр халде жеткізілген. 

"Науқас бізге кеуде қуысының ашық, құрсақ қуысының жабық жарақаты, екі балтырының оқ жарақатымен келіп түсті. Анықталғаны, сол және оң жақ өкпе қуысының және екі балтырының ашық оқ жарақаты, құрсақ қуысының жабық жарақаты, он екі ішек пен тоқ ішектің зақымдалуы болған. Жағдайы ауыр болды, оған дереу ота жасалынды. Көп қан жоғалтқан. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Есін біледі, бірақ жағдайы ауыр тұрақты", – деді дәрігер. 

Медицина маманының сөзінше, ота кезінде тек екі оқ алыныпты. Алдағы уақытта науқасқа тағы да ота жасалады. 

Қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетовтің мәліметінше, мейрамханада бір дастархан басында 7 азамат бірге отырған және олар бір-бірімен жақын араласқан. Алайда қаланың бас полицейінің айтуынша, бұл екі жақтағы атыс болмауы мүмкін. Себебі оқты бір адам атуы ғажап емес. Және қару түрі де әзірге айтылмайды. 

"Орын алған қылмыстық іс бойынша бір азамат оқ жарақатынан көз жұмды, біреуі ауруханада. Қалған бесеуіне іздеу жарияланды, ұсталғандары бар. Бірақ тергеу құпиялығына байланысты нақты қанша күдіктінің құрықталғанын айта алмаймын. Бұл факт бойынша біз Қылмыстық кодекстің 99 және 287-баптары бойынша іс қозғадық. Оқиғаның неден орын алғанын да айта алмаймыз. Белгілісі, көз жұмған жігіт пен оны атты деген болжаммен күдікке ілінген азамат екеуі жақсы дос болған. Барлығы тергеу амалдарынан соң белгілі болады", – деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, Ералы Жұмаханбетов күдікке ілінгендердің қылмыс әлемінің серкесіне қатысы бар-жоқтығын да нақты айта алмайтынын жеткізді.  
Айта кетерлігі, Kozachkov offside телеграм каналы атысқа қатысы бар деген күдікпен 1989 жылы дүниеге келген ер азаматқа іздеу жарияланғанын хабарлады. Және дәл осы каналда күдіктінің қылмыс әлемінің серкесі деп танылған "Жабайы Арман", яғни, Арман Жұмагелдиевпен бірге түскен суретін жария етті. Әлеуметтік желілердегі парақшалардан бұл азаматтың Арман Жұмагелдиевтің Түркиядан Қазақстанға жолдаған мыңдаған дәрі-дәрмекті жерлестеріне таратқаны туралы видеоларды көруге болады. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу