Шымкентте тағы да шу: Запастағы сарбаздар әкімдікке барды

Төтенше жағдай кезінде арнаулы әскери жиынға қабылданғандар жалақы мәселесін көтерді. 

Шымкентте тағы да шу: Запастағы сарбаздар әкімдікке барды

Бейбіт күнде әскерилер сапына қосылған  запастағы сарбаздар төтенше жағдай кезінде қаладағы залалсыздандыру жұмыстарын атқарған. ТЖ режимі аяқталған соң, жиыннан босатылған олар билік уәдесінде тұрмады деп отыр. О баста ас-ауқаттан бөлек жалақысыз қаламыз ба деп алаңдаған олар қалалық әкімдік ғимаратына жиналды.

Шымкенттік Жақсылық Жолтыханов өзге де жерлестерімен бірге бір айға жуық қалада дезинфекциялық жұмыстарды атқарған. Алайда қолдарына берілген келісімшарт жарамсыз деп есептейді. Берілген күні, мөрі мен жалақы мөлшері көрсетілмеген. Енді запастағы сарбаздар бір ай бойы маңдай теріміздің ақысын ала алмай қаламыз ба деп қорқады. Бұдан өзге  дезинфекциялық шараларды атқарған олар тиісті ас-ауқатты да көрмедік дейді.

"Бір айға жуық уақыт бойы бәріміз дезинфекциялық жұмыстарды атқардық. Хлордың денсаулыққа қандай зиян екені белгілі. Бірақ, өтемақы берілмеді. Жай көзбояушылық болып тұр. Осылайша алданып отырмыз. Жалақы алмадық. Бізге о баста жұмыс орны сақталып, әскери қызметкер мәртебесі беріледі делінген. Ол да жоқ",-деді тұрғын.

Әкімдік ғимараты алдына шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов наразылық танытушылардың   мәселесін мұқият тыңдап, еткен еңбек ақысы өтелетінін жеткізді.

"Негізі сіздерге берілетін қаржы бөлініп қойған. Барлығыңызға таратып береміз. Орындаушылар мына келісімшартты қалай жасағанын білмеймін, бәрін тексеремін. Мен де сіздер секілді әскери адаммын. Кінәлілер жазасын алады, жалақы төлеу мәселесі шешіледі",-деді әкім.

Еске салсақ, сәуірдің 2-сі күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру" туралы Жарлыққа қол қойды. Онда запастағы сарбаздар төтенше жағдай кезінде арнаулы әскери жиынға қабылданатыны жазылған. Сәуірдің 14-і күні Шымкентте 100-ге жуық тұрғынның арнаулы әскери жиынға қабылданғаны белгілі болды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнаулы жиын кезінде әскери міндетті адамдар әскери қызметкер мәртебесіне және заңға сәйкес әлеуметтік сипаттағы жеңілдіктердің бәріне ие болатынын мәлімдеген болатын. Яғни, олар тамақпен, заттай, медициналық көмекпен қамтылады. Бұдан өзге  арнаулы жиын кезінде олардың жұмыс орны, лауазымы сақталады. Егер сарбаз бұған дейін жұмыс істеп келген болса, онда оған мемлекет есебінен жұмыс орнындағы айлығы төленеді. Ал жұмыс істемейтін азаматтарға ең төменгі айлық мөлшері (42 500 теңге) берілетінен уәде еткен еді.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу