Шымкентте үйде көрмеген тамақ жедік – Арыс тұрғыны

5334

"Бұл жерге кіндігімізбен байланғанбыз, ата-бабамыз осы жерге жерленген. Осында қаламыз, осында тұрамыз".

Шымкентте үйде көрмеген тамақ жедік – Арыс тұрғыны

Арыс қаласының тұрғындары бүгін, 28 маусым күні таңғы 8.00-де қалаға кірді.

Төрт күн Шымкент қаласының эвакуациялық орталығында  күн кешкен тұрғындар ұйымдасқан түрде автобус колонналарымен туған жерлеріне жеткізілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Арыс қаласы мен әскери қойма оқ-дәріден толық тазаланды. Қаланы дезинфекциялау шарасы аяқталды. Тұрғындардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Экология, геология  және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауа таза, су және топырақ ластанбаған, радиация жоқ деп мәлімдеді.

Әкімдік қызметкерлері тұрғындармен бірге олардың үйлерін фото-видеоға түсіріп, келтірілген шығын көлемін есептеуді бастап кетті. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы органдардың өкілдері азаматтарға үздіксіз қызмет көрсетті.

"Шымкентте жайлы жағдай жасады. Тамақтың түр-түрін, үйімізде көрмеген тамаққа дейін берді. Бауырсағын, етін, қуырдағын әкелді. Қандай тамақ керек соның бәрін берді. Кішкентай нәрестелерге қажетті дүниенің бәрін ұсынды. Көңіл-күйіміз жақсы, үйге аман-есен жетсек болды. Қазақта "Бөлінгенді бөрі жейді" деген сөз бар. Бұл жерге кіндігімізбен байланғанбыз, ата-бабамыз осы жерге жерленген. Туған жерді, туған топырақты тастап, қайда барамыз. Осында қаламыз, осында тұрамыз", – деді Ілияс Әлманқұлов есімді ақсақал. 

Белгілі болғандай, Арысты қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірінен 160 құрылыс бригадасы келеді. Олар өздеріне тиесілі секторда жұмыс істейді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Секторларға 640 жауапты тұлға бекітілген.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу