Шымкентте жүкті әйелдің жүрегіне ашық ота жасалды

5558

Дәрігерлер құрсағында 16 апталық баласы бар ананың жүрегіне ашық түрде 2 жарым сағат ота жасаған.

Шымкентте жүкті әйелдің жүрегіне ашық ота жасалды

Мамандардың айтуынша, мұндай ота оңтүстікте, тіпті, елімізде алғаш рет жасалып отыр екен. Өйткені бұл қадамға бармас бұрын зерттеу жұмыстарын жүргізген ақхалаттылар Қазақстанда бұрын жүкті әйелдің жүрегіне ашық түрде жасалған ота жайлы мағлұмат таппапты.

Нақтырақ айтқанда, мамандар жүкті әйелдің жүрегінде паразитарлық қапшықтың пайда болғанын анықтаған. Аяғы ауыр ананың денсаулығына ұзақ уақыт зерттеу жасап, Нұр-Сұлтан қаласына да жіберген екен. Ондағы әріптестері де шымкенттік дәрігерлердің диагнозын растаған. Ал, бұл кеселді ота арқылы емдеуден басқа жол жоқ. Себебі әлгі жүректегі эхинокок қапшығының көлемі 5 сантиметрге дейін өсіп қалған. Сондықтан дәрігерлер әйелге түсік тастатып барып, ота жасау жолдарын да қарастырған. Алайда  ана құрсағындағы баласынан айрылмайтынын айтыпты.

"Жалпы біз жасаған операция өте сәтті өтті деп ойлаймын. Неге десеңіздер, біз жоспарлаған түрде қапшықты алып тастадық. Ең негізгісі, жүктілігін ары-қарай сақтап қалдық. Алда аман-есен босанып алады деген ойымыз бар", – дейді Шымкент қалалық кардиологиялық клиниканың бас дәрігері Ермағамбет Қуатбаев.

Дәрігерлер 16 аптада құрсақтағы нәрестенің ағзалары қалыптасып, одан әрі қарай даму кезеңі басталатынын, сондықтан, отадан баланың денсаулығына зиян келмейтінін айтады

"Операция барысында басты мақсатымыз – ана мен бала өмірін аман алып қалу болды. Негізі, көп жағдайда баланы алып тастау қарастырылады. Біз ота кезінде әйелдің жүрегі мен өкпесінің жұмысын тоқтатып, қосымша жасанды аппараттарды іске қостық. Сол құралдардың арқасында операциямыз сәтті өтті. Өйткені  ол қан қысымын, ағзадағы өзгерістерді реттеп отырады. Біз жасаған операцияның күрделілігі де сонда еді", – дейді клиниканың перфизиолык-дәрігері Жәнібек  Әшіров.

Ал, ота жасау жұмыстарына он шақты маман тартылған. Емнің бұл түрінің бағасы 15 мың АҚШ доллары тұрады екен. Бірақ  арнайы жолдамамен келген қазақстандықтар үшін мұндай оталар тегін жасалады.

 Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу