Шымкенттегі сексенінші мектептен шу шықты

3971

Шымкент қаласындағы 1200 орындық  №80 жалпы орта мектепте бүгінде 4 жарым мыңға жуық бала оқиды. 

Шымкенттегі сексенінші мектептен шу шықты

Балаларды білім ошағына сыйғыза алмаған мектеп басшылығы "Нұрсәт" шағын ауданындағы 2 қабатты кәсіпкерлік нысанды жалға алған. Сол жерде мыңнан астам оқушысы білім алып жатқан екен. Алайда  бірнеше ата-ана республикалық телеарналардың біріне ол нысанның бұрын қоғамдық монша болғанын, балаларының ол мектепте оқуына қарсылығын айтып шағымданған.

Нәтижесінде Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасындағылар (СЭС) келіп, ғимарат иесі мен мектеп директорына нысанды жабуға кеңес береді.

"Бұл мәселе телеарнаға шыққаннан кейін,  бүгін келіп көріп, қарап шықтық. Біріншіден, ғимараттың жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Екіншіден, әжетханасы талапқа сай емес. Үшіншіден, терезелері талапқа сай келмейді. Терезелер кабинеттің артқы жағында емес, шығыс жағында орналасуға  тиіс. Балаларға жарық түсіп тұруы қажет. Төртіншіден, шатырын дұрыстап қаптау керек. Толық жөндеу жұмыстары біткеннен кейін, балаларды оқытуға болады. Қазір ғимаратты толық зертханалық тексерістен өткіземіз. Оның микроклиматын, жарығын , суын тексереді. Содан кейін, оқуға бола ма жоқ па нақты айтатын боламыз", – дейді Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Тұттыбай Ерылқасын.

Десе де, мектеп алдына жиналған ата-аналар Қаратау адандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының уәжіне қарамастан, оқу ғимаратының жабылуына  қарсылық танытты.

"Балаларды басқа ешқандай мектепке жібермейміз. Үйде болады балаларымыз. 98 адам қарсы, 2 ата-ананың арызына бола жапса, әлгі 98 адам далада қала ма? Сол қарсы болған ата-ана балаларын алып кете салсын. Мәселен, мен көпбалалы ана ретінде  мектеп басшысына да, мектеп ұжымына да рақмет айтамын. Себебі осы мектептен лицей сыныптары да ашылып жатыр. Осы жылы неше бала грантқа түсті. Енді келіп бұрынғы моншаны жалдағанға қарсы болып жатырсыздар. Көпбалалы ана ретінде маған кітап та, азық-түлік те беріліп жатыр. Барлық жағдай жасалады. Мектептің бұл ғимаратын жабуға, ондағы балаларды басқа білім ошақтарына таратуға мен қарсымын. Мен осы мектепті қалаймын",–  дейді  бес баланың анасы Зүлфия Мұхамеджанқызы.

Бір қызығы, оқу басталар алдында   Қаратау адандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына бұрын монша болған ғимараттың күрделі жөндеуден өтіп, енді білім ошағына айналып жатқанын мәлімдеп, тексеру жұмыстарын жүргізуді сұрап жеке кәсіпкер де, мектеп директоры да хабарласпаған екен. Яғни  жауапты басқарма мамандары бейхабар болған.

"СЭС мектепті жап деді. Менің енді амалым жоқ, балаларды мектептің негізгі ғимаратына апарып 3 ауысыммен оқытамын. Бірақ  ата-аналар балаларымызды сабаққа жібермейміз дейді. 3 ауысымда оқығаннан кейін, сабақтардың уақыты қысқарады. Біз мұнда монша болғанын білген жоқпыз. Монша болған деп халық айтып жатыр. СЭС-тің рұқсатын негізі мердігер кісі алып келу керек. Сол рұқсатпен бізге ғимаратты тапсыру қажет. Мердігер бізге 5 қыркүйекке дейін СЭС-тен рұқсат алып береміз. Қазір сараптама алынып, зерттеу жүріп жатыр. Өтініш тасталды. 1 мен 5 қыркүйек аралығында тегін оқуға мен рұқсатымды беремін деген кепілдік хаты бар", – дейді №80 жалпы орта мектеп директоры Сәуле Жантөреқызы.

Ата-аналардың айқайынан кейін мәселе "Нұр Отан" партиясының Шымкент филиалында қаралып, ғимаратты жалға беруші кәсіпкер 1 ай ішінде жөндеу жұмыстарын бітіріп, нысанды барлық талапқа сай етуге уәде берді.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу