Шымкентте жедел жәрдем станциясының қызметкерлері шамамен соңғы екі айдан бері өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, жұмыс істеп келгендерін алға тартты. Алайда олар еңбектерінің еленбегенін айтады. Себебі о баста уәде етілген жалақыға қосымша төленетін қаржыны алмаған.
"Мысалы, біз қандай науқасқа баратынымызды білмейміз. Біреуінің басы ауырса, екіншісінде коронавирус анықталған жағдайлар да болды. Бәріміз шақыртумен жүрдік. Бірақ үстемақы "итке сүйек тастағандай" берілді. Сонда президент уәде еткен үстемақы қайда? Неге біреуіне 27 мың, келесісіне 30 мың теңге берілді? Ал ең көп үстемақы алғандарға 300 мың теңге түскен. Неге уәде етілгендей соманы төлемейді?", – деп ашуланды ақ халаттылар.
Айта кетейік, наурыз айында елімізде төтенше жағдай енгізілген соң, карантин режимінде жұмыс істеп жатқан отандық медицина қызметкерлеріне категориясына қарай 212 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейінгі аралықта жалақысына қосымша қаржы төленетіні белгілі болды. Атап айтқанда, қауіптілігі аса жоғары топқа жататын жұқпалы аурулар ауруханасында және жан сақтау бөлімінде жұмыс істейтіндерге 850 мың, қауіптілігі жоғары категорияға жататындарға (автор: провизорлық стационарлар, жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина мамандары) - 425 мың теңге, қауіптілігі орташа топқа жататын жандарға (карантиндік стационар дәрігерлері мен орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері) 212 мың теңге уәде етілген болатын.
Алайда осы аталған соманы көрмедік деген шымкенттік ақ халаттылар есептеуде қате кеткен деп отыр.
"Бізге төтенше жағдай режимі наурыз айының ортасында енгізілгеніне байланысты үстем ақы жарты айға төленгенін айтты. Ол кезде үндемедік. Ал қазір сәуір айы толығымен өтті. Бұл айда коронавирусқа шалдыққан науқастарға барғандарға ғана төленді деп отыр. Басқа облыс, қалалардағы медицина қызметкерлерімен байланыстық. Оларға іріктемей, бәріне уәде етілген сома категориясы бойынша бірдей төленген", – деді дәрігер Гүлзира Ташова.
Төленген үстем ақы сомасының неге тым аз екенін түсінбеген дәрігерлер басшылықтан мардымды жауапты күтті.
Қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова жалақыға қосымша қаржы түгелімен есептеліп, оған он күн уақыт кеткенін айтты.
"Наурыздың соңында үстем ақы жұмыс көлеміне, яғни, коронавируспен күреске тікелей қатысқан қызметкерлердің жұмыс күніне байланысты төленеді деген бұйрық шықты. Біз барлығын толықтай есептедік. Мәселен, бір қызметкер коронавирусқа шалдыққан не байланыста болған науқастың шақыртуына барса, оны бір жұмыс күні деп есептедік", – деді бас дәрігер.
Бірнеше сағатқа созылған наразылық басылмаған соң, дәрігерлерге басу айту үшін қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр келді. Шенеунік ақ халаттыларды сабырға шақырып, төлем есептеуді қайта жүргізетінін уәде етті.
"Бұлай шулаудың қажеті жоқ. Халыққа күндіз-түні қызмет көрсетуші – сіз бен бізбіз. Иә, бұл жағдай оңай емес. Қауіпті екенін түсінеміз... Шулаудың керегі жоқ. Араларыңызда сенімді деген бес-алты адам қатыссын. Бәріміз отырайық, құжаттарды заң аясында отырып қарайық. Комиссия қандай төлем жасады, оны қалай есептеді? Анықтауға болады", – деді Ербол Садыр.
Нақты шешімге келмесе де, мән-жай анықталатынын естіген дәрігерлер біраз уақыттан соң тарқады.
Ал кейінірек Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің наразылық білдірген қызметкерлер мәселесін өз бақылауына алғаны белгілі болды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды. Шаһар басшысы егер заңсыздыққа жол берілсе, кінәлілер тиісті жазасын алатынын да уәде етті. Мәселені анықтауға екі күн жеткілікті.
"Медициналық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері өздеріне тиесілі төлемді толық көлемде ала алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл жағдайға байланысты менің тапсырмам бойынша әкімдік жанынан аудиторлық топ құрылды. Екі күн ішінде мамандар медицина қызметкерлеріне төлемдерді тағайындау әдістемесінің дұрыстығын тексеретін болады. Кейін аудиторлар тексерудің қорытындыларын хабарлайды. Шешім олардың жұмыс нәтижелері бойынша қабылданады. Егер тиесілі үстемақыны төлемеу фактілері расымен орын алса, ақ халаттыларға қосымша төлем жасалады. Ал бұл жағдайға кінәлілер жауапқа тартылады", – деп жазды қала әкімі.
Жансая Тәуекелқызы