Шымкенттік экс-шенеуніктің Ресей азаматтығын 2007 жылы алғаны белгілі болды

Бұл мәлімет Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында көрсетілген.  

Шымкенттік экс-шенеуніктің Ресей азаматтығын 2007 жылы алғаны белгілі болды

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып келген Олег Почивалов Қазақстан азаматтығынан айырған қалалық Поиция департаментін сотқа берген болатын. Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен шағымданушының арызы қанағаттандырылмады, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Яғни, полиция департаменті көші-қон қызметі Олег Почиваловты заң аясында азаматтығынан айырғаны белгілі болды. Алайда Олег Владимирович бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген болатын.

Бірақ та Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылдың 8 сәуіріндегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмады. Алғашқы сатыдағы сот шешімінде Почивалов Олег Владимировичтің РФ азаматтығын алғанын және тиісті паспорты болғаны анықталған. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де дәлелденген.   

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылдың 8 сәуіріндегі қаулысында (мәлімет сот кабинеті ашық дереккөзінен алынды) Олег Почиваловтың  Ресей азаматы болып табылатыны және оған құжат 2007 жылы берілгені, 45 жасқа толуына байланысты ресейлік паспорт 2020 жылдың 12 наурызында жаңартылғаны көрсетілген. Осы ретте өткен жылдың екінші жартыжылдығында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына басшылық тізгінін ұстаған Олег Почивалов бұл қызметке ҚР "Мемлекеттік қызмет істері" туралы заңы өрескел бұзыла отырып тағайындалған ба деген сұрақ  туады. Себебі аппеляциялық сотта да оның Ресей азаматтығы дәлелін тапқан. 

Демек жарты жылдан астам уақыт басшылық қызмет атқарған Олег Владимирович алған жалақысы мен іссапарлар (егер іссапары болса) шығынын мемлекетке қайтара ма? Басшылық лауазымда қабылдаған шешімдеріне тексеру жүргізіліп, күшін жоя ма? Бұл сауалға қалалық әкімдіктегілер тиісті жұмыстар жүргізілген соң, жауап беретін болды. 

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың желтоқсан айының ортасында  әлеуметтік желі парақшаларында  Олег Почиваловтың  Ресей елінің азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді. Онда Олег  Почиваловтың тұрғылықты жері Мәскеу  екені, ал "азаматтық" бағанында "Ресей Федерациясы" деп жазылғанын көруге болады. Алайда спорт басқармасының өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.  Ал ақпан айының басында Шымкент қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы шенеуніктің азаматтығынан айыру жайтының тіркелгенін ресми түрде растады. "Көші-қон басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туылған азамат Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21-бабының 5- тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелді", – делінген қалалық ПД көші-қон басқармасы берген мәліметте. Бірақ сол кездегі шенеунік өзін азаматтығынан заңсыз айырды деп, сотта абыройы мен құқығын қорғайтынын мәлімдеді және де тек Қазақстанның азаматы екенін жеткізген болатын.

Жансая Тәуекелқызы 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу