Шымкенттік ірі жоба ирандық санкциядан сорлауда

11653

Компания басшысы жұмысшылар митингісінен қауіптеніп отыр. 

Шымкенттік ірі жоба ирандық санкциядан сорлауда

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Арыс–Түркістан 1" және "Мақтаарал 1" ирригациялық-дренаждық жүйелерін жетілдіруге кіріскені мәлім. Бұл жүйелер кеңес заманы құлдыраған кезден бері тозып, жарамсыз дәрежеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ирригация мен дренажсыз ылғалы аз, шөлейтті жерлерде егін егу, жерді рекультивациялау – нағыз азап. Бұған қоса, ирригациялық жүйе көктемгі, күзгі су тасқыны кезінде жер үстіндегі ғана емес, жер астындағы артық суды әкетуге мүмкіндік береді. Ол болмаса, артық су жердің құнарын бүлдіреді, ол жердің тұзы бетіне шығып, өсімдік өспейтін тақырға айналады.

АШМ осы жобаны жүзеге асыратын бас мердігер ретінде Иранның "Туннель Садд Ариана" жабық акционерлік қоғамымен келісімшартқа отырады. Тиісінше, Каспий бойынша көршіміздің ірі компаниясы Шымкент қаласында өз филиалын ашты. Жоба сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысына қатысты болды. Алайда өткен жылы елімізде жүрген шетелдік жұмыс күшін азайту науқаны биылғы пандемияға ұласып, Иран ислам республикасынан жөн-жоба көрсетуге тиісті кеңесші мамандар келе алмай қалды.

Ирандық компанияға 2019 жылы 88 маманды әкелуге квота берілген, ол тек 8-ін ғана шақырды. Содан кейін 2020 жылға оған алдымен 120 жұмысшыға квота ұсынылды. Бірақ коронавируспен күрес аясында шекаралардың жабылуы салдарынан оның бірде-бірі елге жіберілмепті. Оның арасында "Tunnel Sadd Ariana" филиалының директоры және бас архитекторы болған ирандық азаматтар бар.

Бұл жайында Inbusiness.kz егжей-тегжейлі жазды.

Енді оқиға басқаша бетбұрыс алыпты. Шетелдік мердігердің кесірінен отандық компания дәрменсіз жағдайға жеткелі тұр.

Жамбылдық "Құрылыс ТЭД" ЖШС басшысы Нұрболат Нұрланбекұлының мәліметінше, бертінде АШМ-нен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне берілген Су ресурстары комитеті Иранның "Туннель Садд Ариана" компаниясымен 2018 жылғы 26 қарашада негізгі контрактіге қол қойды. Бұл ретте ол "Мақтаарал-1" ирригациялық-дренаждық жүйесін қайта құрумен, соның ішінде мелиоративтік құрылғыларды төсеумен іс жүзінде "Құрылыс ТЭД" айналысып жатқанын жеткізді.

Ирандық бас мердігер жобаны өзі жүзеге асырмай, оны 2019 жылғы 15 наурызда қазақстандық қосалқы мердігерге тапсырған. Отандық ЖШС бұл жұмысқа Мақтаарал ауданының тұрғындарын жұмылдырды.

"Қазіргі кезде бас мердігер орындалған жұмыс үшін жүздеген миллион теңгені төлемей, мойнына алған міндеттемелерін орындамай, біздің алдымызда қарыз болып қалды. Қазақстандық сотқа жүгініп едік, одан нәтиже шықпады. Өйткені қосалқы мердігерлік жұмыстар туралы келісімшарттарына сәйкес, бас мердігермен арадағы барлық дау Халықаралық сауда палатасының арбитражында шешілуге тиіс екен", – дейді "Құрылыс ТЭД" басшысы.

Ал ол сот Францияда орналасқаны мәлім. Тараз қаласында тіркелген ЖШС үшін ондай арбитражға жүгіну, әр сағатына ақы сұрайтын еуропалық қымбат адвокаттарды жалдау – алынбас асу.

"Біздің кәсіпорын үшін бұл қолжетімсіз дүние. Сонымен бірге АҚШ-тың Иранға қарсы қайтадан санкция енгізуі кесірінен бас мердігер де ол арбитражға жүгіне алмайды. Дау болса, шешілер емес. Шиеленісті жағдай салдарынан жергілікті тұрғындарға жалақы төлей алмай отырмыз. Олардың басқа табыс көзі жоқ. Жұмысшылар наразылық білдіруде, олардың ортасында ашыну, әрекетсіз отырған билікті сынау және айыптау көріністері белең алуда. Ереуіл, митинг өткізуге, тәртіпке бағынбаудың басқа да түрлеріне жүгінуге ниет білдіріп жүр. Әлеуметтік кернеу өсуде. Дәл сайлау алдында бұл қиын болып тұр. Шетелдік жұмыс берушіге тәуелділік, еңбекақының төленбеуі мәселесін деструктивті күштер өз мақсатына пайдаланып, арандата ма деген қауіп бар. Мұндай оқиғалар өзге өңірлерде болды ғой", – дейді Нұрболат Нұрланбекұлы.

Жұмысшыларға уақытылы және толыққанды жалақы берілмеген соң, құрылыс-монтаждау жұмыстары да жайына қалып, құрылыстың сапасы мен мерзіміне нұқсан келуі мүмкін.

Қосалқы мердігер проблеманы шешуде көмек көрсетуді сұрап, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүгінді. Алайда ведомствоның вице-министрі Сергей Громовтан 2020 жылғы 7 желтоқсанда сырғытпа жауап алыпты. Онда негізгі контрактіде не бекітілсе, сол орындалуға тиістігі, министрлік оны өзгертуге ықпал ете алмайтыны жазылған көрінеді.

"Ал негізгі контрактіде Франция сотына жүгіну талабы көрсетілген. Бұл шарт қосалқы мердігерлік келісімдер үшін де міндетті. Пандемия салдарынан "Туннель Садд Ариананың" Ираннан жұмыс күшін әкеле алмай отырғаны да жағдайды ушықтыруда. Ирандық компания қазақстандық басқа қосалқы мердігерлермен де ауыр әрі әділетсіз шарт бекіткен. Қалыптасқан жағдайға көз жұма қарай бермей, байыбына терең баруын биліктен өтінеміз", – дейді Н.Нұрланбекұлы.

Расында, егер өзіне жүктелген жұмысты толық көлемде және сапалы орындаса, жұмысшылардың айыбы не? Адал еңбектің ақысы төленгені жөн. Оның үстіне жобаға мемлекет тапсырыс беріп отыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу