Шымкенттің әкімі қарамағындағыларды автобусқа отырғызды

Клара Ларина Клара Ларина
5453

Әкімдіктегілер қоғамдық көліктің проблемасымен осылай танысатын болды.  

Шымкенттің әкімі қарамағындағыларды автобусқа отырғызды

Бүгіннен бастап Шымкент қаласы әкімдігінің барлық шенеунігі жұмысқа автобуспен келіп, автобуспен кететін болады. Қалада басқа қоғамдық көлік түрі жоқ. Қоғамдық көлікке мінген шенеуніктердің бір айға дейін қызметтік көлікке отыруына тыйым салынды. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдрахымов қаланың қоғамдық көлігінің проблемаларына арналған отырыста осындай бұйрық берді.

Тұрғындардың қоғамдық көлікке қатысты жасаған түрлі шағымдарын тілге тиек еткен қала әкімі бұл мәселенің бірнеше рет талқыланғанын, қарамағындағылар мәселені шешуге уәде бергенін, алайда жағдай өзгермегенін, өйткені бақылау ойдағыдай болмағанын баяндады.

"Қызметтік көлікті пайдалануға бір айға тыйым саламын, – деді Ғабидолла Әбдрахымов. – Бұл маған және әкімдіктің барлық басқарушы құрамы – орынбасарларға, бөлім басшыларына, аудан әкімдеріне және олардың орынбасарларына, сондай-ақ коммуналдық қызмет басшыларына қатысты".

"Бұған қоса, бірінші аптада барлық басшылардың жұмысқа қоғамдық көлікпен келіп, кешке де қоғамдық көлікпен кетуін талап етемін, – деді қала басшысы. – Ал қалған үш аптада өздеріңіздің жеке көліктеріңізде, велосипедпен жүруге болады. Не болмаса қоғамдық көлікте жүруді жалғастыруларыңызға болады. Оны өздеріңіз  шешіңіздер. Бірақ та қоғамдық көлікке мінгенде автобус жұмысының кемшіліктеріне назар аударыңыздар. Содан кейін мұны жеке жиналыста қарастыратын боламыз. Әкімдіктің барлық басшыларын қоғамдық көліктің жұмысын тексеруге жіберді деп есептеңіздер".  

Барлық қызметтік көлік бір айға қала әкімдігінің көлік тұрағына қойылады. Ал қызметтік көлікті пайдалануға уақытша тыйым салудан үнемделетін қаражатты қала басшысы әкімдіктің орта және төменгі звеносының қызметкерлеріне сыйақы ретінде беруге тапсырма берді.

Сондай-ақ қала әкімі барлық автобуста жолаушылар көлігі және көлік жолы бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың суретін ілуге тапсырма берді. "Осылайша қала тұрғындары қоғамдық көліктің проблемаларына кім жауап беретінін білетін болады", – деп өз ойын жеткізді әкім.

Сонымен қатар қала басшысы қалалық ішкі істер басқармасы мен жергілікті полиция қызметіне автобус жүргізушілерінің жол жүру ережесін сақтауын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Қала басшысы Шымкент қаласының тұрғындарын да белсенділік танытып, автобус жүргізушілерінің жол жүру ережесін бұзу фактілері туралы сурет пен видеоны байланыс-орталықтарына, әкімдіктің whatsapp, Instagram-аккаунтына жіберуге шақырды.

Ғабидолла Әбдрахымов жағдайды дұрыстауға сегіз апта берді. Ол осы уақыт ішінде қоғамдық көліктің жұмысы толығымен тәртіпке келу керектігін атап өтті.

Ғабидолла Әбдрахымовтың қарамағындағылар басшының тапсырмасын кешегі күннің кешінен бастап орындауға кірісті. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі шенеуніктердің қоғамдық көлікте жүргені туралы суреттің сапасы төмен болғандықтан, оны таратпауды сұрады. Ал осы уақыт ішінде қоғамдастықтағылар егер адам толы автобуста селфи жасап жатқан адамды көрсеңіз, онда бұл қалалық әкімдік басшыларының бірі деп әзілдеуде.

Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу