Түркістан облысында шындықты айтамын деп шырылдаған хирург-дәрігер елден араша сұрайды. "Жұмыстан заңсыз шығарылдым" деген ол Президент пен Денсаулық сақтау министріне көмек сұрап, хат жазуды көздеп отыр.
Түркістан облысы, Келес ауданындағы "Абай" ауруханасына қарасты мамандандырылған емханананың хирург-дәрігері Қайрат Сейдуәлиев науқасқа амбулаторлық ота жасау кезінде жараны таңу бөлмесіндегі жағдайды видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеген. Видеодан медицина мекемесіндегі қолғаптардың сапасы сын көтермейтінін көруге болады. "Берілген перчаткаларға ашуым келгендіктен, жағдайды осылайша түсіріп желіге жүктедім" деген дәрігер араға бірнеше күн салып, жұмыстан босатылғанын естігенде, төбемнен жай түскендей болды дейді.
"30 маусым күні жұмыстан босатылғанымды білдім. Еңбек дауын қарау туралы комиссия хаттамасына сәйкес мен сапасы жағынан өте төмен, стерильді емес қолғаптардың жарамсыз екенін жариялағаным үшін жұмыстан босатылыппын. Қолыма бас дәрігердің бұйрығын әкеп берді", – деді ол.
Әлеуметтік желіде тараған видео бойынша Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ресми ақпарат таратты. Айтуларынша, хирург-дәрігердің бұған дейін тәртіптік жаза алғаны және медицина мекемесі туралы кереғар пікір қалыптастырғаны үшін жұмыстан босатылыпты. Яғни, ағымдағы жылдың наурыз айында Қайрат Сейдуалиев аурухананың бөлім меңгеушісі қызметін атқарып жүріп, келіп түскен науқасқа үш сағатқа жуық көмек көрсетілмегендіктен, ротациялау жолымен емханаға қарапайым дәрігер қызметіне ауыстырылыпты.
"Аурухана қызметкері әлеуметтік желіде жалған ақпарат жариялап, теріс көзқарас қалдырумен келеді. "Абай" Келес аудандық ауруханасының мамандандырылған емханасы толығымен бір реттік медициналық қолғаптармен толық қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмекке талаптама жазылып, аурухана қызметкерлері үшін медициналық бір реттік қолғаптардың барлық түрі жеткілікті көлемде берілген. Бүкіл ел пандемиямен алысып жатқан уақытта мұндай мәліметтер арқылы халықтың медицинаға, жалпы медицина қызметкерлеріне деген көзқарасын бұзатындығы талай рет айтылды. Оның бұрын да тәртіптік жаза алғандығын, мұнысымен қоймай өзі жұмыс жасап отырған медициналық мекемеге қатысты кереғар пікірлерді әлеуметтік желілерге жариялап, пандемия кезінде халық арасында медицинаға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға ықпал еткені үшін жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалды", – деді басқармадағылар.
Хирург-дәрігер наурыз айындағы жағдайдан соң, бөлім меңгерушісі қызметімнен заңсыз босадым, сонымен қатар қазір де заңсыз орнымнан қуылдым деп отыр. Әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтан араша сұраған ол енді арызын арқалап, елордаға аттанбақ. Айтуынша, үш айдан бері басшылықтың қудалауына түсіпті.
"Үш айдан бері қудалау жасайтындай басшылыққа не істедім" деген сұрақ туып отыр. Қарапайым, туысы, ақшасы жоқтар осылай қудалауға ұшырай беру керек пе? Мен олардан материалдық жағдайымды жасап беруін сұрап отырған жоқпын, алтын сұраған жоқпын. Өзімді қорғайтын, мынау пандемия кезінде қолыма киетін, талапқа сай қолғап сұрадым. Мен жеке өзіме жасалған әділетсіздікпен күресіп отырмын. Жұмыстан босату туралы бұйрық бойынша сотқа арыз дайындап қойдым. Президенттен, жуырда ғана тағайындалған Денсаулық сақтау министрінен араша сұраймын. Бұйрықтың заңсыз екенін дәлелдеу үшін соңына дейін барамын", – деп сөзін түйді дәрігер.
Аурухананың бас дәрігері Аида Бексұлтанованың қарамағындағы қызметкері туралы түсініктеме берді.
"Ол тез ашуланғыш, жанында жүрген әріптестерімен жиі сөзге келіп, үстінен жиі арыз түседі. Бұған дейін де оған тәртіптік шара қарастырылған... Ал 25 маусымда емханаларда стерильді және медициналық қолғаптар жеткілікті бола тұра және бұл туралы емхана мегерушісіне, болмаса аға мейірбикеден қолғап туралы сұрамастан, желіде жалған мәлімет таратқан. Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулыларына сәйкес медициналық мекемелерде аудио, видео жазбалар түсіріп, оны әлеуметтік желіде тарату заңға қайшы екені қатаң ескертілген. Осыларды ескере отырып жеке еңбек дауларын қарау комиссиясында оны жұмыстан босату туралы шешім қабылданды", – деді аурухананың бас дәрігері.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Жансая Тәуекелқызы