Шыңғыс Есенаманов: "Жаңа маусымнан көптеген қызықты матч күтемін"

1778

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының және "Қайрат" АФК ойыншысы алдағы маусым жөнінде сөз қозғады.

Шыңғыс Есенаманов: "Жаңа маусымнан көптеген қызықты матч күтемін"

Шыңғыс Есенаманов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында ӘЧ-2024 іріктеу турнирінің тобындағы қарсыластары туралы пікірі білдірді.

- 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу тобының жеребе қорытындысына сіздің алғашқы әсеріңіз қандай болды?

- Негізінде, қалыпты. Қазір барлық құрамалар бір-біріне лайықты қарсыластар болып саналады. Бүгінде әлсіз командалар қалған жоқ. Біз жеңіп, өзіміздің мықты екенімізді дәлелдеуіміз керек.

- Тағы да Словения! Оларды негізгі қарсыластар деп санауға болады ма? Словениялық футзалдың дамуы қазір қай кезеңде?

- Бізге жиі қарсылас болып жүр. Негізгі қарсыластар деп атауға болады ма білмеймін, бірақ олармен ойнау әрқашан қиын. Словения - жақсы құрама. Олардың құрамында техникасы зор, ірі денелі жанкешті ойыншылар бар. Біз бұрынғыдай өз ойынымызды ойнай береміз және жеңіске жете аламыз деп ойлаймын. Біз ешкімнен қорықпаймыз, бірақ барлық қарсыласқа құрметпен қараймыз.

- Словения қақпасына гол соққаныңыз есіңізде ме? Ол қалай болды?

- Менің есімде. Бұл әлем чемпионатына іріктеу матчтары болды. Сол кезде 2:2 есебімен тең ойнадық. Допты қорғаушының аяғының ортасынан өтікізіп, сол жақтан алыс бұрышқа ұрдым. Жақсы гол болды. Әдемі және маңызды доп болғандықтан есімде сақтап қалдым. 

- Ұлттық құрама үшін бүгінгі таңда 88 матч өткіздің. Елдің ұлттық командасы үшін өткізілген матчтар бойынша абсолютті чемпион болу мақсаты бар ма?

- Отан үшін ел намысын қорғаған өте жақсы, бірақ чемпион атану мен үшін мақсат емес. Қанша ойын бұйырса, сонша ойнаймын. Ең бастысы, мұны жақсы орындау және ұлттық құраманың нәтиже көрсеткені маңыздырақ. Жүз ойынға деп жетіп қалармыз.

- Өзіңнің алғашқы матчың және құрама үшін соққан голың есіңде ме? Содан бері қандай естеліктер бар?

- Әрине, есімде. Бұл 2009 жылы Ирландияда болды. Ол кезде мен "Тұлпарда" ойнадым. Алғашқы ойын Англияға (5:2) қарсы болды, алғашқы голымды Кипр қақпасына соғып, 3:0 есебімен жеңдік. Ойынға дейін аздап ауырдым, температурам жоғары болды. Ойынға дейінгі жаттығуда біраз жақсарып қалдым, солай маған ойнауға рұқсат етілді. Осылай өзімнің алғашқы голымды соқтым.

- Құрама Еуро-2022 бері ойнаған жоқ, ал келесі ойынын тек күзде өткізеді. Құраманы сағындың ба?

- Мен үшін сол Еуропа чемпионаты айтарлықтай "сәтті" болған жоқ. Мен екі матч өткіздім, соның біреуінде ауырып қалдым. Украинамен ойын мен үшін қиын болды. Ол кезде жүз пайыз ойнай алмадым. Содан бері ұлттық құрамада ешқандай матч болмады және осы атмосфераны, құраманы қатты сағындық. Барлығы тартысқа асығып, жиын басталғанын күтіп жүрміз.

- Чемпионаттың өткен маусымын қалай бағалай аласың?

- Біз чемпионатты, Кубокты және Суперкубокты да жеңіп алдық. Қазақстандағы барлық олжаны қанжығаға майладық. Чемпионат қызықты өтті, командалар өсіп, деңгей біртіндеп теңестірілді. Көптеген ауыр ойындар болды, тіпті олардың бірнешеуінде жеңіліс таптық. Бұндай жағдай бізде ешқашан болған емес. Бұл чемпионаттың маңызды екенін дәлелдейді. Әрине, Чемпиондар Лигасында өте алмағанымыз өкінішті. Енді келесі маусымға дайындалатын боламыз.

- Жаңа маусымнан не күтесің?

- Жаңа маусымнан бастап көптеген қызықты матчтарды, ұлттық құрамаға шақыруды, мықты чемпионат болуы үшін жақсы бәсекелестікті күтемін, жыл сайын асыға күту сезімі басталады. Біз демалысты аяқтап, біртіндеп дайындықты бастап жатырмыз.

- Жақында "Қайратпен" келісімшартты ұзарттың. Чемпиондар лигасы сенің мансабыңда жетіспейтін клуб деңгейіндегі жалғыз олжа деп айта аламыз ба?

- Чемпиондар Лигасын ұтып алғым келеді, өйткені бұл мен үшін өте маңызды. Көп жылдар бойы екінші-үшінші орын алып, жеңе алмай келе жатырмыз.

- Чемпиондар лигасының негізгі раундындағы қарсыластар туралы не ойлайсың? 

- Көреміз, себебі қарсыластар өте мықты. Қиын топ түсті. Біз алдымен қарастырып, сараптаймыз. Бұл кезеңде әлсіз қарсыластар болмайды деп ойлаймын. Барлығын талдау керек.

- "Аяттың" мүмкіндігі қандай? Біздің чемпионаттың вице-чемпионының үлкен төрттікке шығу үшін күресетін кезі келді ме?

- Мүмкіндіктер үлкен деп ойлаймын. Құрамы жақсы: легионерлер де, жергілікті ойыншылар да жоғары деңгейде ойнайды. "Аяттың" әрі қарай жүруге барлық мүмкіндігі бар. Олар әлі Чемпиондар Лигасында өздерін көрсете алмады. Олардың дайындықтары жақсы.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу