Шыңжаңдағы Ислам институтында 50 этникалық қазақ оқиды

525

Оқу орнында тек ер адамдар білім алады.

Шыңжаңдағы Ислам институтында 50 этникалық қазақ оқиды Фото: inbusiness.kz

ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы – Үрімші қаласында Ислам институты жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда 1000 студент білім алып жатыр. Соның ішінде 50 этникалық қазақ бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Редакция тілшісі баспасөз туры барысында Шыңжаңдағы Ислам институтының жұмыс барысымен танысты. Білім ордасы 2 корпустан тұрады. Ескі ғимарат 1987 жылы салынған, екінші корпус 2017 жылы пайдалануға берілді. Мұнда білім алып жатқан студенттердің жалпы саны – 1000 адам. Оның ішінде 50-і этникалық қазақ. Институт аумағында бас оқу корпусы, кітапхана, намаз оқуға арналған орын, студенттер мен оқытушыларға арналған жатақхана, асхана, спорт кешені орналасқан.

"2017 жылдан бастап аймақтың бәрінде өз филиалдарымызды аша бастадық. Қазір Шыңжаңда 8 бөлімше бар. Оларда 1900 студент білім алады. Бұдан бөлек Шыңжаңда тағы бір ислам училищесі бар. Осылайша аймақта ислам оқу орындарының саны 10 деуге болады, яғни бір институт және оның 8 бөлімшесі, бір училище бар", - деді Шыңжаң Ислам институтының ректоры, Шыңжаң ислам қауымдастығының төрағасы Әбдірақып Түмірнияз.

Оның сөзінше, институтта колледж және бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бар. Студенттер діни пәндерден блек, араб тілін, саяси-идеологиялық пәндерді, Қытай тарихы мен Аспан асты еліндегі ислам тарихын да оқиды.

"Оқу орнын бітірген түлектердің көп бөлігі мешіттерде, діни рәсімдерді жүргізетін имам хатиб болып жұмыс істейді. Бұдан бөлек олар институттың 8 бөлімшесінде, Шыңжаңдағы түрлі деңгейдегі 105 ислам бірлестігінде жұмыс істей алады. Сондай-ақ бакалавриат бітіргендерге Бейжіңдегі Қытай ислам институтында білімін жалғастыруына мүмкіндігі бар", - деді институт басшысы.

Шыңжаңдағы Ислам институтында тек ер адамдар оқиды.

"Биылғы 1 қыркүйектен бастап студенттер институтта тегін оқиды. Бұрын оқу ақысы 1,5 мың юань болатын. Сонымен қатар олар тұру ақысына да төлемейді. Ай сайын студенттерге тамақтануға ай сайын мемлекет есебінен 900 юань субсидия беріледі. Шәкіртақы мөлшері – жылына 4 мың юань. Студенттердің 90 пайызы стипендия алады", - деді спикер.

Институттың өз кітапханасы бар. Үш қабаттан тұратын кітапхана ауданы 1,5 мың шаршы метрді қамтиды. Бірінші қабатта көрме залы бар, қалған қабаттарында кітап оқуға арналған орын мен әдебиеттер орналасқан. Мұнда діни, тарихи, мәдени, саяси және тағы да басқа санаттағы 50 мыңнан аса кітап сақтаулы. Кітаптар қытай және араб қарпімен ұйғыр тілдерінде жазылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу