Шырылдауық шегіртке

Қазақстанның үш облысына қауіп төндіріп тұр. 

Шырылдауық шегіртке

Биыл Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары  шегіртке шабуылынан шығын шегуі мүмкін. Өскеменге жұмыс сапарымен келген агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ажар Қажыбаева осылай деді.

"Қазақстан бойынша жалпы жиыны 5,1 млн гектар алқапты зиянкестер мен карантинді өсімдіктердің таралуынан қорғау қажет. Биыл үйірлі шегірткелер 1,92 млн, саяқшегірткелер 444 мың гектар жерге таралады деген болжам бар", – деді Ажар Қажыбаева.

Егіс алқабын шегірткеден қорғауға республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінген. Оның едәуірі Шығыс Қазақстан облысына беріледі. Өйткені былтыр ШҚО-да азиялық шегірткелердің таралу аймағы 25 мың гектарға ұлғайған.

Комитет төрағасы 2000 жылдардың басынан бері шегірткелер дәл бұлай көбеймегенін айтады. Ал жергілікті мамандар 2016 жылдың күзі мен 2017 жылдың көктемінде шегірткенің ұрықтануы үшін қолайлы климат болды дейді.

Былтыр азиялық шегіртке жылдағыдан 10 күн ерте бас көтеріп, егіске үлкен қауіп төндірген. Олардың жолы дер кезінде кесілген дегенмен, зиянкестер былтырғы әрекетін биыл тағы қайталамасына кепіл жоқ.

Белгілі болғандай ШҚО-ның 36 мың гектар  алқабында азиялық шегірткеге қарсы дәрілеу жұмысы жүргізіледі. Мұны аудандарға бөлсек, Аягөз ауданында 23500, Үржар ауданында 11500,  Зайсан ауданында 1500 гектар жерге дәрі себіледі.

"Зиянкестердің бұл түріне бір рет ырық беріле, кейін тоқтату қиын болады. Олар үйірімен күніне 500 шақырым ұшып өтетіндіктен, өте тез таралады. Соңғы кездері Алакөл мен Балқаштың, Үржар және Аягөз өзендерінің аңғары азиялық шегірткелердің ошағына айналды, – деді аумақтық инспекция басшысының орынбасары Берікбол Жүсіпов.

Мамандар азиялық шегірткенің беті дер кезінде қайтарылса, алдағы үш жылда олардың саны азаятынын алға тартады. Ал италиялық шегірткенің қарқынын тоқтату қиынға соғатын түрі бар. Себебі республикалық фитосанитарлық  диагностика және болжау әдістемелік орталығының облыстық филиалы жүргізген талдау 2016 жылдан бері италиялық шегірткенің таралу аумағы кеңейіп келе жатқанын көрсеткен.

"Италиялық шегіртке екі мыңыншы жылы қатты өршіді. Ол кезде зиянкестер 423 мың гектар жерге жайылды. Бұл құбылыс 2011 жылы тағы қайталанды. Ол кезде 130 мың гектар алқапты дәрілегенбіз. Зиянкестер 2021 жылға дейін тағы да ерекше қарқынмен көбейуі мүмкін", – деді филиал басшысы Мәди Бектеміров.

Оның айтуынша, биыл италиялық шегірткелердің таралу аумағы 83,4 мың гектар жерге жетеді деп болжанған. Көкпекті, Күршім, Үржар аудандарында 13-19 мың гектарға дейінгі алқапты зиянкестерге қарсы дәрімен өңдеу қажет.

Шегірткеден бөлек дәнді дақылдардың аурулары да өсімдік санитарларын алаңдатып отыр. Мәлімет бойынша, биыл 41,3 мың гектар жерді дақыл ауруларына қарсы дәрілеу қажет. Осының бәрін қосқанда ШҚО-да аса қауіпті организмдерге қарсы 163,1 мың гектар алқап дәріленуі тиіс.

"Шегірткенің таралу аумағына мониторинг жүргізіп отыру үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылатын болады. Аса қауіпті зиянкестердің, оның ішінде шегірткенің таралу аумағының электронды картасы жасалады және картаға түсіру жұмысы жүргізіледі", – деді журналистерге Ажар Қажыбаева.

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу