ШЫҰ Жер шары халқының 40 пайызын біріктірген ұйымға айналды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4237

ШЫҰ қатары Үндістан және Пәкістан мемлекеттерімен толықты.

ШЫҰ Жер шары халқының 40 пайызын біріктірген ұйымға айналды

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының тарихи саммитінде ұйым төрағасы – Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның кеңейгенін және оның құрамына Пәкістан мен Үндістанның кіргенін жариялады. Саммит қорытындысында ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшылары осыны бекітетін қорытынды құжатқа қол қойды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысын ашқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұйым қазақ елінің бас қаласында өз тарихында ақырғы рет осы құрамда кездесіп отырғанын мәлімдеді.

"Осы отырыс соңғы рет алтыжақты форматта өтіп отыр. Бүгін біз қабылдау рәсімдерін аяқтау және Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ мүше-мемлекеті мәртебесін беру туралы шешімге қол қоюға келістік. Ұйым құрамына жаңа мүшелерді қабылдау оның дамуына қуатты серпін береді және ұйымның халықаралық беделінің өсуіне септеседі", – деді елбасы.

Бұдан бұрын осы оқиғаға өз пікірін білдірген Қазақстан президенті ШЫҰ-ның кеңеюі "шанхайлық рухтан" өрбитінін білдірген: "Осылайша, ШЫҰ бүкіл Жер шары тұрғындарының шамамен 40 пайызын біріктіретін болады. Бастысы – барлық туындайтын мәселелерді ымыра негізінде шешуді қарастыратын "шанхайлық рухты" сақтау" деді ол.

Сонымен бірге, қатысушы мемлекеттер ШЫҰ-ның "басқаларға қарсы бағытталған және оларды араларына қоспайтын әскери блок немесе тұйықталған альянс еместігін" қайталаудан жалықпайды. Олардың айтуынша, бұл – "кең халықаралық ынтымақтастыққа бағдарланған ашық ұйым". Тиісінше, ШЫҰ – "өзінің құрамын ары қарайғы кеңейту мүмкіндігін жоққа шығармайды". Қазір кезекте Иран Ислам Республикасы тұрған көрінеді. Былтыр АҚШ және Еуропалық одақ бұл елге қарсы енгізген халықаралық санкцияларын алып тастады (санкциялар 2005 жылы Теһранның төл ядролық бағдарламасын әзірлеуіне байланысты енгізілген болатын). Яғни, ИИР-дің ШЫҰ-ға мүшелікке қабылдануына бөгеу болар санкциялық кедергілер де жойылды. 

Бұған дейін де ШЫҰ өз құрамында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі тұрақты мүшесін қамтитын ірі бірлестік еді. Біз соңғы, соны өзгерістерге сәйкес, басқа да қырларына үңілдік.

Сонымен, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы енді төрт ядролық мемлекеттен тұратын болады, бұлар – Қытай, Ресей, Үндістан және Пәкістан. ШЫҰ – тұрғындарының саны ең көп, әрқайсысының миллиардтан асатын азаматы бар әлемдегі қос мемлекеттің (Қытай және Үндістан) екеуі де мүше ұйымға айналды. Дүниежүзіндегі қуат көздерінің ең ірі қос тұтынушысы – Қытай мен Үндістан да бұл күннен бастап Шанхай ынтымақтастығы ұйымында!

Сондай-ақ бүгіннен, яғни Астанада тарихи Саммиті өткен күннен кейін ШЫҰ – ғаламшардағы 3 миллиардқа жуық тұрғынды немесе адамзаттың 40 пайызын қамтитын, теңдесі аз, бүкіл әлемдегі ең бір алпауыт ұйымға айналды.

Дәл қазір бұл ұйым құрамының Пәкістан мен Үндістан есебінен ұлғаюына қатысты саясаткерлер, сарапшылар және былайғы жұрт арасында әртүрлі пікірлер өрбуде.

Бір жақ бұл өзгерісті қолдайды, тіпті қол соға қарсы алады. Олардың арасында қазақстандық сарапшылар жетерлік және олардың ойлары ұқсас келеді.

"Біріншіден, "ШЫҰ-ның Үндістан мен Пәкістан есебінен ұлғаюы Қазақстанға қанша қажеті бар? Ортамызда ірі елдер саны артқан сайын Орталық Азия елдері екінші орынға ысырылып, ұйымда кейінгі рөлдерді орындай бастайды" деп, байлам жасап, байбаламға салуға болмас. Мәңгілік ел болуға ұмтылған асқақ мұратты, айбынды елдің мұндай ұстаным ұстануы ұят болар еді. Біз Мәңгілік елді өзге елдерден бос басқа бір ғаламшарда емес, жаһан жұртшылығының қайнаған ортасында құрудамыз, онда неге олармен ықпалдастықтан іргені аулақ салуымыз керек? Екіншіден, жаһандық қозғалыстарда көшбасшы болып жүрген ел осындай қауіп қылып, үрейге ерік беріп, өз ұйымының жаңа мүшелермен толығуына қарсы тұра алмайды. Керісінше, авторы елбасы болып табылатын ШЫҰ-ның тек біздің құрлығымызбен шектелмей, оның бүкіл әлем халқын құшағына сыйдыруына құмбыл болғаны абзал. Сонда бәлкім, бұл ШЫҰ болашақта БҰҰ-дай бүкіләлемдік ұйымға трансформациялануы да ғажап емес. Яғни, ұйым мүшелері қатарының кеңеюі біздің еліміз жүргізіп отырған, бір ауыз сөзбен түйгенде "Бүкіл әлемдегі бірлік пен бейбітшілік" жаһандық саясатына толық жауап береді" дейді саясаттанушы Ерболат Байдосов.

Сарапшылар, осы орайда тағы бір жайтқа маңыз береді.

Өткен ғасырдың орта шенінде біртұтас "Британдық Үндістанның" ыдырауы кезінде туындаған буддист-үндістер мен мұсылман-үндістер арасындағы қанқасап соғыста ресми деректер бойынша, шамамен 1 миллион адам қырылған, 18 миллиондай адам туған-тұрған жерін тастап, бас сауғалаған, босқынға айналған, кейін олардың 4 миллионға жуығы із-түзсіз кеткен. Олардың өз тарихтарында осындай зұлматты кезең зілбатпан жүкке айналып, бұл елдердің жас ұрпағының еңселерін жаншымауы, жаңа шиеленістерге тамыздық болмауы үшін олардың бір шаңырақ астында, бір үстел басында ынтымақтасқаны керек.

ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов ұйымның мүшелері қатарын өсіру – басты мақсат болып табылмайтынын атап көрсетеді.

"ШЫҰ-ға мүше болу, диалог бойынша серіктес атану және бақылаушы мәртебесін алу бойынша басқа өтінімдер бар. Олардың барлығы қаралады. Біз асықпаймыз. Байыпты іскерлік ауанда жұмыс жасаймыз. Себебі, кеңею – басты мақсат емес. Басты мақсатымыз – өз даму жолымызда өсім сапасын жоғалтпау. ШЫҰ қазір өзін "өте жақсы" сезінеді. Ол дамуда, Үндістан мен Пәкістанның қосылуға құштарлануының да бір себебі осында. Бұл екі ел арасындағы мәселелер "жауырды жаба тоқығандай" болып отырған жоқ. Олар талқыланады, шешімі ізделеді. ШЫҰ-ның пайдасы да осыдан көрінуі керек. Бір ұйым астында олар енді ешқашан қақтығысқа бармайды деген ойдамыз. Ұйым аясындағы барлық қайшылықтар өзара құрмет пен әрқайсысының мүддесін ескеру жолымен шешіледі", – деді Рашид Алимов.

Дегенмен, сарапшылардың бір тобы ШЫҰ дәл осы екі ел арқылы кеңею салдарынан, өз мойнына сын-қатерлер жүгін байлап алып отырғанын атап көрсетеді. Себебі, Үндістан мен Пәкістан арасында аумақтық мәселелер де шешілмеген. Атап айтқанда, Пәкістан Джамму және Кашмир штаттарының Үндістанға қарауын тарихи әділетсіздік деп танып, оларды өз иелігіне алғысы келеді. Тиісінше, бұл екі ел арасында шекаралық мәселелер де шешілмеген.

Дәл осылайша, Үндістан мен Қытай арасында да шекаралық мәселелер ғасырлар бойы шешімін таба алмай келеді.

"Мұның барлығы ШЫҰ шекаралық даулардан арылған мемлекеттердің одағы ретіндегі басты бір құндылығын жоғалтады" деп санайды бірқатар сарапшылар. Себебі, кезінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымы 2001 жылы Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан 1996 жылы Шекара ауданында әскери салада сенім шараларын нығайту туралы келісімге және 1997 жылы Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге қол қойылғаннан кейін қалыптасқан "Шанхай бестігі" негізінде құрылған болатын.

Бұл мәселелер сайып келгенде, ШЫҰ аясында шешімдер қабылдау кезіндегі ымыра ауанына кері нұқсан келтіруі де  ғажап емес.

Қырғызстандық саясаттанушы Денис Бердаков ШЫҰ аясында жаңа мүшелер тайталасын жалғастыруы ықтимал екенін жоққа шығармайды: шиеленіс негізінде жатқан себептер тым терең, әрі принципті.

"Таяуда Бейжіңде, "Бір белдеу, бір жолға" арналған саммитте ҚХР мен Үндістан қырғи-қабақ болып қалды. Ал бұл Қытай басшылығы баса мән беріп отырған әлемдік кездесу еді. Өйткені, "Бір белдеу, бір жол" осы елдің өнімдерін әлемдік нарықтарда өткізуге және Қытайдың өзін қызықтыратын ресурстарға тұрақты қол жеткізуіне жол ашатын жаһандық бастамасы болып табылады. Ресми Делиге Қытайдың белсенді түрде кеңейіп бара жатқаны, соның ішінде Пәкістанға еніп, инвестиция құя бастағаны ұнамады. Нәтижесінде, үндістер ол саммитті тастап кетті. Бұл әрине, ҚХР төрағасына ұнамады. Бұл елдер ШЫҰ аясында да әлі талай мұндай демарш қойылымдарын паш етуі мүмкін" дейді саясаттанушы.

Әрине, бұлардың барлығы – жорамалдар.

Қалай болғанда, ең дұрысы, аталған елдердің саясатын ең биік деңгейде жүргізіп отырған тұлғалардың – ел билеушілерінің сөзіне құлақ түре кеткен жөн.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди ШЫҰ аясында оған кіретін елдердің басшылары арасында ең биік деңгейде диалог пен ынтымақтастық орнағанына назар аударта келе, осы ресурсты өз елін өркендетуге бастауда.

"Біздің ШЫҰ-ға мүшелігіміз ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру ниетінен де туындаған. Ұйым аясындағы ірі жобаларды өзара ұштастыру, мүше елдердің шекарасының бүтіндігі мен аумақтық тұтастығына құрмет білдіру және өңірлік ықпалдастықты өрістету – біздің ықыласымызды тудырып отырғаны да осы!" – деді Нарендра Моди Астанадағы ШЫҰ саммиті аясында.

Үнді елінің көшбасшысы ШЫҰ-ның лаңкестікпен күреске күш салуы да өздерін қызықтырып отырғанын жасырмады.

"Терроризм – адам құқықтарын және құндылықтарды аяқ асты ететін кесапат. Терроризммен және экстремизммен күрес біздің ШЫҰ аясындағы ынтымақтастығымыздың маңызды бір бөлігіне айналады. Өйткені бізді де жат идеологиялардың қоғамды "зомбиға" айналдыруға тырысуы және радикалдандыруы алаңдатады. Бұл ретте біз енді бірлесе әрі үйлесімді түрде жұмыс жасауға тиіспіз" деді Нарендра Моди мырза.

Пәкістан басшысы Мұхаммад Наваз Шарифтің ойы да осы арнадан шықты. Ол болашақ ұрпаққа қақтығыс емес, ынтымақтастық жемісін қалдыруды ұсынды.

Қалай болғанда, бүгінгі Астанадағы өткен саммит әлем тарихына жазылып отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу