Си Цзиньпиннің XX съездегі мәлімдемелерінен үзінді

2613

Қытай алдағы уақытта әскерін күшейтіп, бала санын шектеуді тоқтатып, Тайваньды мәжбүрлеп қайтару құқығын сақтап, инновацияда дербестікке ұмтылмақ.

Си Цзиньпиннің XX съездегі мәлімдемелерінен үзінді Фото: google.com

Бүгін Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының XX съезі ашылды. Бір аптаға созылатын конгрессте 69 жастағы Си дәстүрді бұзып, өзін үшінші бесжылдық мерзімге бас хатшы ретінде тағайындап, Мао Цзэдуннан кейінгі ең қуатты лидер атанайын деп отыр, inbusiness.kz тілшісі.

Сонымен қатар Тяньаньмэнь алаңының батыс жағындағы Халық мәжілісінің үлкен сарайында бас қосатын 2300-ге жуық делегат партия жетекшілерін таңдап, күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелерді талқылап, президенттік кабинеттің баламасы саналатын Саяси бюроның тұрақты комитетін сайлайды.

ҚХР жетекшісі съездің ашылуында 45 минут сөз сөйлеп, негізгі салалар бойынша мәлімдемелер жасады. Олардың қысқаша сипаты төмендегідей:  

Қорғаныс

"Біз әскери теорияны, кадрларды және қару-жарақты модернизациялау үшін тезірек жұмыс істеп, әскерилердің стратегиялық мүмкіндіктерін арттырамыз. Халық азаттық армиясы Қытайдың абыройы мен негізгі мүдделерін қорғауы керек".

COVID-19

"Коронавирустың кенеттен өршуі жағдайында халық пен өмір үстемдігін жоғары қойып, COVID-ке қатысты нөлдік төзімділік позициясын ұстанып, індетке қарсы халықтық соғыс жүргіздік және де халықтың өмірі мен физикалық денсаулығын барынша қорғап, вирустың алдын алуда, онымен күресте, экономикалық, әлеуметтік дамуда оң нәтижелерге қол жеткізді".

Тайвань

"Тайвань тәуелсіздік күштерінің сепаратистік әрекеттерінен және сыртқы күштердің Тайвань істеріне араласуынан туындаған арандатушылықтарға қарамастан, ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғау жолында берік табандылық пен қабілетімізді көрсете отырып, сепаратизм мен ішкі істерімізге араласушыларға қарсы үлкен күрес жүргізіп, Тайвань тәуелсіздігіне наразылығымызды білдіріп отырмыз".

"Біз бейбіт жолмен қайта қосылу перспективасына барынша, шын жүректен ұмтылып келеміз. Дегенмен күш қолданудан бас тарту міндеттемесі жоқ және барлық қажетті шараларды қабылдау мүмкіндігі сақталады".

"Ұлттар жаңаруының тарихи дөңгелегі алға айналып барады, ал Отанды толығымен біріктіру мақсаты толық жүзеге асырылуы керек және жүзеге асырылуы мүмкін".

Экономика

"Әділ мүмкіндіктерді қолдау, аз қамтылған адамдардың табысын арттыру, табысы орташа топтарды кеңейту, кірістерді бөлу тәртібін бір ретке келтіру және байлық жинақтау механизмдерін стандарттау қажет".

"Астық пен энергетикалық ресурстар қауіпсіздігі қамтамасыз етілсін".

"Біз жоғары деңгейдегі социалистік нарықтық экономикалық жүйені құруға, базалық социалистік экономикалық жүйені ұстануға, жетілдіруге, мемлекеттік меншік жүйесін бұлжытпай нығайтуға, жекеменшік экономиканың дамуын қалтқысыз ынталандыруға және қолдауға, ресурстарды бөлудегі нарықтың шешуші рөл, ал мемлекеттік жақсы рөл ойнауына мүмкіндік жасауға тиіспіз".

Дербестік

"Инновацияға негізделген даму стратегиялары мен жоғары деңгейдегі ғылыми-технологиялық дербестікті жедел жүзеге асырып, негізгі технологиялық шайқастарда табанды түрде жеңіске жетуге тиіспіз. Бұған қоса, әлем үшін өте маңызды саналатын таланттар орталығы құрылысын да тездетіп, дарындылар үшін халықаралық бәсекеде артықшылықтар қалыптастыруға ұмтылуыз керек".

"Азық-түлік қауіпсіздігін жан-жақты нығайтып, 1,2 миллион шаршы шақырым егістік алқабында қызыл сызықтан аспау саясатын мықтап ұстанып, қытайлықтардың қолында күріш тостағанының әрдайым берік тұруын қамтамасыз етеміз".

Жемқорлық

"Біз кейбір кеселдерден айықтық. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресте орасан зор жеңіске жеттік, партияда, мемлекет пен армияда ауыр әрі жасырын қауіп-қатерлерді жойдық".

"Сыбайлас жемқорлық – партияның өміршеңдігі мен күрескерлігі тиімділігіне нұқсан келтіретін ең үлкен қатерлі ісік және де коррупциямен күрес – өзіндік революция. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай барда, онымен күрес ешқашан тоқтамақ емес".

Сыртқы саясат

"Біз қытайлық ерекшеліктерге ие дипломатияны жан-жақты ілгерілеттік... кез келген біржақтылыққа, протекционизмге, қорқытуға табанды түрде қарсы тұрдық. Сонымен қатар біз халықаралық қатынастардың жаңа түрін құруға ықпал етіп, жаһандық басқару жүйесін реформалау мен құруға белсенді түрде атсалыстық. Қытайдың халықаралық ықпалы мен тартымдылығы айтарлықтай жақсарды".

Гонконг

"Гонконгтағы аумалы-төкпелі өзгерістерге қарамастан, біз бұл Арнайы әкімшілік аймақта конституция мен Негізгі заңға сәйкес жан-жақты бақылау билігін тиімді орнатып, онда патриоттар басқару принципін жүзеге асырдық".

Халық саны

"Біз туу деңгейін көтеру саясатын жасақтап, халықтың қартаюына жауап ретінде белсенді ұлттық стратегия ұстануды көздеп отырмыз".

Қоршаған орта

"Энергетикалық революцияны тереңдетіп, көмірді таза әрі тиімді пайдалану тәсілдерін нығайтып, жаңа энергетикалық жүйені жоспарлау мен салуды тездетіп, климаттың өзгеруі мен жаһандық басқару мәселелерін шешуге белсенді атсалысуға тиіспіз".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу