Си үшінші мерзімге қалып, командасының құрамын жариялады

2495

Осылайша, Қытайда бұрынғы саяси дәстүр бұзылып, он жылдан артық билік етуге жол ашылды.

Си үшінші мерзімге қалып, командасының құрамын жариялады Фото: baidu.com

Си Цзиньпин Қытай басшылығында үшінші мерзімге қалып, елдің Мао Цзэдуннан кейінгі ең қуатты билеушісі ретіндегі позициясын нығайтты және өз сөзін екі етпейтін адамдардан тұратын жаңа саяси бюроның тұрақты комитетін жасақтады.

Шанхай Коммунистік партиясының басшысы, 63 жастағы Ли Цян жаңа басшылық құрамы таныстырылған кезде Халық мәжілісі залындағы сахнаға Сидың соңынан еріп шықты. Демек, ол наурызда зейнеткерлікке кететін Ли Кэцянның орнына премьер-министр болуы мүмкін.

Жеті адамнан тұратын тұрақты комитетке, яғни, Қытайдың ең жоғарғы басқару органына енген өзге мүшелерге тоқталсақ, олардың қатарында бұрынғы комитеттен оралған Чжао Лэджи мен Ван Хунин және жаңадан келген Цай Ци, Дин Сюексян және Ли Си бар. Ли Цян да бұл комитетке жаңадан келіп отыр.

Осы жолғы комитетке енгендердің барлығы бүгін Орталық әскери комиссияның төрағасы болып қайта тағайындалған 69 жастағы Сиге жақын адамдар саналады.

"Бұл жаңа билікке ешқандай тежеу жоқтығын және оның мүшелерін таңдарда тепе-теңдік болмағанын білдіреді. Си Цзиньпин сонымен қатар үлкен Саяси Бюро мен Орталық Комитетті толық бақылауға алып отыр", – дейді АҚШ-тың Джеймстаун қоры талдау орталығының аға қызметкері Вилли Лам "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Тұрақты комитет пен одан үлкенірек, яғни 24 мүшеден тұратын Саяси бюроның құрамын таныстыру салтанаты Коммунистік партияның ХХ съезі жабылған соң бір күннен кейін өтті.

Айта кетсек, осы конгресте Си Цзиньпиннің билігін нықтайтын және оның саяси көзқарасының партияда жетекші рөл ойнайтынын бекітуге бағытталған партиялық уставқа түзетулер енгізілді.

Экономика күрт құлдырап, COVID саясатына наразылық күшейіп, Қытайдың Ресейді қолдап, Батыстан алшақтай түсуіне қарамастан, бұл тұрақты комиссияның құрамы Си Цзиньпин билігінің әзірге мызғымайтынын аңғартады. Жаңа құрамда 2012 жылы билікке келгеннен бері Қытайды бұрынғыдан да авторитарлық бағытқа бұрған Коммунистік партия революционерінің ұлы Си Цзиньпиннің айқын мұрагері байқалмады.

Осынау жағдай Ли Кэцян мен Ван Янь Орталық Комитеттен шығарылғаннан кейін бір күн өткенде белгілі болды. Бұл екеуі де бір кездері ықпалды Коммунистік Жастар Лигасымен байланыста болған. Алайда, сарапшылардың пікірінше, аталған лиганың пәрмені Си билігі кезінде әлсіреп кетті.

Си 2018 жылы президенттік үшін қойылатын екі мерзімдік шектеуді алып тастап, он жылдан артық билік етуге жол ашты. Оның мемлекет басшысы ретіндегі мерзімі наурыз айында өтетін жыл сайынғы парламент сессиясында ұзартылуы мүмкін және сол жиында келесі премьер-министрдің де есімі ресми түрде аталып қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу