Алматыға Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік теміржол қатынасын дамыту аясында ұйымдастырылған Сиань (ҚХР) – Алматы бағыты бойынша халықаралық туристік пойыз келді. Пойыз құрамында Қытайдың түрлі өңірлерінен 60-қа жуық турист келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан аумағында жолаушылар сапарын "Жолаушылар тасымалы" АҚ жасақтаған пойыз құрамында жалғастырды. Қозғалыс ыңғайлылығы үшін маршруттың ерекшеліктері мен халықаралық қатынаспен түйісуін ескеретін арнайы кесте әзірленді.
Алматыда бірнеше күн болатын туристер қаланың мәдени және туристік әлеуетімен танысып, негізгі көрікті жерлерін аралап, экскурсиялық бағдарламаға қатысады.
Туристік пойыздың Алматыдан кері жөнелтілуі 6 шілдеге жоспарланған. Бұдан кейін туристер Қорғас станциясы арқылы Қытайға қайтады.
Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағымәдени байланыстарды нығайту және туристік ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып, теміржол туризмін дамытуға және Қазақстанды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге бағытталған негізгі бастамалардың бірі болып табылады.