"Сібір" бір сілкінді

2025

Нұр-Сұлтандық "Барыс" хоккей клубы 18-ақпан күні өз алаңында Ресейдің "Сібір" командасына 1:2 есебімен ұтылды.

"Сібір" бір сілкінді

Шығыс конференциясының кестесінде "Барыс" 3-орында, ал "Сібір" 5-орында тұрған. Егер Нұр-Сұлтандағы ойында "Барыс" жеңсе, уфалық "Салават Юлаев" новосібірліктерді қуып жетіп, турнирлік кестеде олардың орынын басар еді.

"Барыс" осы кездесуге дейін қатарынан алты ойында жеңіске жетіп, тамаша бабында болатын. Ойынның алғашқы 20 минутында да, екінші кезеңде де есеп ашылмай, екі қарсылас бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Дегенмен, алғашқы 40 минут бойы басымдылық алаң қожайындарында еді. Сонымен, есеп ойынның тек 50-минутында ашылды.  Гол авторы "Сібірлік" Егор Миловзоров. Бірақ, "Барыстың" бапкерлік құрамы гол аяқпен соғылды деп, видеоқайталауды көрсетуді талап етті. Алайда төрешілер голды есепке алды.

Ойын аяқталуға 1 минут 40 секунд уақыт қалғанда "Барыс" қақпашының орынына алтыншы ойыншысын шығарып, финалдық ысқырыққа 5 секунд қалғанда Линус Виделль есепті теңестірді. Ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақыттың аяқталуына 45 секунд қалғанда Юрки Йокипакка есепті 2:1 жеткізіп, қонақтар жеңіске жетті.

"Қиын болатынын білдік. Қорғаныста жақсы ойнадық. Бізді қақпашымыз құтқарып отырды. Екінші айналымда "Барыстың" қарқынын үдететінін білгендіктен, біз оған дайын болдық. Қарсы шабуылға шығып отыруға тырыстық, - деді ойын аяқталған соң "Сібірдің" бапкері Николай Заварухин". - "Ойын соңында "Барыстың" жеңіске мүмкіндігі болды. Бірақ, қорғаныста мықты болу керек еді", - деп қоса кетті бапкер.

Осы ойында ұтылған "Барыс" 80 ұпаймен Шығыс Конференциясының кестесінде 3-орында қалды. Ал "Сібір" үш ұпай айырмашылығымен "Салават Юлаевты" артқа тастап, 5-орынға жайғасты. Енді "Барыс" 21-ақпан күні Нұр-Сұлтанда "Салават Юлаевқа" қарсы ойнайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу