Орта салмақта WBO және IBF титулдарының иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) чемпиондық атағын қорғау үшін Сидней (Австралия) қаласына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында Жәнібек қазақ боксшыларының Сиднейде атой салған жарқын сәттерін еске алды.
- Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында екі қазақ боксшысы алтын жеңіп алды. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрагимов талай қазақты шабыттандырды. Мен де солар сияқты елімнің абыройын асқақтатуды армандап өстім. Сиднейде бокстасатыныма өте қуаныштымын. Мен 2000 жылғы Олимпиада чемпиондары сияқты Сиднейде өз туымды әлемге тағы бір рет көрсеткім келеді, - деді ол.