СІМ-нің жаңа қызметі мен миссиясы анықталды

23697

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің жаңа миссиясы белгілі болды.

СІМ-нің жаңа қызметі мен миссиясы анықталды

Бұл мекеме енді отандық бизнесмендердің ең жақын серіктесіне әрі жаһандық нарықтағы жолбасшысына айналады.

Премьер Бақытжан Сағынтаевтың қол қоюына "Қазақстан үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулы енгізілді.

Бұл үкіметтік құжат елбасының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы №806 жарлығын орындау және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында шұғыл түрде қабылдануда.

Оған сәйкес, Жеңіс Қасымбек басқаратын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің инвестиция комитеті енді Бейбіт Атамқұлов тізгінін ұстаған "сыртқы істер министрлігінің инвестиция комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі" болып қайта құрылып отыр.  

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов жетекшілік ететін қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлiк және жекешелендіру комитеті "KAZAKH INVEST" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының барлық акцияларын иелену және пайдалану құқығын сыртқы істер министрлігіне беруге кірісті.

Бұл бетбұрыстар бойынша енді ел үкіметі шетелде геосаясатқа емес, ең алдымен еліміздің экономикалық мүдделерін ілгерілетуге баса көңіл бөлетін болады. Осыған орай қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының жаңа миссиясы белгіленді.

Осы орайда "Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәселелері" туралы ел үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы №1118 қаулысында бекітілген СІМ туралы ереженің 1-тармағы мынадай редакцияда қайта жазылды:

"1. ҚР Сыртқы істер министрлігі сыртқы саяси қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын және Қазақстанның дипломатиялық қызмет органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын, сондай-ақ инвестицияларды тарту бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру саласындағы Қазақстанның мемлекеттік органы болып табылады".

Ал 2-тармақ жаңа 14-ші тармақшамен толықтырылды:

"14. ҚР Сыртқы істер министрлігінің миссиясы – Қазақстанның егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және мониторингілеу бойынша іс-шараларды қамтамасыз ету" болып табылады.

Тиісінше, енді оның орталық аппаратының функциялары да кеңейді. Тарата айтсақ, ол бұдан былай "инвестициялық преференцияларды ұсынуға арналған өтiнiмге қоса берілетін инвестициялық жобаның бизнес-жоспарын жасауға қойылатын талаптарды белгілейді".

Кәсіпкерлер үшін "Инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептердің" формасын да, қазақстандық компанияға, заңды тұлғаларға инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмінің формасын да енді СІМ әзірлейді.

Бұдан бөлек ол "инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстанның заңды тұлғасымен инвестициялық келiсiмшарт жасасады". Инвестициялық келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтату туралы инвесторға хабарлама жіберумен айналысады. Бұдан басқа да бизнесмендермен, инвесторлармен қарым-қатынасының жаңа қырлары анықталуда.

Мәселен, ол үлгілік арнайы инвестициялық келісімшартты бекітеді.

Инвесторлар үшін "бір терезе" құру және оның жұмыс істеуі үшін инвесторларға немесе олардың заңды өкілдеріне мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдауға және олардың нәтижелерін беруге, сондай-ақ ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған арнайы бөлінген орындарды ұйымдастырады.

Сонымен, сыртқы істер министрлігі қазақстандық экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіруге жауапты органға айналды.

"Инвестицияларды және инновациялық технологияларды тартуға ықпал ету, шетелде қазақстандық экспортты ілгерілету – Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ең басты басымдықтарының бірі болады. СІМ "экономикалық" дипломатияны өрістетуді жалғастыруда. Бұл ретте отандық өнімдердің шетелге экспортталуы үшін жаңа өрістер ашуға, жаңа технологиялардың Қазақстанға берілуіне септесуге, шетелдік тікелей инвестицияларды тартуға баса мән берілді", – деп мәлім етті сыртқы саясат ведомствосы.

СІМ инвестициялар тартуға және өз өнімдерін өзге елдерге сатуға мүдделі отандық компаниялармен тікелей ынтымақтастық жасап жатқанын хабарлады. Осы орайда әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне екпін түсірілуде екен. Бірқатар қазақстандық компанияларға қолдау да көрсетілген. Мысал ретінде 2018 жылғы тамызда отандық кәсіпкерлерден құралған сауда-экономикалық миссияның Қазақстаннан Тәжікстанға сапарының ұйымдастырылуы тілге тиек етілді. Оның қорытындысында бизнесмендер жалпы құны 18,8 миллион доллар болатын үш келісімге қол жеткізіпті. Бұлар аясында елімізде жасалған автобустар, жиһаздар және автокөліктер тәжіктерге жеткізіледі.

Президент қойған міндеттерге сай, отандық "экономикалық" дипломатия аясында ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға септесу бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, Ұлттық банк дерегінше, 2018 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанға 12,3 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылған. Ал 2005 жылдан бастап, 2018 жыл аралығында ел экономикасына 276,7 миллиард доллар ТШИ тартылды.

Бүгінде Қазақстан өз тауарлары мен қызметтерін әлемдегі 117 елге сатып, жеткізуге. Соның ішінде еліміз уран, мыс, титан, ферроқорытпалар, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымдары секілді өнімдер бойынша әлемдегі көшбасшы экспорттаушылардың бірі саналады.

Сарапшылар отандық тауарларды ілгерілетуде еуразиялық одақ нарығы өзіне артылған үмітті ақтамағанын айтады. Бірақ бұл жеке алғанда сыртқы істер министрлігін, ал тұтас алғанда, үкіметті одан үмітті үзуге емес, осы пайдаланылмаған әлеуетті игеруге ұмтылдыруы қажет.

"2018 жылдың тоғыз айында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен арадағы тауарайналымы 14 млрд долларды құрады және бар-жоғы 8,7%-ға өсті. Оның ішінде экспортымыз 4,3 миллиард доллар болды және 12,4%-ға ғана ұлғайды. Ал ЕАЭО елдерінің бізге сатқаны 9,6 миллиард долларға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның әлемдік экспорты осы кезеңде 28,4%-ға немесе 44,5 миллиард долларға дейін артты. Ал импорт небары 23,7 млрд доллар болды. Осылайша, Қазақстанның еуразиялық одақ елдерімен саудасы өзге әлемге қарағанда әлдеқайда мардымсыз болды және тиісінше, ЕАЭО-ның еліміздің сыртқы сауда айналымындағы үлесі азайып кетті. Мәселен, 2017 жылы қазақ елінің сыртқы сауда-саттығының 23%-ы одақтың үлесіне тиесілі болса, 2018 жылы бұл 21,5%-ға дейін кеміді", – дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу